«Әлемде рухани құндылықтар, адамгершілік, гуманизм идеясы екінші кезекке ығыстырылып, өмірдің мәнін ақшамен, байлықпен, рақат күн кешумен, тұтыну дәрежесімен өлшеу белең алды. Қайырымдылық пен рақымшылдық азайды. Ашығын айтсақ, рухани жұтаңдыққа ұшыраудамыз. Сондықтан болар адамзат экономикалық дағдарысты қана емес, рухани күйзелісті де бастан кешіп отыр». Бұл – алдымыздағы айбар тұтатын аға ұрпақтың алаң көңілінен туындаған тұжырым. Осы пайымды оқта-текте емес-ау, жиі еститін болдық. Әрине, үлкендер өмір көргесін, білгесін, жастарға жанашырлықтан айтады. Бұл тұста ардагерлер, қоғамдық келісім кеңестері өкілдері жас ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігін айқын сезінеді. Сын айтумен шектелмей, тәрбие тінін үзіп алмауды, яғни сабақтастықты ойлайды. Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішевпен болған сұхбатта осы мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Экономиканың құлдырауы, көтерілуі – қайталанып тұратын құбылыс. Дағдарыстар өтеді де кетеді. Бірақ рухани дағдарыстың зардабы мұның бәрінен де қауіптірек емес пе?
– Біз, үлкендер, ел болу үшін ең бірінші бірлік керек екенін ұрпақ санасына үздіксіз сіңіріп келеміз. Бірлігі болмаған жұрт қалай ел болады? Дәлелді қашықтан іздемей-ақ қояйық. Он миллиондаған халқы бар ұлттардың мемлекеті жоқ. Бұрын болса да, тәуелсіздігінен айырылып қалғанына тарихи деректер куә.
Тұрғындарының 98 процентін жергілікті ұлт құрайтын, «Сыр – Алаштың анасы» деп дәріптелген мекенде өмір сүріп жатқандықтан, бізге жүктелетін жауапкершілік басқаларға қарағанда жоғарырақ. Аға ұрпақ осыны ойлап алаңдайды. Өзіміз көзін көріп, қолына су құйған абыз қариялардан естіген-білгенімізді шашау шығармай, жастардың бойына сіңірсек дейміз. Бұл қазіргі жаһандану мен әлемді шарпыған пандемия, экономикалық қиындық тұсында аса қажет. Рухани сұраныстан гөрі тұтынушылық сана басымдық алғанын өзіңіз де байқайтын шығарсыз. Дағдарыстың түпкі себебі тойымсыздық пен құнығушылық екенін айтпаса да түсінікті. Салдарынан қоғамда эгоизм, қатыгездік, жемқорлық, моральдық азғындау орын алуда. Оның үстіне адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасы да деформацияға ұшырады. Айтып отырғанымыздың бәрі рухани дағдарысқа жетелеп бара жатқан жоқ па?
Әрине, елімізде, оның ішінде Сыр бойында экономика, саясат, білім, мәдениет және барлық салаларда ауқымды реформалар жүргізілді. Оны сіз мен біз күнделікті өмірден айқын көріп отырмыз. Бір ғана Қызылорда қаласында атқарылып жатқан жұмыстар ордамыздың қайта түлеп, болашақтың қаласына айналарына сенім ұялатады. Жаңару мен дамудың келесі сатысына көтерілу үшін рухани өрлеу қажет.
– Осы тұста тәрбие мәселесі өздігінен алға шығады. Ал тәрбие рухани, мәдени құндылықтарға, білімге негізделетіні аян.
– Қоғамдағы келеңсіз көріністерден бойымызды тазартып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беруімізді уақыт қажет етіп отыр. Рух, жан, ар-намыс, наным-сенім, жігер, ізгілік, махаббат, парасат сияқты құндылықтарды дамытуға көшуіміз керек. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Адамға екі – ақ нәрсе – тірек тегі: бірі – тіл, бірі – ділі жүректегі» деген нақылды бүгінгі біздің болмысымызға арнап айтқан секілді.
Адамның табиғи жаратылысына, тіліне, діліне немқұрайлы қарауы, ұлттық мәдени құндылықтарынан алшақтауы рухани әлеуетінің төмендеуіне әкеп соғады. Үндістанда «бүгін балаларға беріліп жатқан тәрбие келешек бүкіл ұлттың бет-бейнесін анықтайды» деген ұстаным басшылыққа алынады екен. Қытайдың конфуцийлік ілімге негізделген философиялық доктринасы қазіргі күнге дейін халықтың рухани дамуының, мәдениетінің, қоғамдық қарым-қатынастардың негізгі тұғырнамасы болып саналады. Жапонияның бір кәсіпкерінен «Жапонияның тез дамып кетуіне не себеп болды?» деп сұрағанда, ол «Кедейлігі. Өйткені оның алақандай жерінде теңіз бен балықтан басқа түгі жоқ еді» депті. Тау мен тастан басқа түгі жоқ Израильде түгін тартса, май шығатындай жерұйық жасап отырған құдіреттің аты – білім. Белгілі публицист, юрист Шимон Перес былай дейді: «Бізде көп жер жоқ, шексіз ресурс жоқ, өзендер жоқ, кеңістік жоқ. Бізде бары тек ғылым ғана, технология мен еврейлердің ақылды бастары ғана. Мен еврей даналығына, Израильдің нағыз ғылым мемлекеті болуға тиісті екеніне сенемін. Біздің шикізатымыз – адам ресурсы. Бізде мұнай да, алтын да, алмас та жоқ. Оның есесіне бізде ақыл-ой мен интеллект бар. Біздің қазба байлығымыз қос құлағымыздың екі ортасында орналасқан» деген екен. Бұларды айтудағы мақсатым – ұлан-байтақ жердің иесі ұлтымыздың алдында ұлан-асыр міндеттердің көкжиегі көрінгеніне назар аударту. Сыртқы дүниеден өзімізге қажеттісін ғана алып, ғасырлар бойы жинақталған мәдени-рухани байлығымызды жастар бойына сіңіру қажеттілігі туындап отырғаны айдан анық нәрсе. Тереңнен ойлап қарасақ, кедейліктің немесе дағдарыстың өзі ілгері қарай дамуға жетелейтін күш екенін дәлелдеп тұрған жоқ па? Демек, жаңаруға батыл қадам жасау – уақыт күттірмейтін міндет.
– Сіз қызмет еткен Кеңес заманында ата дәстүрді «күні өткен нәрсе», «ескінің сарқыншағы» деп елемеу, тарих пен әдет-ғұрыпқа қысымшылық жасау болғаны белгілі. Тәуелсіздік дәуірінде дәстүрдің жаңғыруына не кедергі?
– Көз алдымызда өтіп жатқан екі құбылысқа назар аударғым келеді. Оның бірі – әлеуметтік әділетсіздік көріністері, екіншісі – экстремистік-сепаратистік пиғылдағы көзге ашық көрінбейтін топтардың іс-әрекеттері. Көпшілік ортада мынадай түсініксіз пікірлер қалыптаса бастады: «біздің өмір сүріп жатқан тіршілігіміз – жалған дүние, барлық жақсылық атаулы, біз көрмеген өмір, ана дүниеде» деп уағыз таратушылар күннен күнге күшейіп барады. Сонда Мәңгілік ел болу үшін жанын салып жүрген азаматтарымыздың жанқиярлық еңбегін қайда қоямыз? Ұлттық санамызды қалай жаңғырта аламыз? Идеология сенімге құрылады, ал дін дегеніміз – сенім.
Жалған еліктеуге ұрынбай, өзгенің ықпалына түспей, жаһандануды ұлттық болмысқа икемдей білуіміз керек. Біздіңше, оның тиімді жолы – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Осы ретте мәдени құндылықтарды алайық. Батыс өркениетінде мәдени-рухани құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату, пайда табу. Бұл қазақ қоғамына, діліне сәйкес келмейді. Фольклор, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер – біздің алтын қорымыз. Әрбірінің астарында жастарды тәрбиелеудің негізі жатыр. Келешекте «Ұлттық тәрбие» пәні мектептердегі ұлттық рухтың, тіл мен ділдің алтын қазығы болуы керек. Басты мақсат – жат жұрттың салт-дәстүріне, мәдениетіне жұтылып кетпей, заманға лайық өзіміздің ұлттық бейнемізді сақтап қалу, дамыту, өрісімізді кеңейту.
Біздің түсінігімізде рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады. Қазір еркіндіктен не істерін білмей жүргендер көп. Оларда мансап пен байлықтан басқа идея қалған жоқ. Сапалы білім берілмеген жерде жаңа технологияларды өмірге енгізе алмаймыз. Адам факторын алға оздыру, жастарды оқыту арқылы әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу керек. Ғасырлар бойы жинақталған мұра, тәжірибе кейінгілер игілігіне айналуға тиіс. Аға ұрпақтың ұлы да игі істерінің мұрагері – жастар. Бізге керегі – діл мен дәстүрдің сабақтастығы.
Әңгімелескен
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<