Сегіз жылдың серпіні

719

0

Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді оқыту, кеңес беру, бизнесті жүргізу, салаға қатысты заңға енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңашылдық, сондай-ақ, мемлекеттің бизнесті қолдау шаралары жөнінде ұдайы ақпараттандыру, кәсіпкерлерді құқықтық қорғау, бизнес және инвестициялық жобаларды қолдау, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікке қатысты мәселелерді шешумен айналысады.

Егер осы мәселелерге жекелеп тоқталар болсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің басты бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүддесін  қорғау. Нақты мәліметтерге сүйенсек, палата құрылған сәттен, яғни, 8 жылда кәсіпкерлерден 6 мыңнан аса арыз келіп түсті, оның ішінде 2232 арыз бизнесті қорғау бағытында болды. Орташа есеппен палата сарапшылары түскен өтініштердің  42 пайызында (934-і) оң шешімге қол жеткізіп, 64 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. 

Сонымен қатар, палатаның ықпалымен өтініштерді қарау барысында кәсіпкерлердің 8,8 млрд теңгеден аса қаражаты сақталып қалды. Оның ішінде қаржының 69 пайызы орта кәсіпкерлік субъектілерінікі болса, 31 пайызы –шағын бизнестікі.

Бізге көмек сұрап келетін жеке  кәсіпкерлер әрдайым кездеседі. Себебі, палата – қашан да кәсіпкерлер құқын қорғаушы орын.

Өткен 8 айда палатаға 89 өтініш тіркеліп, оның 40-ы оң шешім тапты, қорғалған сома 79 млн теңгені құрады. Аталған сома күші жойылған айыппұлдар, өсімпұлдардан, мемлекет тарапынан қайтарылған қаражат есебінен, сақталып қалған бизнес мүлкінің құнынан және т.б.  құралып отыр. Егер өтініш­тердің құрылымына талдау жасайтын болсақ, кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштердің басым бөлігі сатып алулар, жер, сәулет, құрылыс салаларындағы жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне келеді.

Палатаға келіп түскен арыздар бойынша сарапшылар 8 жыл ішінде 161 жүйелі мәселені анықтап, мәселелер тізіліміне 93-і енгізілді, 68-і оң шешілді. Өткен 8 айда жергілікті түйткілдер тізіліміне 8 мәселе енгізіліп, оның 5-і шешілді.

Бүгінгі күнге дейін жергілікті атқарушы орган­дардың 1064 нормативтік-құқықтық акт жобасы заңды тұрғыдан қаралып, оның 117-не ескертпелер мен ұсыныстар берілді. Ағым­дағы жылы 44 нормативтік-құқықтық акт жобасы қаралып, 4-і бойынша ескертпе жасалды.

2014 жылдың қаңтар айынан бастап палата жанында тұрақты жұмысшы орган – Кәсіп­керлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс жасап отыр. Кеңес отырыстарында 113 жүйелі мәсе­ле қаралып, оның 90-ы оң шешімін тапты. Нәтижесінде 800-ден аса кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтіріліп, 21 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан кеңестің 8 отырысы өткізіліп, 12 мәселе қаралды. Кеңес кә­сіпкердің құқықтарын қалпына келтіру бойынша 15 ұсыныс беріп, мемлекеттік органдардан 9-ы қолдау тапты. 

Шағын және орта бизнесте қар­қынды дамытатын саланың бірі – агроөнер­кәсіп кешені. Бүгінде ауыл шаруашылығымен ауыл халқының 70 пайызға жуығы айналысып отыр. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы бұл саланың еркін дамуына кедергілерді анықтап, шешу жолын ұсынып, оң нәтиже шығаруға әрекет жасап келеді.

Кедергілерді жою бағытында зерттеулер жасалып, 2019 жылы Ауыл шаруашылық, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық министрліктерінің бұйрықтарына өзгерістер енгізіліп, шаруалардың пайдасына шешілді. Күріш жинау комбайндарын импорттаған кездегі 12% ҚҚС алып тастауға қол жеткізілді. ҚР ҰЭМ-ның 13 ақпан 2015 жылғы №93 бұйрық жобасындағы ҚР аумағына импортталған техникалар тізіміне күріш комбайны енгізілген болатын. Бұйрық жобасына сәйкес, тізімдегі барлық техникаларға қосымша құн салығы енгізіліп, кәсіпкерлерге қаржылық ауыртпалық түсер еді. Палатаның араласуымен бұл бұйрық жобасы тізімінен күріш комбайны 2017 жылы алынып, күрішшілеріміз қосымша құн салығын төлемейтін болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңір­лерді дамытудың мамандандыру сызбасына облыстың аудандары енгізіліп, жеміс-жидек, сүт бағытындағы ірі қара малына жеңілдетілген несиелер мен субсидия алуға қол жеткізілді. «Өңірлерді мамандандырудың ұсынылатын схемасына» өзгерістер енгізілді. Осының нәтижесінде мақсары еккені үшін Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласының кәсіпкерлері, картоп еккені үшін Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданының, алма мен жүзім еккені үшін барлық аудан, сүт бағытындағы ірі қара мал өсіргені үшін Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының кәсіпкерлері субсидияға, сонымен бірге «Бәйтерек» ҰБХ АҚ тарапынан берілетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Ірі қара терісін шетелге экспорттау тыйымы алып тасталды. Индустрия министрлігінің теріні экспортқа шығаруды 2019 жылы 6 айға шектеуі осы кәсіпте жүрген қанша адамның бизнесін тоқтатты. Ал, мал сою пункттерінде, аулаларда сойылған мал терілері қоқысқа тасталып, қолайсыз жағдайлар тудырды. Сонымен қатар жыл соңында шектеуді 5 жылға созу жоспарланды. Атаулы мәселе, министрлікке, «Атамекен­нің»  орталық аппаратына және «Nur Otan» партиясына дейін көтеріліп, шектеу жыл соңында алынып тасталды.

Мал жаюға және шөп шабуға жер учаскелерінің жетіспеушілігі мал басын одан әрі көбейтуге кедергі келтірді. Атаулы проблеманы шешу барысында палата мамандары «Орман кодексіне» сай облыс кәсіпкерлеріне мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн 10 жылдық мерзімге пайдалануға беру тетігін анықтап, облыс әкімінің көмегімен орман қоры жерлерін ұзақ мерзімге жалға алу мәселесі шешілді. Осының арқасында ауыл кәсіпкерлеріне 100 мың гектарға жуық орман қоры жері мал жаю және шөп оруға келісім-шарт негізінде табысталды.

Пандемияға орай Президент Қ.Тоқаев әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарын өндіруші кәсіпкерлерге қатысты қосымша құн салығын 12 %-дан 8 %-ға дейін түсіруге тапсырма берген еді. Қабылданған бұл шешім 1 қазанға дейін күшінде болады. Ол тапсырма іске аса бастады. Алайда, бұл жеңілдікті күрішшілердің ала алмай қалу каупі болды.

Сыр өңірінің бренді болып табылатын басты байлығының бірі – күріш дақылы. Сондықтан оған қатысты мәселеге бей жай қарауға болмайды.  Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізілімі Үкіметтің 2020 жылғы 27 наурыздағы №141 қаулысымен бекітілген. Бұл құжат күрішшілердің түсініспеушілігін тудырды. Себебі, Үкімет қаулысындағы тізілімде күріш «ақталған домалақ дәнді күріш» деп көрсетілген. Ал, отандық күрішшілер тек орташа дәнді ақталған күріш шығарады. Құжатта бар, қолданыста жоқ күріш осы саладағы кәсіп иелеріне айтарлықтай жүк болуы мүмкін еді. Кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселені жан-жақты саралап, ұсынысымыз тиісті министрліктерге жетті. Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түсіндірме беріп, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне (ОКЭД) «орташа дәнді ақталған күріш» деп енгізді. Нәтижесінде күрішшілер жеңілдікке қол жеткізіп, проблемасы оң шешілді.

Еуразиялық экономикалық комиссия дүние жүзінде жарияланған пандемияға орай бірқатар азық-түлік түрлерін осы жылдың 30 маусымына дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен өзге елдерге  шығаруға тыйым салып, оның ішіне күріш те еніп кеткен болатын. Бұл мәселе қызылордалық диқандар үшін айтарлықтай проблема болды. Облыстағы ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері осы жылдың күз мезгіліне дейін үшінші елдерге экспортқа күріш жеткізіп беру үшін алдын ала ұзақ мерзімді келісім-шартқа қол қойған. Бұл саладағы кәсіпкерлеріміздің негізгі табысы экспортқа тәуелді. Сондықтан, кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» орталық аппаратына ұсыныс жіберіп, осыған сай аппарат шұғыл тиісті министрліктерге шығып, кәсіпкерлердің проб­лемасын жеткізді. Нәтижесінде, қазақстандық күріш экспортқа кедергісіз шығатын болды.

Осы ретте жастарға кәсіптік бағдар беру жа­йын айта кеткеніміз орынды. Өйткені, біздің бүгінгі ісіміз бен жоспарларымызды жалғастыратын жастар. Облыс жастарын мамандыққа бейімдеу мақсатында 2014 жылдан бастап 22000 мектеп оқушысы, колледж студенттері және балалар үйінің тәрбиеленушілері кәсіпорындарда кәсіби бағдар беру экскурсияларында   болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Қазіргі уақытта бұл үрдіс онлайн форматта жалғасуда. Мектеп оқушыларын  кәсіпкерлік негіздерімен таныс­тыру жобасы еліміз  бойынша ең  алғаш рет облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырыла бастады. Біздің бұл бас­тамамыз республика бойын­ша қолдау тауып, 2019 жылдан бастап  Қазақстандағы жалпы білім беру мектептерінің 10-11 сынып оқушыларына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» электив пәні енгізілді. Қыркүйектен бастап «Кәсіпкерлік қызмет негіздері»  пәні техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына негізгі пән ретінде енгізілді.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүзеге асырылады. Ол жастарға, оқу орындарына түспей қалғандарға, жұмыс іздеушілерге, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар мен аз қамтылған отбасынан шыққан азаматтарға, 29 жасқа дейінгі жастарға, жұмыспен қамту орталығында тіркелгеніне немесе тіркелмегеніне қарамастан, жұмыссыз жүргендерге мамандық алып, өз бетінше өмір сүруге көмектеседі.

Осы уақыт ішінде палата кеңесшілері кәсіпкерлікпен айна­лыс­қысы келген азаматтарға 60540 кеңес беріп, 13414 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсеткен. 2015-2020 жылдары «Бизнес мектеп» компоненті аясында бизнес-тренерлер, кәсіпкерлер 7083 азаматты оқытты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 5 жылда 11670 азамат дәріс алды. Олардың 6732-сінің жобалары әртүрлі көздер арқылы қаржыландырылды.

Мұнан өзге, 8 жылда кеңесшілер 1833 бизнес-жоспар әзірлеген. Аталған бизнес-жоспарлардың 3 млрд 450 млн теңгенің 690 жобасы қаржыландырылған.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы іске қосылған 2010 жылдан бері облыста құны 105 млрд теңге құрайтын 2699 жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Биылдың өзінде 1094 жобаны қаржыландыру үшін 14,5 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді.

Бағдарламалардың бірегейі – 2019 жылдан бастап іске аса бастаған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Оны жүзеге асыру барысында облыста 10 млрд теңге құрайтын 121 жоба іске қосылды. Осы жобалардың шеңберінде 589 жұмыс орны ашылды.

Палата арқылы 2015-2021 жылдары 7922 сертификат берілген. Оның 7219-ы – экспорттық, 692-сі – СТ-КЗ, 11-і – индустриалдық сертификат. Шет елдерге күріш, балық өнімдерін, мұнай, ванадий рудасын, кальций молибдатын, кварцтық құм, цемент экспортталуда. Өнімдерді Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Әзірбайжан мен Қырғызстан, Монғолия, Қытай, Тайвань, Латвия мен Швейцария елдері алады.

Облыс кәсіпкерлері өзінің кәсіби ісінде қашанда алдыңғы саптан көрініп келеді. Республикалық «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз», «Ұлы дала елі», тағы да басқа конкурстарға қатысқан «РЗА», «Абзал және К», «Сыр маржаны», «Далатекс», Мағжан және К», «Абай Дәулет» секілді серіктестіктер үздік деп танылды.

«Бірлік бар жерде береке бар» дейді халқымыз. Сыр елінің кәсіпкерлері алдағы кезеңдерде де ел игілігін арттырып, ерен еңбек үлгісін таныта береді деп сенеміз. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, жұмыс ырғағын арттыру бағытында кәсіпкерлер палатасының да пәрменді жұмыс жасай бермегі кәміл.

Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<