Берік отбасы – есірткіден алыс!

825

0

«Бала туғанда  ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне  шимайды қалай салсаң солай түседі. Бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең солай тәрбиеленеді» деген екен Жан-Жак Руссо. Бұдан шығатын түйін:  бала тәрбиесіне  ең әуелі  өз ата –анасының еңбекқорлығы,  ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана сезімі, адамгершілігі әсер етпек. Жас шыбық қаншалықты иілгіш болса, жас адам да  сондай жақсыға да, жаманға да  бірдей  бейім болатыны  баршамызға мәлім. Сондықтан әрбір ата-ана   баласының болашағы жарқын, саналы азамат болып өсуі үшін жас кезінен бастап дұрыс тәрбие беруі керек.

«Отбасы – бірлесіп күн көретін, туыстық қатынаста тұратын адамдар тобы. Балалар тәрбиесін жүзеге асырып, басқа да қоғамдық тұрғыдан мәнді қажеттіліктерді қанағаттандыратын некелік немесе туыстық қатынастармен байланысқан адамдар тобы» деген анықтама берілген. Иә, расында да отбасы ұғымдаы қазақ үшін қымбат. Жанның ұясы, оттың басы деген мағынаны беретін секілді. Отбасы мүшелері арасында рухани қарым-қатынас бос уақытты бірлесе өткізу, екі жақты рухани байыту қажеттіліктерімен қанағаттандыруда көрінеді. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Біздің отбасымыздың дәстүрлі құндылығы – жанұяда дінді сақтау, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, балаларды дұрыс тәрбиелеу. Себебі, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің, — деп атам қазақ бекер айтпаса керек.Отбасымызда махаббат, сенім, түсіністік берік орын алған.

 Қазіргі уақыт баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ата-аналар ден қойған заман. Себебі, қазір қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу. Десе де, қоғамда ата-аналарының бақылауынан шығып немесе аз көңіл бөлінгеннің кесірінен теріс әрекеттерге соның ішінде нашақорлыққа үйір болуы көңіл қынжылтады. Бұл есірткіге әуестік ең алдымен отбасында бірлігі жоқ, өзіне қолдау іздеп бірақ жанұясынан таппаған адамдарда болады деп ойлаймын. Тек қана жасөспірімдер, жастар ғана емес ересектер де есірткіге әуес болып, өз өмірлерін улауда.Өз өмірі мен әрекетіне жауап бере алмайтын, есірткіге санасы уланған ересек адамнан қандай үлгі-өнеге болсын?
Есірткі қолдану немесе сату, сияқты әрекеттер түбінде опа тапқызбайды. Оған дәлел күнделікті еститін жаңалықтар, құрықталған қылмыскерлер… Есірткі қылмысқа итермелейтіні сөзсіз. Нашақор қаражатты ұрлықпен табуды көздейді, ал ұрлық жазасыз болмайды. Бара-бара жасөспірімдер нашақорға,есірткінің құлына айналады. Жалпы айтқанда, есірткі заттары деп жансыздандыру ерекшелігіне ие болатын заттарды айтамыз. Өйткені бұлардың құрамында мастандыратын, ашуландыратын, тыныштандыратын, сергітетін заттар да бар. Есірткі ешқашан жақсы зат бола алмайды. Есірткінің адам денсаулығына тигізер зияны көп екені  айтпаса белгілі. Апиын деп айтқан ертеректе. Есірткіге үйрену өте тез,оны тұтынған сайын көбірек мөлшер керек болады. Нашақор есірткісіз өмір сүре алмайтын халге душар болады.Себебі оны бір рет қабылдаған соң оны тағы да қабылдау қажет болады.Бір шырмалаған жанның онан құтылуы оңайға соқпайды.Сондықтан да есірткінің алдауына түсіп қалмаған жөн. Есірткіге үйір болған адам барлығынан айрылады. Өміріңді бақытқа толы қылып өткізгіміз келсе, ең алдымен өзіңе — өзің берік болу керек. Адам денсаулығына зиянын

тигізетін жат әдеттерден аулақ болғаны жөн. Темекі тарту, спирттік ішімдіктерге әуестік – есірткілік заттарға салынуға итермелейді. Біздің отбасында тәртіп пен еңбек қатар сақталады. Еңбек адамды тәрбиелейді.Еңбекқор адам өзге зиянды әдеттерге бойын үйретпейді. Себебі ол адамның жаман нәрсе ойлауға немесе айналысуға уақыты жоқ. Сондықтан жұмыс істеуден қашпаған жөн. Жалқаулыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды.  Абай атамыз «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын»  деп  дұрыс айтқан. Жұмысы жоқ, бос уақыты көп адам әр нәрсені ойлағыш, әр нәрсеге әуестенгіш келеді. Міне,сондай адам есірткіге не ішімдікке құмартуы мүмкін. Мұндай нәрсеге бір елітіп, құмар болған адам өзін тоқтата алмайды.  Мұндай жолға түсіп азғындаған адамның о баста тәрбиесі кемшін болғаны.

Жүсіпбек Аймауытов: «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен…» деп айтқандай, тәуелсіз еліміз бен балаларымыздың жарқын болашағы үшін бүгіннен бастап оларды түзу жолға салып, нағыз азамат етіп тәрбиелейік.Сондықтан баланы жас кезінен жақсылыққа баулып, салауатты өмір сүруге үйрету әр ата-ананың басты парызы.

Адамдар бір-бірімен дос, бауырлас, сыйлас, рақымды, мейірімді болса, нұр үстіне нұр жауады. Қоғамда болып жатқан жаман әдеттерге кінәлі — адамдардың өзі. Осындай жат, жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, төзімділік, табандылық танытып, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстай білуіміз керек. Әрбір адам салауатты өмір салтын ұстана білу керек. Спорт – өмірге сенімді көзбен қарауға үйретеді. Барлық адам спортпен айналысып, жаман әдеттерден арылса, онда бұл өмірдегі ең жақсы ізгі істердің бірі болар еді.Отан – отбасынан басталады.Еліміз егемендігін сақтап, әлемге танылсын десек әр отбасы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, бір-біріне ізгілік пен сенімммен қарауы тиіс. Себебі, әр отбасы – шағын мемлекет. Еліміздің ертеңі нұрлы болсын десек, ел болып, халық болып болашағымызды, ұлтымызды, тегімізді жоғалтып алмау үшін нашақорлық, ішімдік, темекіден бойымызды аулақ ұстайық! «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсетіп, бір-бірімізді қолдайық, білім іздеп рухани жаңғырайық, еліміздің дамуына үлес қосайық, сонда біз отбасымызға, қоршаған адамдарға сыйлы боламыз. Сөзімізді қорытындылай келе: «Отбасы – ошақ қасы, әр адамның ыстық ұясы» дегіміз келеді.

Құралай Жаңабаева,

№74 мектеп мұғалімі

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<