Ауылдағы алма бағы

397

0

Жаңақорған ауданының «Қыраш» ауылында биыл егілген алма бағындағы жеміс ағаштары қазірдің өзінде бойын тіктеп үлгерді. Қазақтың «Қарекет етсең, қара жер құр қалдырмайды» деген тәмсілі тегін айтылмаса керек-ті. Қарт қаратаудың қойнауында жатқан мекен қашаннан да төрт түліктің бабын жасайтын құтты қоныс екенін білеміз. Жерге еңкейген егінші де мол өнім алып, табыстан тау тұрғызды. Бастауын таудан алатын «Қайнарбұлақ» жергілікті жұрттың несібесін табуына септігін тигізіп тұр.

Елге белгілі азамат Алмас Нәлібаев қолға алған игілікті іс енді екі-үш жылдың бедерінде алғашқы өнімін беріп қалады. 

– Әуелгіде «істің жағдайы қалай болар екен» деген ой болды. Тәуекелге бел буып, алма бағын өсіруді қолға алдық. Осы мақсатта Түркиядан тәжірибелі маман шақырдық. Өздеріңіз білесіздер, түрік бауырларымыз бұл жөнінен әлемде алдыңғы қатарда келеді. Сол елдің «Голден» деген сортын таңдап алдық. Бойы 2-3 метрден аспайды екен. Өнімділігі жоғары деген сипаттамасы бар. Әзірге ештеңе айта алмаймыз. Алма ағаштары жерсініп кетеді деген ойымыз бар. Енді 2-3 жылда алғашқы өнім жиналмақ. Қалғаны сол уақытта белгілі болады, – деді Алмас ағамыз бізбен әңгімесінде.

Әлемде алма өндірісі жөнінен Аргентина, Бразилия, Қытай секілді мемлекеттер алдыңғы орындарда тұр. Елімізде Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында бұл мақсаттағы арнайы шаруашылықтар жұмыс істейді. Облысымызда қазірге дейін Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында алма бағы егіліп, жергілікті тұрғындар алғашқы өнімдерді тұтына бастады.

– Жалпы, бұл Сыр өңірі үшін тың кәсіп емес. Ілгеріде әрбір күріш шаруашылығының жанында алма бағы болатын. Өкініштісі, кейіннен олардың көбісі күтімсіз қалды. Соның салдарынан оны сырттан тасымалдауға мәжбүр болдық. Енді-енді қайтадан сол кәсіпке мойын бұра бастағанымыз қуантады, – деді Алмас ағамыз әңгімесін өрбітіп.

А.Нәлібаевтың айтуынша, алма бағына 75 мыңнан астам түп көшет егілген. Жалпы аумағы 30 гектарды құрайды. Оған тамшылатып суару әдісі қолданылады. Сол аумаққа 6 шақырымға жуық электр желісі тартылды.

Жергілікті мамандар Сыр өңірінде жеміс-жидек шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар екенін айтады. Ендігі кезекте сол бағытта нәтижелі жұмыс жасау негізгі міндеттің біріне айналып отыр.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<