Бала берсең, сана бер

1103

0

Кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылығына қатысты деректер қатты қынжылтады. Бұрын бұл тақырып көп айтылмайтын еді, қазіргі қолжетімді ақпарат заманында жан түршігерлік қылмыстар жазылып, көрсетіліп, әлеуметтік желіде бүге-шүгесіне дейін баяндалып жатады. Оның себеп-салдарының түбіне жете алмаспыз. Бірақ орын алып жатқан құбылыстарға мән бермесе болмас.

Өмір сүріп жатқан қоғамымыздың кемшін тұстары болар, бірақ күн көре алмайтын жағдайда емеспіз. Балаларды қылмысқа итермелейтіндей заман жоқ. Қай қоғамды алсақ та, жетіспеушілік болады. Байбалам сала бергеннен ештеңе өнбейді. Әр адам, әр отбасы еңбек етуі тиіс.

Ертеректе біз киген киімді қазіргі балалар кимейді, тұтынған заты, оқитын мектебі біздікінен әлдеқайда озық. Ойыншықтардың неше түрі бар: жүреді, сөйлейді, ән айтады. Бұрын  велосипед болатын, қазір мопед, машинаның түр-түрі бар. Қайсыбірін айтайын ілгерілеушілік, даму, жақсы істер бар ғой. Осындай кезеңде балалардың құқық бұзушылығына не деуге болады? Сөз табуға қиналасың. Баланың бұзықтығына қиналғаннан айтылған болу керек, қазақта «Бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деген сөз бар. 

Біздің әке-шешелеріміз он бала тәрбиеледі. Барлығының жоғары білімі бар. Әр салада жұмыс істеп, өз бетінше өмір сүріп жатыр. Мен де төрт бала тәрбиеледім, жоғары білімі бар, бұйырған жұмысын істеп күнін көріп жатыр. Мәселенің түйінін Абайдың «Баланың жақсы болуы – ата-анадан, ұстаздан және достарынан» деген үш кейіпкерден іздеу керек болар. Жүсіп Баласағұн айтқандай, «Ата-анадан өсіп талай ұрпақ тараған, олардың жақсы-жаман болуы солардан» кінәні ата-аналардан іздейміз бе? Атам қазақ «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» деген. Жеткіншек ересек адамдардан көрген жағымсыз нәрселерді өз жадына көшіріп, соны қайталайды, қызық санайды. Сондықтан, ата-аналар мен ересек адамдардың  қоғам алдындағы жауапкершілігін, бала тәрбиесі, білімі, мәдениеті, денсаулығы, дамуы жөніндегі жауапкершілігін толық сезетіндей дәрежеге жеткізу керек. Қазақ отбасындағы әке тәрбиесінің осалдығы келесі кемшіліктер болар.

Ұстаздардың жағдайы жыл сайын жақсарып, сұраныстағы мамандыққа айналып келеді. Мемлекеттің «Ұстаз мәртебесі» заңымен көп мәселе кешенді шешіліп жатыр. Қазір 3-4 сағатпен жұмысқа алынбайды, жүктемелері жақсарды, айлық-жалақы да жаман емес. Жас мамандарға біраз жеңілдіктер де бар. Кәсіби біліктілікке сәйкес көтермелеу мен марапат, жолдама мен демалыс, саяхат болып жатыр. Мектептер жаңарды, интернетке қосылған, жұмыс жүргізуге жағдай бар. Ұстаздар қазіргі мүмкіндіктер арқылы балаларды рухани бай адам етіп тәрбиелеуге аянбай тер төккені абзал. Балалардың әр сағатын күн режимі бойынша өткізуге күш салғаны орынды болмақ. Сынып жетекшісі және тәрбие мамандары оқушыны, үйдегі, көшедегі, мектептегі сабақ кезінде және үйірме мен секция жұмыстары уақытында бақылап, іздестіріп, зерттеулер жасап отыруы қажет-ақ.

Адам баласы – табиғаттың керемет үздік туындысы. Оны жоғалтуға хақымыз жоқ. Баланың достары, қатарлары оған ата-анамен қатар әсер етеді. Кей кездері солардың ықпалына көбірек беріліп кететін жағдайлар да кездеседі. Әр ата-ана, ұстаз баланың ортасын, достарын, кіммен жиі пікірлеседі, анықтап, зерттеп отыруға міндетті. Бала төңіректегі құбылыстарды үлкен адамдардай емес тез қабылдайды, магниттей жылдам тартады, бойына тез сіңіреді, көргенін аса қызығушылықпен бір сәтте орындауға ұмтылады.

Олардың ойы ұшқыр, бәрі жылдам, тез, қиял-ғажайып істер жасауға асығып тұрады. Ерік-жігері басым, күш-қайраты артып келеді. Сондықтан мол энергиясын аяғы немен аяқталатынына көзі жетпейтін іске жұмсайды. Жеңіл ұрлыққа барады, достарымен көшедегі әлсіз адамдарды тонайды, екеуара сөзге келіп, сынып, аула, көше, мектеп, ауыл-ауыл балалары болып, топтық төбелеске барады.

Кейінгі кездері болашақ жар, ана болатын қыздар да жеке немесе топтық төбелесте көрініп жүр. Қазіргі әлеуметтік желіні пайдалы іске жаратудың орнына, ұрыс-керіс пен бірін-бірі балағаттау, дау-жанжал шешу алаңына айналдырады. Жасөспірімдер арасында неше түрлі зорлық-зомбылықтар, кәмелет жасына толмағандардың қиындыққа ұшыраған  жағдайлары да кездеседі.

Сондықтан, біріншіден әке ер баламен, шеше қыз баламен тәрбиелік шаралар жүргізу керек. Оның мінез-құлқын, қызығушылығын, бейімін бақылауы тиіс. Балаларды бос уақытында отбасы тіршілігі мен өзі сүйетін, бейімі бар, қызығатын істермен айналысуға бағыттаңыз, жағдай жасаңыз. Кешкі мезгілде үйде болуын бақылаңыз, баламен еркін тақырыпта ой бөлісіңіз, әңгімелесіңіз, сабағына көмектесіңіз. Уақытылы демалып, ерте тұрып, денешынықтыру жаттығулары мен денсаулықты күту шараларын бірге жасаңыз.                           

Екіншіден, мектеп ұжымы балаға сапалы білімнен бұрын саналы тәрбие беруге күш біріктіруі керек. Қазіргі мектепте тәрбие маманы жеткілікті. Ұстаз баланың ата-анасындай жанашыр болғанда ғана қоғам тұлғасын тәрбиелей алады. Ауылдың учаскелік полиция қызметкері бірнеше елді мекенге қарайтын болғандықтан, әр мектеп оқушыларымен етене араласа алмайды. Сондықтан құқық бұзушылықтың алдын алу, зерттеу және түзету жұмыстары сапалы жүруі үшін орта мектептерге полиция инс­пекторы штатын беру қажет. Оған қажетті мамандар – жас полиция мамандары немесе отставкадағы тәжірибелі полиция қызметкерлері қазір әр ауыл­дан табылады. Үшіншіден, бала­ның достары  балаға жақын бол­ғандықтан, олардың сөзі, қылығы, іс-әрекеттері тез қабылданады. Дос болғандықтан көңіліне қарап, біле тұра тәртіпсіздіктерге де барады. Осындай жайлармен құқық бұзу­шылық, тіпті қылмыс жасауы мүмкін. Сондықтан баланың достары және оның жүретін басқа да орталары тұлғаның қалыптасуына теріс әсер тигізбейтінін ата-ана қадағалап отыруы тиіс. Оқушының сондай ағат­тықтарына ҚР заңдары бойынша тағайындалған жаза түрлері бар. Олар – айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзету жұмыстары, бас бостандығынан айыру. Негізі 16 жасқа толған адам құқықтық жауап­кершілікке  шақырылады. Қылмыстық жауапкершілікке 16 жасқа толғанда тартылады. Сонымен бірге, кейбір ауыр қылмыстар үшін жауаптылық 14 жастан бастап қолданылады. ҚР Конституциясының І бөлім 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Мем­лекетіміздегі барлық мекемелер, қо­ғамдық ұйымдар және қызмет­керлер бірлесіп бала тәрбиесімен айна­лысқанда ғана келешегімізді тәр­биелей  аламыз. Адам тәрбиелеу – ұлы іс.

Менің бір үзік ойыма қандай пікір қосасыздар, ағайын!

Ғалымжан БӨКЕНБАЕВ,

№61 орта мектеп директорының орынбасары.

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<