Цифр сая болмайды

751

0

Былтыр осы уақытта газетте «Көшеттің көптігі емес, көктегені керек» атты мақала жазыппыз. Сонда айтылған біздің аймақта жылына 200 мың көшет егіледі-мыс. Тура осы сандық көрсеткішке сенімсіздік барын тағы айтыппыз. Өйткені, сонша тал егілсе, біздің қала да, дала да көркейіп тұрмас па еді?! Ал биыл…

Қызылордалықтарға, әсіресе табиғат жанашырларына Бектай ақсақал жақсы таныс. Әй­те­уір, көктем бастала, есік ал­­­дына шыбық отырғызсам де­ген­дер шы­нашақтай шалды үйір­сек­тейді. Бектай ата да жа­лық­папты бұдан. Ақы­лын айтып, бел­гілі бір сомада сатып жүрген кө­шет­терін қолына ұстатып жі­бе­реді. Әрі қарайғысын өзің күтіп, бап­тайсың. Алматы ауыл­шаруашылық институтының ор­­ман шаруашылығы бөлімін бі­­тірген Бектай атаның Сыр өңі­ріне жолдамамен жұмыс­қа ор­наласуы, тал егу, көшет отыр­ғызумен қалай айналыс­қаны өткен мақаланың енші­сінде. Біз тек бір ғана сөзін осында қайта ұсынып отырмыз.

– 90 жылдардан бері «Бағ­бан» шаруа қожалығын ашып, көшет өсіру, жеміс-жидек талын отырғызу жағынан питомникті қолға алдық, – деген еді бағбан қария сондағы кездесуімізде. – Ағаш тұқымдарын қалай өсіру керектігі, жеміс талдарындағы зиянкестерді улау, күтіп-баптау сияқты жасымнан үйренген тәжірибемді пайдалана бастадым. Мені таңғалдыратыны, не­ге екені белгісіз, Қызылорда жеріне әбден үйренген қара ағаштан қашамыз біз. Ол – жоқ дегенде, отыз жылдан әрі өмір сүретін тал. Әрі үлкен, саялы. Ақ терек, көк терекке үйірміз. Ол біздің жерге тиімсіз, үш-төрт жылға жетпей басынан қурап өле бастайды. Әсіресе, ақ терек сондай. Ол Өзбекстан, мына Шымкентте жақсы өседі…

Бір қуанарлығы, Бектай қа­рия айтқандай, көшет егуде жергілікті топыраққа бауыр басқан жиде, сыр талы, қара ағаш шыбықтары көптеп шаншылуда. Бәлкім, тәжірибелі бағ­бан берер бағытқа көптеп сүйе­нуіміз керек те шығар.

Президент пәрмені – табиғатты көркейту

Былтыр 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған Жолдауында 5 жыл ішінде ел­ді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызуды қам­тамасыз ету жөніндегі тапсырмасы берілген еді. Осының не­гізінде экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің бастамасымен «Таза табиғат» ұлттық жоба тұжырымдамасы қабылданған. Ал жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша наурыз айынан бастап облыс бойынша санитариялық-та­залық, көркейту және көгалдан­дыру шаралары басталып кетті.

Жоғарыда айтқан «Таза та­би­ғат» ұлттық жобасы өңірде 21 наурыздан басталды. «Таза табиғат», «Мекенім – жасыл ор­маным», «Су – өмір нәрі», мектеп оқушылары арасында «Бұл – менің ағашым», «Таза аула – таза табиғат», «Таза су айдындары» ағаш отырғызу, көркейту көгалдандыру, тазалық акциялары өткізілуде. Табиғатты көркейту маңызды әрі сауапты іс екені насихатталып, жауапты салалар облыстың әр тұрғынын осындай қайырлы іске үндеп жүр. Бұл көңіл қуантады.

Мысал келтірсек. Әрине, мы­­салды да табиғи ресурстар жә­не табиғатты пайдалануды рет­теу басқармасынан алған мәлі­метпен келтіреміз. Акция­лардың бірі – «Мекенім – жасыл орманым» жалпыұлттық ағаш отырғызу шарасы болатын. Осының арқасында орман қоры жерлерін ұлғайту мақ­сатында Арал теңізінің ұлта­нында 180 мыңнан астам сек­сеуіл отыр­ғы­зылды. Бұл жұмыстарға 30-дан астам орман қызметкері мен 5 техника жұмылдырылған. Осы акцияға қала, аудан елді ме­кендерінде жеті мың үш жүзге жуық адам тартылып, жергілікті жерге жерсіндірілген 20 мыңнан астам сыр талы, қара ағаш, жеміс көшеттері де егілген.

Ал өскелең ұрпаққа табиғат­ты аялауды және қорғауды үй­рету мақсатында мектеп оқу­шылары арасында «Бұл – менің ағашым» атты ағаш отырғызу челленджі ұйымдасты­рылған еді. Санмен сөйлесек, аймақтағы мек­теп аулаларына 8070 түп ағаш отырғызылды.

«Су – өмір нәрі», «Таза су айдындары» акциясында облыс­тағы су айдындары, арналар мен каналдарын тұрмыстық қал­дықтардан, қоқыстардан тазалау жұмыстары жүргізілді. Әрине, бұл шаруа бір жағынан, жеке көл иеленушілердің міндетіне кіретіні белгілі.

«Таза аула – таза табиғат» және «Бірге – Таза Қазақстан» жалпы республи­калық сенбі­ліктерінде өңір тұрғындары, ерік­тілер, экобелсенділер са­ни­­тарлық тазалық, көркей­ту және абаттандыру жұмыстарын ұйым­дастырып жүр. Соның нә­тижесінде шығар, полигон­дарға 125 тонна қалдықтар шы­ға­рылып, 88 шақырымға жу­ық арықтар мен аяқ су жолдары тазаланған. Жалпы жыл көлемінде экологиялық акциялар Сыр өңірі бойынша тоқтап қалмайтыны анық. Облыс пен аудан орталықтары және елді мекендердегі көшелер, жаяу жүргінші жолдары, аулалар мен гүлзарлар, ескерткіштер мен скверлерді ұдайы тазалау, абат­тандыру, су арналарын қо­қыстан аршу сынды жұмыстар жүре беретін болады.

Топыраққа бейім тал ексек…

Иә, топырақ демекші, құмды әрі шөлейтті жердің өзіне бейім өсімдігі бар. Айтпақшы, облыс бойынша алдағы 5 жылда Арал теңізінің құрғаған ұлтанына (213 мың гектар) 177,5 млн дана сексеуіл отырғызылады. Сек­сеуіл демекші, ысылдаған құм арасына қаздиып өсер осы қатты ағаштың бізге көмегі көп. Теңізден ұшқан тұзды то­пы­раққа бөгет болар әзірге осы ғана. Бұл ормандарды молық­тыру және орман өсіру кө­лемін ұлғайтудың 2021-2025 жыл­дарға арналған кешенді жоспары аясындағы жұмыстар болмақ.

Биыл жергілікті ормандарды көбейту жұмыстары 14,3 мың гектар жерге жүргізіледі. Оның ішінде 3 мың гектары те­ңіздің құрғаған ұлтанында ат­қа­рылады. Бұдан бөлек, облыс­тағы сексеуіл мен саялы ағаш кө­шеттерін өсіретін орман тұ­қым­бақтарының көлемі 22 гектардан 100 гектарға ұлғайып, тұқымбақтарда 1 миллионға жу­ық  ағаш көшеттері дайын­дал­ған. Мамандардың айтуынша, бұ­лар – жергілікті жерге бейім ағаш түрлері.

Оқып отырғаныңыздай, кө­ңіл қуанатындай ақпарат көп. Әсіресе, әлеуметтік желіде көз сүйсінеді. Қарап отырсақ, бү­гінде әр аудан ғана емес, әр ауыл­дық округтің де желі парақшасы бар. Назар салсаңыз, ауыл әкімі бастап, тұрғыны қоштаған тал отырғызу жұмыстарына тап бо­ласыз. Бұның бәрі жақсы-ақ, бірақ, көктем бастала «өре түрегелетін» осы бір науқан әрі кетсе бір ай ғана болар. Шыны сол, одан кейінгі еккен талдың еңсесі көтерілді ме, жоқ па, оны да білмейміз. Біз әлеу­меттік желіде көшет ек­кен­дердің қарасын күзде де көргіміз келеді. Мысалы, сол уақытта еккен көшет пен отыр­ғызған шыбықтың әрі қарайғы жайқалуын желіге жүктесек. Осылай мақтансақ. Соған тұрар­лық дүние ғой өзі де. Түске дейін тал отырғызып, түстен кейін есебін ғана беретін шала шаруалардың бірі болмаса игі дейміз де.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз