Баға: Көңіл де, кәрзеңке де толмай тұр

566

0

Базардағы баға бұрынғыдай емес. Ай сайын, кейде апта өткізіп құны қымбаттаған азық-түліктің көш басында күнбағыс майы, қарақұмық, картоп, қырыққабат, жұмыртқа мен макарон тұр. Саудада нағыз сұранысқа ие өнімдер. Бұл жағдай халықтың көңілін де, кәрзеңкесін де толтырмайтыны белгілі. Сейсенбіде ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен пресс-тур өтіп, «азық-түлік не үшін қымбаттады, бағаны тұрақтандыру жұмыстары қалай жүргізілуде?» деген сауалдардың жауабын біліп қайттық.

Баға неге көтерілді?

Жыл басында ел-жұрт жұмыртқа бағасының аспандап, 10 данасының кей жерлерде неге 600 теңгеге жеткенін түсінбей қалды. Басты себеп – құс тұмауынан құс басының азаюы, жүк тасымалдау қызметі, мал азығы мен дәрі-дәрмектердің қымбаттауы. Ал күнбағыс майы мен қант бағасының жоғарылауына шикізат көлемінің аздығы, импорттық шикізаттың қымбат бағада келуі әсер етуде. Қарқұмық жармасы солтүстік өңірлерде өнім төмен болуынан, көршілес Ресейде дақылдың бітік шықпауынан қымбаттаған. Ал, картоп пен қырыққабат, сәбіздің бағасы маусымаралық кезеңге және өткен жылғы қордың азаюына байланысты көтерілуде. Макаронға келгенде де, астық өндіруші өңірлерге тәуелдіміз. Баға сондықтан да құбылмалы.

Арзан азық-түлікті қайдан алуға болады?

Қымбатшылық келгенде, тұрғындарды осы сұрақ ойландырады. Сондықтан қазір бағаны тұрақтандыру шаралары жедел түрде жүргізілуде. Пресс-турда алдымен Торай­ғыров пен Қорқыт ата кө­шелерінің қиылысындағы әлеу­меттік дүкенді бетке ал­дық. Көзіміз бірден тақтай­шадағы бағаға түсті. Мұнда нан – 55, күнбағыс майының литрі – 552, 1 келі картоп – 135, пияз – 60, сәбіз – 70, жұ­мыртқа – 40 теңгеден еке­ні көрсетілген. Нарықтағы баға­ның қандай екені белгілі.  Өсім­дік майының литрін – 650-700, картоптың құнын 180-190 теңгеден алып жүр­гендіктен, мына бағалар әлде­қайда арзан көрінді.

Айта кету керек, қаланың әр аумағында мұндай 29 әлеу­меттік дүкен орналасқан. Халыққа аса қажетті өнімдер нарық бағасынан төмен бағада осы дүкендерде, әлеуметтік маркетте және «Мирас», «Аль-Асад», «Ажар», «Анвар», «Қы­зылорда Оптомаркеттегі» әлеуметтік бұрыштарда сатылуда. Әлеуметтік дүкенге барғанда ескеретін жайт бар. Ол – өнімнің шекті мөлшерде берілуі. Мұнда 1 адам картопты 3 келіден, қантты 2 ке­ліден, күнбағыс майын 1 литрден, жұмыртқаны 10 данадан артық ала алмайды. Бұл – тұтынушының азық-түлікті осы жерден мол етіп алып, басқаларға сатпауы үшін жасалған меже.   

Әлеуметтік дүкенге жап­сар­лас орналасқан «KZOЕт» дүкенінде де баға тұрақтан­дырылған. Мұнда сиыр еті – 1600, жылқы еті 2100 тең­геден сатылуда. Айта кету керек, аталған сауда орын­дарындағы әлеуметтік бұ­рыштар және дүкендердегі әлеу­меттік маңызы бар өнім­дердің бағасын «Байқоңыр» ӘКҚ» АҚ  бекітеді.

Бағаны білдік, бірақ өнім­нің сапасы да маңызды. Азық-түлік алуға келген тұрғын Айгүл Мұхаевамен тілдескен едік, ол баға мен сапа үйлесім тапқандықтан осы дүкенге тұрақты келетінін айтты. Жауапты мамандар да бұл талап үнемі бақылауда екенін жеткізді.

Мұнан кейін «Аль-Асад» супермаркетін араладық. Әлеу­меттік бұрышта еттен бө­лек, 18 түрлі өнім нарық бағасынан төмен бағада сау­даға шығарылуда. Біз барған үшінші сауда орны «Ажарда» да арнайы сөре дайындалған, ондағы өнімдер бағасы әлеу­меттік дүкенмен бірдей екенін байқадық.

Бақылау босаңсымайды

Нақты мәліметтерге келсек, баға тұрақтылығын қам­тамасыз ету мақсатында об­лыстық бюджеттен былтыр 1234,5 млн теңге бөлінді. Қазір тұрақтандыру қорында 1433, 9 тонна өнім сақталып, сатылуда. Сонымен қатар, айналым схемасы бойынша жұмыстар жүргізіліп, 4 кәсіпкерлік су­бъектісіне 500 млн теңге бө­лінді. Тұрақтандыру қоры жә­не заем берілген 4 кәсіп­керлік субъектісі арқылы алы­нып жатқан өнімдер қала­дағы әлеуметтік дүкендер, әлеу­меттік маркет, супер мар­кет­тердегі арнайы әлеуметтік бұрыштарда сатылуда.

Басқарманың бөлім басшысы Ерхан Ағыбаев шекті баға енгізілген өнімдер және әлеуметтік маңызы бар та­уар­лардың бағасын тұрақ­тан­дыру жөнінде шаралар кеше­нінің жол картасы әзірлен­генін айтты.

Жуырда С1 санатты та­уық жұмыртқасы мен күнба­ғыс майының бөлшек сауда бағасы 15 проценттен жо­­ға­рылап кетуіне байланыс­ты комиссия отырысы өткі­зілді. Енді 90 күн бойы С1 санатты жұмыртқаға – 430, күнбағыс майына 632 теңге көлемінде шекті баға бел­­гілеу туралы шешім шы­ға­­рылып, облыс әкімінің қау­лысы қабылдануда. Қаулы күшіне енгенде баға шекті мөл­шерден асса 100 АЕК айып­пұл салу қарастырылған.

Тағы бір айта кетерлігі, Қызылорда қаласы мен 7 аудан бойынша 238 кәсіпкерлік субъектісімен, оның ішінде 136 өндіруші кәсіпорын мен 102 сауда кәсіпорнымен не­гізсіз баға көтермеу жөнінде меморандумдарға қол қойы­лып, баға тұрақтандыру бағы­­тында біріккен шаралар қа­был­дануда. 

Тұрғындарға азық-түлік бағасы қолайлы болатын ша­раның бірі – жәрмеңке. Ал­дағы сенбіде облыс орталығы және барлық аудан тауар­өн­дірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтпек.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз