«Айманның» айран-сүтін-ай!

363

0

Қармақшының Дүр Оңғар ауылының жас кәсіпкері Дархан Айманов «Айман» шағын сүт цехын ашқан. Онда 5 түрлі сүт өнімін шығарады. Айран, ірімшік, кілегей, құрт, тіпті балмұздақ та бар. Жергілікті өнімге деген сұраныс та жоғары. Цех заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда тәулігіне 100 литр сүт өңдеуден өтеді. Мемлекеттің қолдауын тиімді пайдалана білген кәсіпкер болашақта өнім көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

– Бұл кәсіпті бастауыма түрткі болған – әкем. 2018 жылы оқу бітірген соң, ауылда екі жылдай жұмыссыз жүрдім. Арада пандемия басталып кетті. Бос жатқаннан пайда жоқ. Содан әкем ауданда мұндай кәсіпті ешкім қолға ала қоймағанын айтып, сүт цехын ашуды ұсынды. Бірінші жұмысты мал басын көбейтуден бастадым. Ол үшін «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы арқылы 3 млн теңге несие алдым. Қайта орайы келіп, оны уақытынан бұрын өтедім. Содан соң сүт цехын ашу үшін өңірлік инвестиция орталығынан тағы да 10 млн теңге несие алдым. Оған Ресейдің Екатеринбург қаласынан сыйымдылығы 500 литр сүт өңдейтін 2 құрылғы алдырып, іске қостым. Алда өнім көлемін арттыратын тағы 1 құрылғы алуды жоспарлап отырмын, – дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде Жосалы, Төретам кенті мен жақын жатқан ауылдарды сүт өнімімен қамтамасыз еткен цех жаз айларында 250-300 литрге дейін өнім өндіреді. Сол аралықта құймалы балмұздақтың да саудасы жүреді екен. Мұнда 1 литр айран 400 теңге, ал кілегей 650-700 теңгеден саудаланады. Шығын көлемі көбірек болғандықтан, өнім нарық бағасынан сәл де болса қымбатырақ. Өйткені өнім қорабы мен жапсырмасына 65 теңге кетеді екен.

Айтпақшы, цех шағын төрт бөлмеден тұрады. Сүт өңдейтін бөлме, ыдыс-аяқ жуатын орын, ағарғанды сақтайтын салқын бөлме және демалыс орны бар. Санитарлық талап қатаң сақталған. Кәсіпкер осында бір адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Сүт өндірудің пайдалы шаруа екендігін аңғарған соң уақытты созбай былтыр Қазалыдағы «РЗА» ЖШС-дан сүт бағытындағы 2 сиыр сатып алдым. Содан бері өнім көлемі артып, сапасы да жақсара бастады. Жергілікті сиыр күніне 5-6 литр сүт берсе, ал кейінгі асылтұқымды сиырдың әрқайсысынан 10 литрден көп сүт алуға болады. Бұған дейін өнімді қорамыздағы қарапайым 25 сиырдан алып келдім. Кейде шикізатты ауылдағы «Жаңажол» серіктестігіне қарасты шаруашылықтан нарықтағы бағамен сатып аламын. Сөйтіп үйдегі сиырлардың сүтін қосамын. Цехта жұмыс таң атысымен басталады. Жиналған сүтті өңдеп, өнімімізді жасаймыз. Құрылғылар тоқты көп қажет ететіндіктен, қуат таусылмай тұрып, барынша тез бітіріп алуға тырысамыз. Себебі ауылда жұмыс қызғанда жарықтың күші төмендеп кетеді. Әуелгіде тілін түсінбей, біршама қиындық туындады. Сүттің дәмін ойдағыдай келтіре алмаған да күндер болды. Ал қазір бәрі орнына келді, – деді ол.

Кәсіп иесінің айтуынша, оған отбасы көмек көрсетеді. Әкесі Төлеу малдың жағдайын жасаса, анасы Зада күнделікті сиырын сауысады. Ал ағасы сүт өнімдерін дүкендерге жеткізіп жәрдемдеседі.

– Бұл кәсіпті ашуды бірнеше жыл жоспарладық. Сүт цехын ұлым атасының есімімен атауды жөн деп тапты. Ал енді өнімге келсек, сұраныс бар. Облысқа құрт жіберсек, аудан мен ауыл дүкендеріне айран, ірімшік, кілегей таратамыз. Кейде үйге дейін іздеп келетіндер бар. Балмұздақ көбіне ауыл ішінде саудаланады, – дейді кәсіпкердің анасы.

Иә, бұл сүт цехының өзге сүт зауыттарынан ерекшелігі – ешқандай қоспасыз, жүз пайыз табиғи сүт өнімдерін өндіреді. Кәсіпкердің мақсаты белгілі – кәсібін кеңейту. Дархан Төлеуұлы алда кәсіпке қолдау білдіретін бағдарламаларға қатысып, тағы құрылғылар алып, қаймақ, йогурт шығаруды жоспарлап отыр.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<