БЕРЕШЕГІҢІЗ БАР МА?

436

0

Төлемей созбалаңға салып жүрген салық берешегіңіз бар болса, құтылуға асығыңыз. Әйтпесе, аяққа оратылып кедергі жасауы мүмкін. Биыл шілдеде Салық кодексіне енген бірен-саран өзгерістің мазмұны осыған саяды.

Кодекстің 24-бабының 15-тармақшасында: «Екінші деңгейлі банктер мен банк операция­лары­ның жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтік төлемдер мен салық берешегі бар салық төлеушілерге арнап банк шот­тарын ашпайды», – делінген. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Бақыт Орданованың айтуынша, мемлекетке қарыз кез келген қазақстандық үшін банк­терде шот ашуға, аударым жасауға, сауда үйлерінде техника сомасын бөліп төлеуге, несие рәсімдеуге, тағы басқа операциялар жасауға тыйым салынады. Бірақ бұл өзгерістің корреспонденттік, мемлекеттік бюджет және әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алуға арналған банктік, білім алу мақсатындағы жинақтаушы шоттарға еш қатысы жоқ.

Салықтан жалтару шет елге шығу мүмкіндігінен де айырады. «Орындаушылық өндірісі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 33-бабына сәйкес, борышкер 3 айдан астам уақыт бойы талапты орындамаған жағдайда сот орындаушы оның елден шығуына уақытша тыйым сала алады.

– Осы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәліметке қарағанда, облыс бойынша бюджетке салық қарызы бар тұрғындар саны 33 мыңнан асады. Соның ішінде берешек сомасы бір айлық есептік көрсеткіштен асатын 5 мыңға жуық тұлғаға қатысты материалдар мәжбүрлеп өндіру шарасын қолдану үшін сот орындаушыларға жолданған, – дейді Бақыт Орданова.

Борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды тексеріп көргіңіз келсе, мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайтына кіріп, «Салықтық қарыздардың бар немесе жоқ екені туралы мәліметтер» парақшасына өту керек. Одан бөлек, өзіңіз тіркелген аудан немесе қала бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуге болады.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<