Бірлескен істе нәтиже бар

219

0

Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төрағалығымен әйелдер істері  және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.

Алдымен комиссияның жаңа мүшелері таныстырылды.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бүгінде әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу маңызды. Бұл орайда атқарылған жұмыстар жөнінде жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Бақыт Молдабеков хабарлама жасады. Жыл басынан бері отбасындағы тұрмыстық қатынасқа байланысты 2120 хабар­лама түсіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,9 процентке өскен.  Оның ішінде тек 9 адамға қылмыстық іс қозғалған. Б. Молдабеков әйелдердің өздеріне төнген қауіп-қатерге қара­мастан, арыз жазудан бас тартуы қиын­дық туғызатынын айтты. Сондай-ақ, карантин уақытында тұр­мыстық құқық бұзушылықтар саны артқан. Қылмыстың 70 проценті жәбір­­лену­шілердің үйінде орын алған. Ұрыс-керістің басым бөлігі ішім­дік ішу салдарынан туындаған.  Меке­меде 9 сенім телефоны жұмыс істейді. Оған отбасында жәбір көрген әйел­дер хабарласып, 51 адам дағдарыс орта­лы­ғына орналастырылған. Бүгінде облыста әйелдер құқығы мен мүдделерін қор­ғаумен айналысатын мемлекеттік емес 4 пана үйі бар. Баяндамадан кейін облыс әкімінің орынбасары тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтіп,  учаскелік инспекторлардың халықпен тығыз жұмыс жасау керектігін ескертті. Дегенмен, учаскелік инспектор жетіспейді.

Жиында жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар тура­лы облыстық білім басқармасы бас­шысының орынбасары Бағдат Бер­дәу­летов хабарлама жасады. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар ара­сында 81 жасөспірім ерте жүкті болып қалған. Оның 46-сы кәмелетке толса, 35-і толмаған. Соңғы үш жылдағы дерекке зер салатын болсақ, ерте жүктілікпен тіркелетін жасөспірімдердің саны азайған. Жалпы, білім беру ұйымдарында репродуктивтік денсаулықты қорғау мақсатында салауатты өмір салтын қалыптастыру және жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жос­пары бекітілген.

Мұнан кейін осы тақырып ая­сын­да облыстық денсаулық сақ­тау бас­қармасының басшысы Сәбит Пазылов денсаулық сақтау сала­сын дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасының басты басымдық­тары­ның бірі – жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту және жастар денсаулығы орта­лығының жұмысын жетілдіру екенін айтты. Соңғы кездері жасөспірімдер мен жастар арасындағы ең өзекті мәселе – олардың ерте жыныстық қатынасқа түсуі.

Мәселенің шешім табуы үшін білім және денсаулық басқармалары бірлескен кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлейтін болды. Облыс көлеміндегі мектеп және колледж медбикелерінің үлгілік лауазымдық нұсқаулығы бекітіледі. Қала мен барлық аудандарда ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттау жергілікті аналар, ардагерлер кеңестерімен бір­лескен шаралар арқылы жүзеге асырылады.

Басқосуда Қазалы аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы тыңдалды. Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиев баяндама жасады. Комиссия отырысы қорытындысымен жауапты мекемелерге көтерілген өзекті мәселелерді шешуге тапсырма берілді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз