«ASHYQ»: Қауіпке қалқан бола ма?

1115

0

Жыл бұрын пандемия деп жарияланған індет біз ойлағаннан да ұзаққа созылуда. Бірде бәсеңдеп, бірде өршіген коронавирус көңілдегі күдікті сейілтпей тұр. Жұрттың ойы – вирус жұқтырып алмауда. Ниет дұрыс, дегенмен нақты қадам да керек. Індет күшейгенде «тезірек вакцина табылса екен» деп едік, «екпе егу басталды» дегенде сенімсіздік те бас көтерді. Сан сауалдың болуы орынды. Қазір COVID – 19-дың бетін қайтарудың екі амалы бары жиі айтылуда. Бірі – екпе егу, екіншісі – жаппай локдаун жариялау. Бірақ екіншісінің қолайсыздығы, жұмыс орындарындағы өзгерістер, оқшаулану, кәсіпкерлік нысандарының жабылуы адамдар тіршілігіне де, экономикаға да тиімсіз екені бірден байқалды.

Әлем қауіпсіздікті күшейтудің жолын ғылым мен цифрлы  технологиядан іздеуде. Бұған қатысты елімізде де жаңалық бар. Қаңтарда үш қаланың кәсіпкерлік нысандарына пилоттық режимде енгізілген «Ashyq» жобасы Сыр елінде де іске қосылды.

«Ashyq»  коронавирустан қалай қорғайды?

Жобаның мақсаты – кәсіпкерлік нысандарында коронавирустың таралуына жол бермеу, қауіптің алдын алу.  Қарапайым түрде айтсақ, бұрын орталыққа кірер алдында тек дене қызуымызды өлшеп, антисептикпен қарсы алса, енді арнайы QR код арқылы ковид-статусымызды анықтайды. Ол үшін кәсіпкер «Ashyq» жобасына қосылған болуы керек. QR код тек бизнес субъектісіне беріледі. Ал келуші өзінің телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп алғаны дұрыс. Сонда қосымшаның көмегімен телефон нөмірі бойынша авторизациядан өтіп, ЖСН дерегін теріп, өзінің бұл орталыққа келгенін растау үшін нысанның QR кодын сканерлейді. Бар болғаны 2-3 минуттық жұмыс. Сканерлеген соң, телефон экранына нәтиже шығады, оны әкімшіге көрсетесіз.

Келуші ПТР тест тапсырып, вирус анықталған болса, мобильдік қосымшада  қызыл түс, егер науқас адаммен байланыста болған болса, сары түс көрінеді. Мұндайда орталыққа кіре алмайсыз.  Ал, егер сізде індет белгісі болмаса, базада ПТР тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен болса, жасыл түс жанады. Ал көк түс шықса, бұл статусқа ПТР міндетті болып саналатын орындардан (мысалы әуежай) басқа жерлерде жүріп-тұруға шектеу қарастырылмаған. Демек, телефоныңыздағы қосымша жасыл немесе көк түсті көрсетсе, әкімші дене қызуыңызды тексеріп, нысанға кіруге рұқсат береді.

Егер клиенттің қолында смартфон болмаса немесе қосымшаны жүктеу қиындық туғызса ше? Мұндайда қызметкер келушінің ЖСН-і арқылы нысанға кіргенін тіркеп алады.

Осы орайда, «қосымша статусты қалай белгілейді?» деген сұрақ туындайтыны рас. Мәліметке сүйенсек, cтатусты ақпараттық жүйелермен сәйкестендіру негізінде ПТР зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы және Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 басқару орталығы береді.

Ең бастысы, бұл қосымша – отандық өнім. «Ashyq» мобильді қосымшасын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш  өнеркәсібі министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен отандық ІТ компания жасаған.

Ковид-статус қай нысандарға барғанда керек?

Осы айда облыста алғашқы кәсіпкерлік нысан жобаға тест­тік режимде қосылды. 13 сәуірде облыстың Бас сани­тарлық дәрігері шығарған қау­лыда «Ashyq» жобасы аясында компьютерлік клубтар мен боулингтерге жұмыс іс­теуге мүмкіндік берілді. Айта кету керек, пандемия салда­рынан еркін жұмыс істей ал­маған кәсіпкерлік салалары­нан басқа, өткен жылдың нау­­рызында жабылғаннан ке­йін іске қосылмаған бизнес ор­та­лықтары да бар. Соның бірі ком­пьютерлік клубтар еді. Сон­дық­тан ұсынысты алғашқы болып қабылдаған кәсіпкердің бірі – Жасұлан Әбуов.

Кәсіпкер басқаратын «IGame» компьютерлік клубына барып, мо­бильді қосымша арқылы статус анықтап көрдік. Жасұлан Әбуов­тың айтуынша, карантин жұмысқа едәуір шығын әкелген. Өткен жылы енгізілген төтенше жағдайдан соң 15 адамды жұмыспен қамтып отырған клуб қызметін тоқтатқан. Ғимараттың иесі 2 ай жалдау ақы­сынан босат­қанымен, кейін кәсіпкер ғи­мараттың ақысымен бірге кей­бір қызметкерлердің де жал­ақысын төлеп келген. Ша­ма­мен 8 млн теңгедей шы­ғынға ұшыраған. «Ashyq» жобасына қо­сыл­ғаннан кейін ғана бір жылдан астам уақыт жа­бық тұрған клубтың жұмысы қайта жанданды.

Облыста мұнан өзге 6 кә­сіпкерлік субъектісі жоба бо­йынша тесттік режимде қыз­метін бастады. Олардың үшеуі компьютерлік клуб болса, қал­ғандары – «Жібек жолы» кинотеатры, балалар бас­сейні және боулинг орталығы.

Енді боулинг, компьютерлік клуб­тар «Ashyq» жобасына қо­сыл­ған болса ғана келу­ші­лерге есік аша алады.

– Кәсіпкерлердің жобаға де­­ген қызығушылығы жоғары. Се­бе­бі кей кәсіпкерлік субъек­тілері эпидахуал күрде­ле­ніп, өңір «қызыл ай­маққа» түс­кен жағдайда да жұ­мысының тоқ­та­мағанын қа­лайды. «Ashyq» жо­ба­сының не­гізгі мақсаты да осы – кәсіп­керлерге кедергісіз жұмыс жасауға мүмкіндік беру, – дей­ді облыстық кәсіпкерлер па­лата­сының директоры Ғалым­бек Жақсылықов.

Медициналық дерек құпия сақтала ма?

Жоба туралы естігендердің көпшілігі бұл адам құқығына қол сұғу болып саналмай ма, «ПТР тесттің нәтижесі, вирус жұқтыру туралы ақпарат дәрігерлік құпия емес пе?» деген сауал қояды. Палатаның сайтын қарағанымызда бұл сұраққа «Жоқ, өйткені қосым­ша ерікті саналады, ЖСН де­регі келушінің келісімімен ен­гі­зіледі. Бұдан бөлек, Ден­саулық туралы кодекстің 273-бабына сәйкес «құпия мәліметтерді адамның ке­лісімінсіз беру айналада­ғы­ларға қауіп төндіретін ау­ру­лардың та­ралу қатері кезінде рұқсат еті­ле­ді» деп жазылған. Ал, «Атаме­кен» облыстық кә­сіп­керлер па­ла­та­сының са­рап­шысы Гүлнұр Құр­ман­таева­мен сөйлескенімізде, ме­­дици­на­лық мәліметтер сыртқа тара­тыл­­майтынын айтты.

Кәсіпкер  не үшін шығарылуы мүмкін?

Жобамен танысқасын, егер кәсіпкер өз мүддесі үшін ке­лушінің статусын QR-код­пен тексермей-ақ нысанға кір­гізуі мүмкін ғой деген ой келді. Қадағалау кімнің мін­деті? Палатаның сарапшысы бұл орайда жобаға қа­ты­сушы кәсіпкерлік нысан­дарды мониторингтік топ тек­серіп отыратынын атап өтті. Мониторингтік топ жо­баға қа­тысуға қойылатын та­лап­­тардың бұзылу фактісін анық­таған жағдайда және нысан келушілерді 3 күннен астам уақыт тексермесе, кәсіпкер жобадан шығарылады. Бұл ретте олардың жұмысы да тоқтайды.

Көк статус нені білдіреді?

«Ashyq»-қа қатысты мынадай да пікірлер бар. Егер осы уақытқа дейін ПТР тест тапсырмасаңыз, базада бол­масаңыз, QR кодты ска­нер­легеніңізден кейін көк статус шығады. Демек, орталыққа кі­ре аласыз. Бірақ адам өзі де білмеуі мүмкін. Бойында ви­рустың жасырын белгілері болса ше? Көк түс жанғанымен, келуші сол уақытта ауырып тұрған болса деген ойымызды маманға айттық. Ол жа­уапты қызметкер келушінің де­не қызуын да өлшейтінін ал­ға тартты. Сондай-ақ, бұл мобильді қосымша бақылау­дың бір түрі ғана екенін жет­кізді.

Антонина Масленникова есім­ді тұрғын да «Бүгін ПТР тест тап­сырдым, нәтижесі жақ­сы, ал ертеңіне ауырып қалдым. Бірақ «Ашық» қосым­шасында маған жасыл статус беріледі. Бұл қалай болғаны? Әлде белгілі бір кезеңде тест тапсыру керек пе?» деген пікір қалдырыпты.

Қосымшаға қатысты осындай екіұдай пікірлер де бар.

Басқа елдерде бар ма?

Шет мемлекеттер де мұн­дайда қамсыз отырмайтыны белгілі. Біздегі қосымшаның басқа елде аналогы бар ма деп іздеп көрген едік. Бүгінде QR код қолдану практикасы Оңтүстік Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең қолданыста. Балама құралдар басқа елдерде де қолданылуда.

Уикипидия дерегінше, ін­дет басталысымен вирустың та­ра­луын төмендету үшін шет елдер түрлі ресми мо­бильді қосымшаларды іске қо­са бастаған. Олар негізінен ауру ошақтарын анықтауға кө­мектеседі. Айталық, Австралия өткен жылдың сәуір айынан бас­тап COVIDSafe қосымшасын іс­ке қосты. Сол сияқты Бахрейн­де – BeAware Bahrain, Колум­бияда – CoronApp, Син­гапурде – TraceTogether, Нор­­вегияда Smittestopp  қосым­шалары пайдаланыла бастады.

Не десек те, бұл қосым­шалар – қауіпсіздікті күшейтудің бір тәсілі. Отандық өнім де көрінбейтін жау­мен күресте көмек берері анық, дегенмен, жетілдірер тұстары бар секілді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<