Асыраушы сала ақсаған жоқ

601

0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялағалы бір жылдан астам уақыт өтті. Ол адамзат өмірін түбегейлі өзгертіп, басқаны айтпағанда, экономикаға зіл батпан салмақ түсірді. Бірақ әлемді әбігерге салған індет кезінде де ісінде іркіліс болмаған сала ретінде ауыл шаруашылығын ауыз толтырып айтар едік.

Елде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеу қойылған тұста отандық диқандар 20 млн тоннадан астам сапалы астық жинады. Өйткені дала еңбеккерлері техниканы ерте бастан майлап, тұқым мен тыңайтқышты сайлап қойған еді. Бұл көктемгі егін және егін жинау жұмысын сапалы жүргізуге мүмкіндік берді. Бұрын-соңды болмаған пандемия жағдайында сырбойылық шаруалар да сыр берген жоқ. Оның үстіне, су тапшылығы бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Соған қарамастан, 89,5 мың гектар жерге егілген күріштің әр гектарынан 61,8 центнерден өнім алды. Ел қамбасын 551,3 мың тоннаға толтырып, рекордтық көрсеткішті тағы жаңартты.

Кезекті күріш егу науқанын жергілікті диқандар бүгін-ертең бастайды. Оның көлемін 84,4 мың гектарға қысқартуға тура келді. Өйткені мамандар биыл да су аз болатынын айтып отыр. 18 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, Сырдария өзенінің ағысын рет­тейтін «Нарын-Сырдария» бас­­сейндік су қоймаларына 18,6 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,1 млрд текше метрге кем.

Күріштік көлемінің кемітілген орнына суды аз керек ететін да­­қыл­дар еккен ыңғайлы. Бір жа­ғынан мұны егіс алаңын әр­тарап­тандыру туралы Елбасы тап­сырмасының жалғасы десек, артық емес. Осы орайда импорт­тық өнімді алмастыратын, жоғары тиімділікке ие майлы, мал азығы түріндегі, бақшалық дақылдарға баса назар аударылып келеді.

– Биыл соя дақылын – 98, қант құмайын – 40, жеміс-жидек пен жүзімді 66 гектарға егу жоспарланды. Бұған дейінгі барлық жеміс-жидек көлемі – 446,7 гектар. Сонымен қатар, су үнемдеу тех­нологиясын қолдануға көбірек көңіл бөліп отырмыз, – дейді об­лыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Аграрлық саланың ел басына түскен қиындықты еңсеруіне мемлекет қолдауы зор ықпал етті. Президент тапсырмасына сәйкес қазақстандық фермерлер былтыр дизель отынын жеңілдетілген бағамен алды. Ақпан-қараша ай­лары аралығында көктемгі егін және күзгі жиын-терім үшін 792 мың тонна дизель оты­ны жұмсалды. Энергетика ми­нистр­лігімен келісім бойынша қамбаға түскен астықты кептіруге 47 мың тонна дизель отыны қосымша жеткізілді. Қолдау шаралары алажаздай атыз жағалап, тер төккен ағайынның астықты жауын-шашынға қалдырмай жинап алуына жәрдемдесті.

– Биыл 12,8 мың тонна ар­зан­датылған дизель отыны бө­лінді. Оның 7,7 мың тоннасы мұ­най өңдеу зауытынан тиеліп, литрі 164 теңгеден шаруа­шы­лықтарға таратылуда. Мемлекет қол­­дауының ар­қа­сында машина-трактор паркі тұ­­­рақты жаңару үстінде. Шаруа­шылық құрылымдары биыл «Қаз­АгроҚаржы» компаниясы арқылы жос­парлы 115 техни­каның күні бү­гінге дейін 17-сін лизинг ар­қылы алды, – дейді басқарма басшысы.

Меже бойынша көктемгі дала және егін егу жұмысына 13,3 млрд теңге керек. Бүгінде со­ның 10 млрд теңгеден астамы қолда. Онда «Аграрлық несие кор­порациясы», «Агрохолдинг Қы­зыл­орда» ұйымдарының, шаруа­шы­лықтар мен инвесторлардың үлесі бар.

Иә, карантиндік шектеу кү­шей­­тілген уақытта елдер мен өңір­­лер арасында барыс-келіс ты­йылып, қозғалыстың баяулауы асыраушы сала қызметіне әсер етпей қоймады. Дегенмен, ха­лықты азық-түлікпен қам­та­­масыз етудің маңыздылығы бі­рін­ші орынға шығып, бертін келе жағдай реттелді. Ал ауыл шаруашылығы ақсаса, халықтың тұрмысы тұралайтыны анық.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз