Құшағы ажырамастан әуеде өртке оранған қос ғашық жайлы не білеміз?

593

0

2005 жылы шетелде оқитын қос ғашық Болат пен Айнұрдың оқиғасы әлі күнге ел есінде. Жаңа жыл қарсаңында Англиядан үйіне қайтқан екі жас көкте өртке оранған ұшақпен бірге жанып кеткен болатын. Айнұрдың анасы бірнеше жыл бұрынғы орны толмас қаза мен кенже қызы жайлы естеліктерімен бөлісті деп хабарлаған kerek-info.kz сайты.

Айнұр 1977 жылы 7 тамызда өмірге келген екен. Өміріндегі 7 сандарын бойжеткеннің өзі де мақтанышпен айтып жүріпті. «Айнұр – әкесінің қызы болатын, мойнынан түспеді. Өзі кіп-кішкентай, әппақ, пысық. Қазақстан Аруында» «Ең сүйкімді ару» номинациясын жеңіп алады. Алғыр, жолы болғыш. Үнемі анасына «мен 7-тамыз күні, 1977 жылы дүниеге келдім. 7 саны қасиетті, мен бақыттымын, мама» деп жиі айтады екен. Алдында қандай сынақ тұрса да, өтіп кетеді. «Мұнайтас» компаниясында қызмет істеп жүріп, Болатпен танысады. Лондондағы Еуропалық бизнес мектебіне оқуға кеткен Айнұрдың соңынан Болат та барады.

Екеуі Англияның Кардиф университетінің магистратурасында оқиды. Екеуі де «Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі. «Әкесінің қызы кітапты көп оқушы еді. Өте қайырымды болды. Жүрген жерінде елге көмектесіп жүретін. Қайырымдылық пен конкурстар – оның өмірінің айнымас бөлшегі еді. Шетелде ерлі-зайыпты ағылшындардың үйінде жатқанда тамақтарын істеп, үйлерін тазалап береді екен. Олар таң қалады дейді. Қызым ақ саусақ боп өскен жоқ. Кірді де жуды, үйді де ақтады. Арасында мал жайғауға да көмектеседі. Қара жұмыс пен білімге бірдей болатын»,- дейді анасы.

Ал қайғылы қаза орын алмастан 10 күн бұрын Айнұр анасына хабарласып, үйге келетіндерін айтыпты. Болаттың әке-шешесі Айнұрды көрсе, қыздың отбасы Болатпен танысып үлгеріпті. Анасы Шолпанның айтуынша, олардың «келеміз» деген сөзінен соң, екі жақтың да тойға қызу дайындалған. «Таразда жігіттің әкесі киіз үй құрып, келін түсіруге дайындалып отыр екен. Біз де тойдың қамына кірісіп кеткенбіз. Екеуі толтырып сыйлық алған. Англиядан Бакуге сәтті ұшып келіп, Бакуден Ақтауға кемемен келулері керек еді. Билеттерін өткізіп, дайын тұрған ұшаққа мініп кетеді. Үйге асығып тұрып, ажалға асыққандарын қайдан білсін?!

20 минуттан кейін лайнер атылып, өртеніп, қақ айырылады. Екеуі ұшақ теңселіп жатқанда бір белдікпен өздерін байлап үлгеріп, құшақтасқан күйі көз жұмыпты. Біз Айнұрдың қазасын көршімізден естідік. Ол үйге телефон соғып, «Айнұр ұшақ апатынан өлді» деп қойып қалған. Кір жуып жатқанмын. Үлкен ұлым Марат қасыма келіп, қалш-қалш етіп тұр. «Не дейсің? Құдай сақтасын» деп екеуміз жүгіріп, үйге кірдік. Апат туралы бір күннен соң естіп тұрмыз ғой. 15 минут сайын жаңалықтан айтып тұрған екен. Әуеліде Болат Кәрентаев деп айтып жатты. Қасындағы сүйектің кімдікі екенін білмей жатқан көрінеді. Күндіз болатын. Кешкі жетідегі жаңалықтан «Айнұр Сүлейманова» деп хабарлады. Есеңгіреп мен талып қалдым. Есінен ауып әкесі талды. Кешкісін үйдің іші азан-қазан болды», – деп анасы 2005 жылдың 23 желтоқсанын еске алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<