Қазақстанның жаһандық бастамалардағы рөлі

795

0

«Қазақстан» деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін осы жерде туған және осы өлкеде өскен әрбір азаматтың сергек сезінуі парыз. Бұл сөз біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамды бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі біздің ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Білектің күшімен, найзаның ұшымен ата-бабамыздың жанқиярлық ерліктерінің арқасында елімізде азаттықтың ақ таңы атты. Жаңа Тәуелсіздік заманында өз халқымыздың тарихын өзіміз жазып, жаңа егемен елдің алтын ғасырын бастадық. Тарихы тереңнен өрбіген қазақтың жаңа заманда бағындырған асқар шыңы, биік белесі көп. Бұл қайсар рухты халық үшін үлкен жетістік, құнды байлық болып табылады. Өйткені, тек бейбітшілікті ту еткен тәуелсіз мемлекет егемендік жылдарында барлық мемлекетпен ынтымақтастықта болып, бірлікті ғана бастама етіп келеді. Соның аясында әлемдік аренада айқын орны бар Қазақстан жаһандық бастамаларды жүзеге асыруда.
Егемен ел болып тарих сахнасына шыққан уақытта Қазақстанның болашағына күмәнмен қарағандар көп болды. Себебі, еркіндікке қолы енді жеткен елдің жағдайы төмен еді. Бодандықтан босаған ел есін енді ғана жиып, шекарамыз да бекімеген еді. Сөйтіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген» дана халқымыз дамудың даңғыл жолына түсіп, береке мен бірлікті ту етуді мақсат етті. Асыл арман, ұлы мұраттар шындыққа айнала бастады. Ең алдымен көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаев ұлт алдында ант беріп, республикамыздың дамуы жолында көп тер төкті. Ұлттық құндылығымыздың кепілі ретінде шекараны бекітті, ұлттық валюта айналымға енді. Мемлекеттік тіл мәртебесі асқақтап, рәміздеріміз анықталды, айбынды Ата Заңымыз қабылданды. Елбасымыз жыл сайын өз халқына жолдауларын жолдап, жаңа стратегиялық бағдарламаларды қабылдады. Қазақстан-2030 стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, еліміз дамыған 50 елдің қатарына енді. Әлеуметтік және экономикалық жағдаймыз жетіліп, артта қалған білім, ғылым, мәдениет пен өнер биік деңгейге көтерілді.Осыдан кейін бәсекеге барынша қабілетті ел болу жолында Елбасымыз Қазақстан-2050 стратегиялық бағдарламасын ұсынды. Бұндағы басты мақсат-дамыған 30 елдің қатарында болу. Осындай ірі-ірі стратегияларды жүзеге асырып жатқан Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен терезесі тең елге айналды. Бұл ел сенім артқан Ердің бүгінгі жеткен жетістігі. Көшбасшымыз үздіктер қатарына қосылу үшін Ұлт жоспары «100 нақты қадамды» белгілеп берді. Айқын мақсат жас мемлекетті аз уақытта алыптар қатарынан көрсетті. «100 нақты қадамды» жасау арқылы еліміздің болашағының нұрлы екеніне еш шүбәсіз сене аламыз.
Сонымен қатар Қазақстан тек өзінің ғана дамуына емес, ғаламның жаңғыруына да өз үлесін қосуда. Оның айқын дәлелі «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі Қазақстанның дүниежүзіне,ғаламдық бастамаларға қосқан үлесі. Бұл көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп еліміздің кешегі мен бүгініне куә болды, таңғалды. Жалпы айтқанда, «ЭКСПО-2017» Қазақстанды бүкіл әлемге паш етті, егемен еліміз жаһанды тағы бір мәрте дүр сілкіндірді. Қазір қазақстандықтардың тұрмысы бақуатты, экономикалық дамуы жаңарған, жаңғырған. Татулығымыз тұрақты, бірлігіміз бекем, алға қарай нық сеніммен қадам жасаймыз. Ендігі кезекте әр Қазақстан Республикасының азаматы не істеу керек? Ең алдымен аа-бабамыз аманат еткен ел Тәуелсіздігін сақтау. Тәуелсіздік – бұл бүгінгі өмір ғана емес,ертеңгі өміріміз – Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары.Ендігі жерде біз аз уақытта әлем аренасында беделді мемлекеттің егемендігін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, «Мәңгілік ел» етуіміз қажет. Ол үшін осы уақытқа дейін жұдырықтай жұмылсақ, сын-қатерлер кезеңінде де ауызбірлігімізден айырылмау – басты міндет. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу-біздің буынның басты бағыты болуы тиіс.
Қанжарбаева Айгерім.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің Филология, тарих және құқық факультетінің 1 курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<