Қой мен ешкі құндылығы неге төмендеді?

1106

0

Осыдан біршама уақыт бұрын газетімізде Қызылорда облысындағы және Қазақстандағы мал шаруашылығының жай- күйі, оның өнімдерінің мөлшері туралы мақала жарияланған болатын. Мақалада 1991 және 2020 жыл аралығында төрт түлік санының өсу барысы туралы сөз болған еді. Сол мақалада біз 30 жыл ішінде төрт түліктің барлық саны өсіп, керісінше қой мен ешкінің басы едәуір кемігенін әңгімелеген едік.

Шынында да, бұл ойлана­тындай жағдай. Жылқы, түйе саны тәуелсіздік жылдарында 2,5-5 есе өскенде қой мен ешкінің төмендеуі қалай? Бір­қатар сарапшылармен әңгі­мелестім. Белгілі маман Тобаш Ембергенов бұл жағдайды қой түлігінің қазіргі таңда та­быс көзіне айналмай отыр­ған­дығымен түсіндірді. Ке­зін­де Сыр өңірінде қой түлі­гі қыруар пайда әкелді. Бір­қа­тар шаруашылық басшы­ла­ры мыңдаған қой өрбітіп, Со­циалистік Еңбек Ері атан­ды. Бір ғана Сырдария ауда­нын­дағы «1 Май» кең­шарында 80 мың бас қой өсірілді. Асыл түлікке айрықша мән бе­ріл­ді. Сарысудың өңірі мың­ғыр­ған малға толы болды. Оның бер жағында қаракөл ел­ті­рісін өндіру жолға қо­йылып мемлекеттің оған ай­рықша мән бергенін атап өтуі­­міз керек. Жылдар өтті. Тоқ­са­ныншы жылдардың дүр­­белеңі кезінде қой түлігі талан-таражға салынды, тиын-тебенге сатылды. Міне, біз­дің басты олқылығымыз осын­да жатыр. Ардагер маман­ның сөзі шындыққа келеді. Шын­дығында, қазір қой түлігі та­быссыз салаға айналды. Оны өсіру үшін көп жағдай ке­рек. Тіпті малдың терісі өтпей­тін керексіз дүние болып қал­ды. Оның үстіне қазір жа­йы­лымдық барынша тарылды.

Малды табыс көзіне ай­нал­дырып жүрген кәсіпкер­лермен сөйлестім. Олар негізінен қой түлігін Қазақстанның оңтүстік облыстарынан сатып алып жатқанын айтты. Арасында Қа­рағанды облысынан әкелінген мал сатылады. Мал сатуда Қызылорда облысының үлесі мардымсыз көрінеді. Осының өзі біраз ойларға жетелейтін сыңайлы.

Енді нақты нәтижеге келе­йік. Егер Қызылорда облы­сында 1991 жылы қой мен ешкі саны 1,6 млн бас болса, 2020 жылы 698 мың бас құрайды. Екі еседен астам төмендеген.

Неліктен? Себеп көп. Бұл орайда бірқатар сала бас­шы­ларымен пікірлестік. Кәсіп­керлер қой түлігіне оншалықты мән бермейді. Өнімдері өтім­сіз, пайда әкелмейді. Егер бұ­рын мал терісін өткізу осы түліктің біршама шығындарын өтеп келсе, қазір теріні еш­кім алмайды, фермерлер шикі­зат­ты амалсыздан далаға тас­тап жатыр. Бұл бір ғана Қы­зылорда өңіріндегі жағдай емес, бүкіл Қазақстандағы ахуал осындай. Сарапшылар өткен жылы Қазақстанда тірі малды экспорттауға тыйым са­лынған соң проблеманың бір­шама ушығып кеткенін ай­­тады. Мысалы, еліміздің өзін­де жыл сайын 2 млн-нан астам ірі қара сойылады. Сойылған қой­дың санында есеп жоқ. Алай­да олардың терісінің бар болғаны, жұмсартып айтқанда, 30 проценті ғана өңделеді.

Бұрындары мал сойған ша­руалар ірі қара терісі үшін 10 мың теңге алатын. Қазір ол 40-50 теңгені құрайды. Қа­зақстанда тері өңдейтін 10 шақты кәсіпорын бар. Бірақ олар­дың барлығы негізінен рен­табельділігі төмен болған­дықтан, жабылудың алдында тұр. Айналым қара­жаты жоқ.

Енді мәселенің ең тү­йінді жағына келейік. Қазақстан­дық­­тардың мал қорасында тері тулақ болып жатса, Түр­кияда бір күнде 3 мыңға жуық тері өңделеді екен, Қырғыз­стан­да­ғы, Қытайдағы жағдай да жа­ман емес.

Саланың жағдайын оңал­туға аздаған болса да бетбұрыс жасалып жатқанын байқаймыз. Бұл орайда мемлекет агроөнер­кәсіп кешеніне айрықша мән беріп отыр. Еңбек өнімді­лігін арттыру – саланы өркенде­тудің басты жолы. Бұл Қа­зақстан экономикасының әрта­раптандыру саясатына сәйкес келеді.

Осы мақаланы дайындау барысында бірқатар тарихи дерекке сүйенуге тура келді. Кешегі жоспарлы экономика, дәлірек айтқанда, XX ғасырдың 70-80 жылдары Қазақстанда қой басын 50 млн-ға жеткізу туралы бастама көтерілді. Әри­­не, оның идеологиялық ба­­сымдығы болғанын жоққа шы­ғаруға болмайды. Жастар жаппай мал шаруашылығына бет бұрды. Комсомол-жастар бри­гадалары құрылды. Осында бір-екі жыл тәжірибеден өт­кен жастар жоғары оқу орын­дарына түсуге жолдама ала­тын. Бұл шын мәнінде мем­лекеттің басты ынталан­дыру шарасы еді.

50 млн қой басы өз межесіне жетпегенімен, Қазақстанда 1991 жылы қой саны 36 млн басқа жетті. Қаншама идео­логиялық басымдығы бол­ға­нымен, мемлекет негізінен өзі­нің алдына қойған мақсатына жетті.

Тарихқа жүгінсек, орыс экспедициясының зерт­теуі бойынша Орталық Қазақ­стан­да XIX ғасырдың басында төрт түлік санының қата­рын­­да қойдың үлесі өте ба­сым болыпты. Ірі қара мен жыл­қы саны XX ғасырдың басында өсе бастаған. Сол та­рихшылардың есебінше, Қа­зақстанда 1916 жылы 18,5 млн қой мен ешкі болып, ке­йінгі зұлмат замандарға бай­ланысты оның саны 3 еседен астам төмендеген. Ал, күштеп ұжымдастыру кезінде олардың саны 10 еседен астам төмендеген. Кейін келе мал басы біршама тұрақтанып, 1990 жылы оның саны тағы да едәуір төмендеген. Егер 1990 жылдары Қазақстандағы қой мен ешкі саны 36 млн бол­са, 2000 жылы оның саны 10 млн басқа дейін төмендеген. Жағдайдың қаншалықты күр­делі сипат алғанын осы де­рек­тер айқындап отырғанын байқауға болады.

Ашығын айтқанда, біз әлі де болса жіберген кемші­лік­теріміздің орнын толтыра алмай жатқан жағдайымыз бар. Экономикада, әсіресе ауыл шаруашылығында көп нәрсе бір-бірімен тығыз байла­нысты. Ол негізінен жер ре­­формасын тиімді жүргі­зуге де байланысты екенін жа­сыр­­ғымыз келмейді. Жеке мен­шікке пайдалануға берілген жерлерді оның қожайын­да­рының қоршап алуы, жайы­лымдықтың тарылуы, жемшөп базасының нашарлауы, су тап­шылығы – саланың дамуына ке­рі ықпал ететін түйткілдер болып табылады. Бұл орайда кәсіпкерлерді кінәлаудың ре­ті тағы келіңкіремейді, олар негізінен пайдалы іспен ай­налысқанды қолай көреді. Жыл­қы және түйе түлігінің өнімі өтімді бола бастады.

Қазір елімізде агроөнер­кәсіп кешенін дамытудың жа­ңа бағдарламасы жасалуда. Ауылдық жерлерде инфрақұ­рылымды өрістетуге барын­ша мән берілетін болады. Біз­діңше, бұл саланы дамыту­ға жаңа көзқарастың қалыптас­қанын аңғартады. Ал, мал ша­руашылығына қатысты тү­йіндер бірден шешілмейді. Оны жылдар бойы күтуге тура келеді.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<