Білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау қағидалары жарияланды

370

0

Әділет министрлігінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау қағидалары тіркелді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің хабарлауынша, білім беру жүйесінде мектеп, колледж және балабақша директорларын ротациялау институты пайда болды.

«Білім беру саласында он мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Көптеген басшы мерзімсіз еңбек келісімшартын жасасқан. Осыған байланысты бір ұйымда 10-15 жыл және одан да көп жұмыс істейтіндер аз емес. Әрине, олардың арасында өз жұмысын жақсы білетін, білім беру ұйымының дамуына елеулі үлес қосатын басшылар бар. Дегенмен 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да бар», – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Егер басшы ұзақ жыл бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін.

«Басшылық ететін ұйымның ауысуы өзгерістерді енгізуге және басшының жұмыстағы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Аймағамбетов.

Ереженің басым бағыттары

Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады.

Осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше, қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады.

Алайда егер басшы сол ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауға тиіс.

Екіншіден, ротациялаудың бірнеше шарты бар:

– ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады;

– ротация бір елді мекен аумағында жүргізіледі;

– ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді;

– ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ротациялау туралы мәселені қарау үшін комиссия жұмыс істейді.

Ротациялау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және бұл қағидалардың жергілікті жерлерде дұрыс іске асырылуы үшін министрлік мониторинг жүргізеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз