Праймериздің азаматтық қоғам құрудағы мәні зор

800

0

Биылғы жылдың оқшау оқиғасы – «NurOtan» партиясының алдағы саяси науқанға тас-түйін дайындалып, партияішілік праймериз өткізуі еді. Сонау 1842 жылы АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында алғаш қолданылған үміткерлерді дауыс беру арқылы сұрыптау технологиясын Аргентина, Уругвай, Франция, Германия сияқты Латын Америкасы және Европа елдері қолдады. Ол – 2000 жылы посткеңестік республикалар аумағында Ресей Федерациясында жүзеге асырылды.

Қандай бір партияның демократиялық бағытын айшықтайтын, ішкі мәдениеті мен этикалық қалыптарын нығайтатын, біртұтас көзқарас тәртібін шегендейтін бұл тәсілдің азаматтық қоғам құрудағы мәні зор. «Болды да партия, ел іші жарылды» дейтін ұлы Абайдың ескертуін нақ түсінген «NurOtan» бастамасы басқаларға да ой салса деймін. Себебі, праймериз кезеңінде партияластарымыздың болар іске белсенділігін, жауапкершілігі мен ұйымшылдығын байқадым. Облыстық, қалалық, аудандық филиалдар бекітілген кестеге сай жұмыс істеп, үміткерлер мен таңдаушылардың талап-тілектері деңгейінен көріне білді. Праймеризге қатысушыларға методикалық-техникалық көмек көрсету өз дәрежесінде жүргізілді. Бастауыш партия ұйымдарының мүшелерді қоғамдастыру іс-қимылында кінәрат байқалған жоқ. Соның нәтижесінде облыс бойынша өзім праймеризге барған Қармақшы ауданында сұрыптау сайысы мақсатты мәресіне жетіп отыр.

Мен облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болып, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық үдерісіне қатысып келемін. Зәру мәселелер де назарымнан тыс қалған емес, оларды шешуге әріптестеріммен бірге араласып жүрмін. Өзімнің жылдар беделінде жинақтаған тәжірибем мен партияластарымның сеніміне сүйеніп, жаңашыл бастамаға қатысып отырмын. Нәтижесін уақыт көрсетер. Ең бастысы – маған сенім білдірген 2232 партия мүшелеріне және праймериз кезеңін ұйымдастырушыларға алғыс сезімімді білдеремін.

Шаһизада Әбдікәрімов,

праймеризге қатысушы, Қармақшы

ауданы және Қызылорда қаласының

құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<