Жанкүйердің не жазығы бар?

373

0

Төрткүл дүние көз тіккен жазғы олимпиаданың аяқталуына санаулы күндер қалды. Қоржында әзір қола медальдар ғана бар. Бұл – Қазақстан үшін қанағаттанғысыз көрсеткіш. Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осы бір еліміздің торқалы тойына бес жыл бойы дайындалған спорт саласының басшылары, олардың спорт федерациялары түрлі салалық, облыстық, аудандық комитеттері мен тренерлері, осы салаға жауапты азаматтар мен мамандарының олимпиадаға жолдаманы жеңіп алған спортшылар қандай дайындықпен келгенін көрсетуде. Егер қола медалін алған азаматтар болмағанда, құр­алақан қайтуымыз да мүмкін еді.

Әдетте Ту мен Гимн Мемлекет басшысы арнайы сапармен шетелге барғанда, шетел басшысы біздің елге келгенде және дүниежүзілік, құрлықтық, спорттық сайыс­та жеңіске жеткен елдің құрметіне көтеріліп, шырқалады. Дүниежүзілік спорттық са­йыс – бұл бейбіт замандағы жан беріп, жан алысқан сайыс. Бұл – әлемге өз елін көрсетіп, таныс­тырудағы патриоттық, елжандылық, ұлтжандылық спорт майданындағы айқас. Осындай спорттық сайыстың биік тұғырына көтерілген елдің спорттағы жетістіктері сол елдің экономикадағы, мәдениеттегі, спорттағы, саясаттағы, халықаралық қатынастағы беделі мен орнын көрсетеді. Дүниежүзі халықтары ол елдің жетістігін мойындайды, ол елмен санасуға мәжбүр болады. Мысалы, АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай және т.б. елдер. Біздің спортшылар кеңестік одақ кезінде де олимпиада чемпионы мен жүлдегерлері болғаны анық. Оны былай қойғанда, өткен ­Рио-До-Жанейродағы олимпиададағы жетістігімізге жете алмай, кері кетудеміз. Мұның басты себебі «Жауырды жаба тоқуымызда». Санаулы дүниежүзілік, құрлықтық елдің ішкі жарыстарында жүлделі орын алып жүрген ат төбеліндей спортшыларға арқа сүйеп, спорттың бұқаралығын халық арасында насихаттаудың пәрменсіздігі деп білемін. Біз сонау өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, кеңес одағының спорт сайысындағы майталман тұлғаларына жанкүйер болғанбыз. Атап айт­­қанда, қақпашы Яшин, футболшы Стрельцов, Метревели, Ломоновский, Сегізбаев, палуандар Иваницкий, Бұғыбаев, жеңіл атлетикадан Әмин Тұяқов, боксшы Нұрмаханов, Ричардас Тамулис, тағысы тағы.

Осы мақаланы жазып отыр­ғанымда 1980 жылы жазда Мәскеуде олимпиаданың қалай өткендігі есіме түсті. Сондағы олимпиада символы «Мишканың» қоштасудағы спортшыларды қалай жылатқаны, оған қоса біздердің жылағанымыз ойыма түсті. Спорт – бейбітшілік әлемі. Халықтар достығын насихаттайтын алтын тін. Бұл күндері біздер – егеменді елміз. Спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында ел қазынасынан күрделі қаржы бөлініп, спорттық кешендер мен нысандар салынып, саланың материалдық-техникалық базасы нығаю­да. Спортшылардың тұрмыс­тық-әлеуметтік жағдайлары, оларды қаржылай қолдау жылдан-жылға жақсарып келеді. Шетелдердегі сайысқа қатысуға және оқу жаттығу өткізуге ешқандай кедергі жоқ. Бәрі де мемлекет тарапынан шешілген. Осындай қамқорлық бола тұра, біздің үкілеген спорт саласының басшылары мен қосшылары, спортшылары көрсетілген сенімді ақтай алмай келеді. Спорт саласының мамандары мен басшылары, тренерлері «арық сөйлеп, семіз шығудың» орнына көрегенділік жасап, «пәлен алтын, түген күміс, қола аламыз» деп жанкүйерлерді алдарқатып келеді. «Ұра алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дегендей, неге біздер Рим олимпиадасының жүз метр қашықтығын бағындырған Әмин Тұяқовтың ізбасарларын дайындамасқа?! Спорттың бұл жеңіл атлетика түрінен біздерде мүмкіншілік мол.

Көп қаржыны талап етпейтін диска, балға, найза лақтыру, садақ ату, суда жүзу, биіктіктен секіру ұлтымызға тән спортты неге дамытпаймыз? Францияда жыл сайын өтетін велоспорт Тур-де-Франс вело­жарысына «Астана» деген сары жейдені кигізіп, шетелдік велоспортшыларды жарысқа қосамыз. Оларды ұстау үшін қомақты қаржы бөлінеді. Осындай спорт түрлері бізде жеткілікті. Неге оны өзіміздің жоғарыда айтқандай, ұлттық спортымызды дамытуға жұмсамаймыз. Қорыта айтқанда, жеңіске идео­логиялық, психологиялық, патриоттық  тұрғыда дайын болмағанымызды көрсетеді. Дзюдошылар Галбадрах Отгонцецэг, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза, Ислам Бозбаев, боксшылар Серік Теміржанов, Абылайхан Жүсіпов, Бекзат Нұрдаулетов, Василий Левит жарыстың алғашқы күндері қатардан шығып қалды. Олардың қарсыласпен кездескенде көздерінде жеңіске деген сенімді байқай алмадық. Грек-рим  күресінің палуандары сол күні түгелдей жеңіліс тапты. Олардың көбісі қарсыластарына бірде-бір айла-тәсіл қолдана алмады. Айта берсең олимпиадалық сайыс­тың басқа түрінде де осындай жағдай орын алды. Мен жас кезімде футбол, бокспен шұғылданған, әскерде суда жүзуден дивизияның біріншілігіне қатысып, жүлделі орын алған азаматпын. Спорт мен үшін бәрінен де қымбат. Әскерде орыс жолдастарым бұл жүзуді құмның арасында жүріп, қалай үйренгенсің деп әзілдейтін. Мен оларға Сырдария өзенінің жағасында тудым, сол жерде тұрдым. Бәрін сол жерде үйрендім дейтінмін. Бүгінгі спорт оның қандай түрі болмасын, жиырмасыншы ғасырдың спорты емес. Заманына қарай адамы дегендей, уақыт көрсеткендей әдіс-айла шапшаңдық қатар жүріп, жеңіске жетемін, менім артымда қара ормандай халқым бар деген ой мидан шықпау керек. Қазір күштілік «силовой» бокс, күрес, дзюдо, таэквандо, тағы басқа спорт шапшаңдық пен жылдамдықты қажет етеді. Әр спорттың өзіндік классикалық талаптарын орындамау кейде етек алып барады. Бұлар Латын Америкасы, Шығыс Азия, Африка спортшыларына тән. Оны елеп, бағалап жатқан ешкім жоқ. Қысқасы, бұл Олимпиада оң-солымызды мықтап тұрып елекке салу қажет екенін көрсетіп берді.

Рысбай Кәрімов,

зейнеткер, еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<