Кадрлық саясат: Біз байыбына бара алмай отырған мәселе қайсы?

957

0

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде аймақтағы кадр саясатына және ондағы өзгерістерге қатысты алыпқашпа әңгіме көп. Бір адамның  пікірін жалаулатып әкететін базбір топтың топшылауларын бүкіл қоғамға таңу, өкінішке орай, белең алып тұр. Адамға кәсіби тұрғыда баға берілсе бір жөн, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп оңды-солды сілтей бергеннен ештеңе өнбейді. Облыс әкімінің қызметке тағайындалғанына 40 күнге жуықтаған уақытта осы мәселеге зер салып өткенді жөн санадық.

Байқасаңыз, жаңа қызметке тағайындалған кадрлардың бәрі – Сыр елінің тумалары, еңбек жолын ең төменгі қызмет сатысынан бастаған. Аудан, қала, облыс әкімдіктерінде, бөлімдер мен басқармаларда, оларға қарасты мекемелерде, кейбіреулері орталық органдарда тәжірибе жинаған. Мұндай мамандарды қызметке тарту – тек бізде ғана емес, барлық өңірлерде бар тенденция әрі бұрыннан келетін қалыпты үрдіс.

Екіншіден, тағайындалғандардың арасында осы өңірдің ерекшелігін білмейтін, бір сөзбен айтқанда орталықтан немесе басқа өңірлерден шақырылған ешкім жоқ. Кезінде сырттан кадр әкелу жағдайы болғанда «осындай маман өзімізден табылмады ма?» деп даурыққандар да кезікті. Ал, ендігі жерде Арал мен Жаңақорған аралығындағы әр аудан, әр ауыл туралы жетік білетін, облыс орталығының барлық мәселесіне қанық мамандар жаңа қызметке бел буып, сенім артылып жатса, онан олқылық іздеу қаншалықты әділетті?!

Расында кадрлық өзгерістер аз уақытта жасалып жатыр. Бірақ, бұл уақыттың өзі талап етіп отырған өткір мәселенің бір екенін дұрыс пайымдауымыз қажет. Өйткені, мемлекеттік аппаратты оңтайландырудың бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарламасы бар. Ол қарамағындағы қызметкерлер саны аз басқармаларды қысқартуды көздейді. Жүргізілген зерттеулер орындаушыдан гөрі басшысы көп, атқаратын функциясы бірін-бірі қайталайтын мемлекеттік органдардың әлі де бар екенін көрсетіп отыр.

Аймақтағы 24 басқарманың 16-ға дейін қысқарып, оңтайлануы облыс әкімінің ойлап тапқаны емес. Талап солай. Қажетсіз шығынға, мемлекеттік басқарудың тиімсіздігіне ұрындыратын мұндай олқылықтарды жоюдың уақыты келген сыңайлы. Ешқандай пафоссыз, әсірелеусіз айтқанда, неғұрлым ашық әрі ықшам командамен жұмыс істеп, нәтижеге жету – бүгінгі күннің басты бағдары. Мәселенің екінші жағы – оңтайландыру жолында мемлекеттік қызметшілердің, өзге де жұмысшылардың құқықтарын қорғап қалу, заңсыздыққа жол бермеу қарастырылған. Қысқарған мамандардың шет қалмайтынына сену керек.

Осыны саралай келгенде кейбір сын айтушылар басқармаларды біріктіру ойдан шығарылмағанын әрі бірқатары орталықтағы құрылымдарға сай жасақталып жатқанын дұрыс таразыласа дейсің. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігінің ізімен мәдениет және спорт басқармалары, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің негізінде ішкі саясат және дін істері басқармалары біріктірілді. Бірқатар басқармалар да оңтайландырылған жүйеге көшті.

Мемлекеттік қызметте жұмысына тиянақты, ісіне мығым маман көзге түссе, оны қызмет сатысымен өсіру, одан да жауапты міндетті жүктеу – бұрыннан бар әдіс. Мәселен, Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов Гүлшара Наушақызы облысты басқарып тұрғанда (қызметке 10 наурыз күні тағайындалған) қызметке кірісті. Облыс әкімі аппаратында ең төменгі сатыдан бастап, басшының орынбасарлығына дейінгі жолдан өткен, әбден ысылған кадр.  Қармақшыда аудан әкімінің орынбасары да болды.

Өмірлік тәжірибеге сүйенсек, жалпы тағайындау кезінде негізге алынатын өлшем – кадрдың мамандығы, кәсіби біліктілігі, тәжірибесі, еңбек жолы, қоғамдағы белсенділігі. Сосынғы бір ескеретін жайт, кейінгі тағайындауларда айталық ауыл шаруашылығына гуманитарий, мәдениетке құрылысшы дегендей, танып-білмейтін саласына барып жатқан ешкім жоқ.Мұнда алған мамандығы мен жинаған тәжірибесі маңызды. Ең бастысы – тағайындаулар Президент Әкімшілігімен келісіледі, ол жақта да әр кадрдың өмірдерегі тексеруден өтеді және ашық конкурс негізінде жүргізіледі.

Сөзіміз жалаң болмасын. Сәуір айының ортан белінен тағайындаулар басталды. Облыс әкімдігінің іс басқармасына басшылыққа Ардақ Ибраимов келді. Ол оған дейін Тасбөгет кентінің әкімі болды. Мұнан кейін Жаңақорған ауданы әкімі лауазымына Мұрат Тілеуімбетов тағайындалды. Әлеуметтік желі бір толқып басылды. Шын мәнінде, Мұрат Жолкелдіұлы бұл қызметке лайық емес пе? Жеке секторда да, мемлекеттік қызметте де әбден ысылған, құрылыс, жол, коммуналдық жүйе салаларын жетік меңгерген, тәжірибесі мол маман. Қабылданған шешім қате деуге келмес. Өмірлік тәжірибесі бар азамат. Тағайындауды елдің ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары, аудан халқы дұрыс қабылдады. Осылай бола тұра әлдебір әлеуметтік желідегі адамның пікірін, тұтас қауымның пікірі деп қабылдау нағыз әділетсіздік болар еді.

Онан кейін облыс әкімі аппаратының басшысы қызметіне Шахмардан Байманов, «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болып Нұржан Ахатов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып Ерлан Төрәлиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметіне Ғабит Жаңабаев, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы болып Руслан Рүстемов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметіне Пакуатдин Шамұратов тағайындалды.

Қарап отырсаңыз осы аталған азаматтардың қай-қайсы да кездейсоқ келген кадрлар емес. Бәрі де Сыр жұртына таныс, осы елдің тумалары. Шахмардан Байманов 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді қаржыгер, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін саясаттанушы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі болып бастап, Қызылорда облыстық «Жастар бастамаларын дамыту орталығының» директоры, «Қазақстан жастар конгресі» атқарушы директоры, Ақмола облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы республикалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы қызметтерін атқарған.

2017-2019 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болды. 2019 жылдан осы кезге дейін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметін атқарып келді.

Осындай үлкен мектептерден өткен маман жастық жігері мен бар әлеуетін аппарат жұмысын дұрыс ұйымдастыруға және қоғаммен байланысты нығайтуға аянбай жұмсап жатса, оның несі орынсыз?!

Нұржан Ахатов салаға бөтен емес, бұған дейін де 2015-2017 жылдары аталған басқармада төраға орынбасары болған. Статистика, экономика салаларында тәжірибесі бар. Мемлекеттік қызметтің бірнеше сатысынан өткен. Әрине, Нұржан Сәбитұлына жүктелген міндет өте салмақты.

Оның бұл қызметке келуі алдында осы саланы жақсы білетін біраз азаматтарға ұсыныс болғанын да білдік. Демек, ақылдастық, кеңес жасалған. Бұл мекеме өңірдің дамуына мықтап тұрып ықпал етуі тиіс. Жеке кәсіпкерліктің дамуына, қолда бар өндірістерді жаңартуға, инвестиция тартуға, үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүдделі. Осындай жауапты міндет жүктелген екен, білімі мен тәжірибесін, іскерлік қабілетін барынша көрсетсін. 25 жасында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болды, қала әкімдігінде аппарат басшысы, әкім орынбасары қызметін атқарды. «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры болды. Мұндай еңбек өтілі жаңа қызметін жан-жақты жүргізуге жеткіліксіз болмаса керек.

Ерлан Төрәлиев құрылыс саласының майталманы. 1977 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді инженер-құрылысшы, экономист. Облыстық энергетика, құрылыс және тау-кен шаруашылығы басқармасының бас маманы, облыс әкімі аппаратында жауапты қызметтер атқарған. Облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, осы салаға жетекшілік ететін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, құрылыс басқармасының бастығы болды.

Орталықта да үлкен тәжиірбесі бар. Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы, «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары, «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары болған.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап осы кезге дейін

«Ер-Ару» ЖШС-нің құрылыс жөніндегі директоры.

Ал Ғабит Жаңабаевқа жаңа басқармада елмен етене жұмыс жасау қажет. 1981 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген ол облыстық статистика орталығында инженер, статистика басқармасында, Қызылорда облысы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқармада, экономика және бюджеттік жоспарлау және денсаулық сақтау басқармаларында жауапты қызметтер атқарған.

2012-2021 жылдары облыс әкімі аппаратында, жұмылдыру дайындығы және қаржы басқармасында басшысының орынбасары болды. 2021 жылдан осы кезге дейін Қызылорда қаласы әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары ретінде қызмет атқарып келді. Әрине, қазіргі кезде өзекті мәселеге айналған әлеуметтік саланы ойсыратпай, шиеленістердің шешілуін батыл көтеріп, іскерлік ұстанымын көрсету үлкен сын. Демек, осы сыннан сүрінбей шығады деп сенім артылып отыр.

Руханият жанашыры, аймақ жұртына жақсы таныс Руслан Рүстемовтың  мәдениет және спорт басқармасына басшы болып келуін Сыр халқы ризалықпен қабылдады.

Мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен білікті басшы, мықты ұйымдастырушы. Кезінде Шиелі ауданы және Қызылорда қалсында әкімнің орынбасары болды, облыстық тілдерді дамыту басқармасын, ішкі саясат басқармасын басқарды. Облыс әкімінің орынбасары және Сырдария ауданының, 2 мәрте Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарды.

Сондай-ақ, жастайынан мемлекеттік қызметтің жауапты деген жер, сәулет, құрылыс салаларында мол тәжірибесі бар, бұған дейін атқарған соңғы қызметі Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары болған Пакуатдин Сыражадинұлына жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына басшылық ету жүктелді.

Кадрлық өзгерістер мұнан кейін 28 сәуірде болды. ҚР Президенті Әкімшілігі және қалалық мәслихаттың келісімі негізінде Қызылорда қаласының әкімі болып Асылбек Шәменов тағайындалды.

Бұған дейін қызмет жолында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларында жауапты қызметтер атқарған,  Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары,  Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қызметін де абыройлы еңбек етті.

Мемлекеттік қызметтің, оның ішінде қаланың қайнаған тіршілігін жақсы білетін, ыстық-суығын бастан өткерген Асылбек Өмірбекұлы Жалағаш ауданын екі жыл абыройлы басқарғаны жұртқа жақсы мәлім.

Ал осыған дейін Қызылорда қаласының әкімі болған Ғанибек Қазантаевтың өз өтінішіне сәйкес лауазымынан босатылғаны актив жиынында айтылды.

Қала – өңірдің айнасы. Бүгінге дейінгі жетістік жалғасуы керек. Тіршілік болған жерде проблема шықпай тұрмайды. Ал оны желеу етіп, жұртқа жайғанмен, өз үйіңнің кем-кетігін ешкім келіп жасап бермейді. Алдымен саналық тұрғыда сілкінетін уақыт жетті.

«Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше!» демей ме Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Біздің бүгінгі болмысымызға осындай құндылық ауадай қажет.

Әрине, Асылбек Өмірбекұлы екі жылдан астам басқарған Жалағаш ауданы жыл қорытындыларында озаттар қатарынан көрінгенін жақсы білеміз. Демек, ендігі жауапкершілік Асқарбек Есжановқа да жеңіл емес.

Жалағаш ауданының жаңа әкімі Асқарбек Темірбекұлы 1978 жылы туған. Сол ауданының перзенті. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар.

Облыс әкімі аппаратында бөлім басшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы, Қызылорда қалалық мәслихат аппаратының басшысы, Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болған. 2021 жылы сол кездегі облыс әкімі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымын атқаруды сеніп тапсырды.

Осындай кадрлық өзгеріс жуырда ғана бірқатар басқармаларда орын алды. Енді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын Мұса Қалдарбеков басқарады.

Салық саласының майталманы ретінде әр жылдары Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша департаменті басшысының орынбасары болды.

2019-2021 жылдары Қармақшы ауданының әкімі, 2021 жылдан облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте сатылап өскен Бауыржан Шәменов Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқарма басшысы қызметіне кірісті.

Бауыржан Серікұлы білікті заңгер. Облыстық қазынашылық департаменті мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша басқармасында жұмыс істеді. 2008-2013 жылдары облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы болған.

6 жылдан астам облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары, 2019 жылдан басқарма басшысы болып қызмет атқарды.

Бақылау қызметінің қазіргі жағдайы өткір күйде. Әлеуметтік мәселелерді желеу етіп, мәселелерді тек митинг немесе рұқсат етілмеген жиындарда шешкісі келетіндер бар екенін де жасырмау керек. Олқылық жоқ емес. Заңмен реттелетін нормаларды дұрыс түсіндірмеу немесе жұмысшы қауымның ұсыныстарына дер кезінде мән бермеудің салдары түрлі дау-дамайларды туындатуда. Ендігі жерде Бауыржан Серікұлы заңгерлік білімі мен тәжірибесін, іскерлік ұстанымын іс жүзінде көрсете алады деп сенім білдіріліп отыр. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына басшы болып Айдос Дәрібаев тағайындалды. Жас та болса осы саланың барлық қызмет сатыларынан өткен ол орталық деңгейде Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры ретінде де жиған тәжірибесін аянбай жұмсайды деген сенім бар.

Сонымен қатар, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып Еркінбек Жандос тағайындалды.

Еңбек жолын Алматы облысындағы Отар әскери бөлімінде әскери қызметші болып бастап стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жауапты қызметтер атқарған.

2019-2021 жылдары облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы, 2021 жылдан осы кезге дейін Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары болды.

Демек, кадрлық өзгерісте іскерлігімен танылған азаматтарға облыс орталығында жауапты жұмыс істеуге де мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, білім басқарамасына басшылық жасаған Ақзира Қасымованың кәсіби біліктілігі, басқарушылық әлеуеті өңірдегі ірі әкімдік құрылымына, яғни қала әкімдігіне керек болды. Қала әкімдігінің көзге көрінбейтін мың-сан мәселесін шешу, ол жақтың кадрлық құрамын күшейту үшін осындай қадам жасалды.

Қай кезде болмасын білікті кадрдың бәсі биік. Әсіресе аймақ халқы жайлы тұрмыс кешу үшін коммуналдық саланың қызметі қатаң бақылауды, білікті маманды қажет етеді.

Осындай маңызды салалардың бірі Қызылорда электр тарату компаниясы (КРЭК) басшылығына Батыржан Көмекбайұлы Қаракөзов келді. Батыржан Көмекбайұлы осы саланың нағыз білікті маманы деуге толық негіз бар. Қызмет жолында түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Бұл саланы тек тәжірибе жүзінде ғана емес, ғылыми түрде де жақсы меңгергентехника ғылымдарының кандидаты. Кейінгі қызметінде республикалық ядролық физика ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болған.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің басшылығына Медет Усаин барды. Облыс орталығын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызы бар бұл мекемеге Медеттің келуі кездейсоқтық емес. Медет Усаин жастайынан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарған. Яғни, саланы жақсы меңгерген, қызметтің барлық сатысынан өткен азамат.

Осы тұста тек біздің өңірде емес, кейбір салаларда Қазақстан бойынша кадр тапшылығы бар екенін де естіп-біліп жүрміз. Аз уақыттағы кадрлық өзгерістер – аяққа нық тұрып, белді бекем буып алға ұмтылудың алғашарты. Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру бастамасының талаптарына жауап беру үшін жасалған қадамдар.

Әрине, қоғамда пікір алуандығы болатыны заңдылық. Бірақ, біз осы кезге дейін тағайындалаған кадрлар туралы неге жеке-жеке тоқталдық? Осының бәрін бір сәт ой елегіне салып көріңізші. Әрбір кадрдың кәсіби деңгейіне, жинаған тәжірибесі мен жастық жігеріне дейін қаперге алынып отыр. Кадрлық саясатқа байланысты облыс әкімінің ұстанымы ашық әрі жариялы. Басты мақсат – аймақтың жан-жақты дамуы жолында аянбай еңбек ететін мамандарды тарту, қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру.

Қазақ елге ес болған үлкендердің сөзіне қашанда ұйыған. Кешегі барған аудандардың, қаланың жаңа әкімдеріне ел ағалары, ақсақалдар, депутаттар тілектестік білдіріп жатыр. Әрбірден соң осындай ұйысудың да қадірін білуге тиіспіз. Қазір ашық әрі жариялы қоғам. Алайда, ашықтық, жариялылық осы екен деп оңды-солды ұрынуға, әлеуметтік желіге ойға келгенді жосықсыз жариялай салуға болмайды.

Кадрлық саясат қай заманда да қиындықсыз болмаған. Сондықтан, әділіне жүгініп, ақ-қарасына айқын баға беру әрбіріміз үшін сын емес пе?!

Расында, байыбына барып бағасын берер болсақ соңғы тағайындауларда рулық немесе туыстық емес, саланың сан қырын меңгерген мамандардың іскерлігі мен біліктілігі лайықты бағаланғаны анық көрініп тұр.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

«Сыр медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<