Қазақты қайыстырған қасірет

760

0

  Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Жаңақазалы поселкесіндегі №420 қазақ орта мектебіндегі бастауыш класта оқып жүргенімізде ән сабағынан Қобылаш Жаймұратов ағай ұстаздық етті. Зұлмат жылдарға сәйкес келген қызылша шешегінің дағы ма екен, әлде басқа себебі болды ма, ол кісінің жүзіндегі қара қошқыл, бұжырлы дақтар біздің бала көңілімізге қорқыныш ұялататын.

Бірақ көзіміз үйренісе келе түсі тым қара көрінген ағайдың жүрегінің соншалықты ақтығы, мейрімділігі, бір балаға дауыс көтеруді білмейтін жұмсақтығы ештеңені елетпей бізді ол кісімен етене жақын етіп жіберді. Кез-келген музыкалық аспапты шебер меңгерген біліктілігі, әсіресе балаларға басқаның бәрін ұмыттырып баурап алатын, бауырына қыса отырып шертетін мандолинасының әуезді дауысы,арасында бәрімізді айналасына жинап алып өткен өмірден әңгіме қозғайтын жайлы да қоңыр үні Қобылаш ағайымыздың сабағын асыға күтетін күйге жеткізді. Сондай күндердің бірінде бәрімізді қасына жинап алып сөзін бастады:

– Е-е балалар, сендер қазір ештеңеге мұқтаж емессіңдер, не ішем,не жеймін, не кием демейсіңдер. Ал білесіңдер ме, ата-әжелеріңнің, әке-аналарыңның, жалпы қазақ атаулының басынан небір нәубеттің өткенін. 1931 жылдан күшіне мінген ашаршылық алапаты басталғанда жасөспірім жігіт едім. Мен мұны сендерге айтпас та едім, бірақ бала болсаңдар да өмірдің күнгейі мен көлеңкесін, ащысы мен тұщысын жүректеріңмен сезініп, содан тәжірибе жинақтап, нәтиже шығаратын азамат болып өскендерің дұрыс болар деп ойлап айтып отырмын. 1933 жылдың соңына қарай ауылдарды аралап, аштықтан аман қалған үлкендерді, әсіресе балаларды талғажу етерлік азық беріп шамамыз кегенше әлдендіретін, қайтыс болғандарын жерлейтін комиссияның құрамына еніп жұмыс жүргіздік.

Сонда көрген сұмдықтарды ешқашан ұмытпаймын. Мысалы, сендер қазір көшеде кездейсоқ өліп жатқан ит пен мысықты көргеннің өзінде жандарың ашып біразға дейін ұмыта алмай жүресіңдер ғой, ал ол кезде адамдар – үлкен де, кіші де, тіпті емізулі нәрестеге дейін кез-келген жерде өліп жатты. Біз оларды арбаға салып жинап жүріп бір қабірге топтап көметін едік. Тірі қалғандары болса аузына су тамызып, аздап быламық жұтқызып тиісті жерге жібереміз.

Ағайдың айтқан әңгімесі бала көңілімізді, жан дүниемізді астаң-кестең етсе де естігеніміз дұрыс болды. Қазақтың басынан өткен ашаршылық, нәубет,қолдан жасалған қырғын, кеңестік саясаттың сансыз сұмдығы айтылуы, жазылуы, зерттелуі, ойсыраған орнын толтыруға мемлекет тарапынан әлі де болса нақты қадамдар жасалып, күш салынуы керек. Себебі, бұл болашақ ұрпақ тағлым алуы, сабақ алуы тиіс тарих.

Әлімжан ҚИЯС

                                                                                     

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<