Сыр өңірінде, оның ішінде Айдарлы топырағында әулие-әмбиелер, ахундар жатыр. Қосназарұлы Құлбай әулие «Көкілташ» медресесінде білім алған, әулиелігі халық жадында қалған. Ол кісі Алланың берген қасиетінің арқасында адамдардың дертіне шипа дарытқан. Қиын тағдырлы, адам санасынан тыс қадір-қасиеті басым, ерекше жаратылған жан екен. Құлбайдан Үбаділ, Жұмаділ, Асан, Үсен тарайды. Құлбай әулиенің емшілік қасиеті Үсен баласы Махатайға дарыған. Ол кісі ауырған адамның тамырын ұстап, науқастың жағдайын біліп, дәл ажыратумен бірге соған сай ем қолдануды жете меңгерген.
Жас кезінде оқу оқып, өнерге бой ұрып, Ауған, Үнді, Мысыр елдерінде жүргенде бір күні Құлбай атасы келіп, ұйқысынан оятып, ішінде містер (скальпель), шөп тамырлары, дәрі аттары жазылған ішірткісі бар қалтаны науқастарды емде деп қолына ұстатады да жоқ болып кетеді. Оянса түсі екен. Атасының айтқанын істеп елге қайтар жолда Ауғанға келгенде керуенбасы қатты ауырып, көш жолда тұрып қалады. Сонда Жұмаділ атасы Махатайға келіп науқасты емдеу жолдарын айтады. Оң жақ құлақ шекесіндегі қатты соғып тұрған тамырын містермен қию керектігін ескертеді. Містерді қайдан аламын дегенде, «тез бар, болмаса өледі» деп ғайып болады.
Ертеңіне керуенбасын емдеуге барғанда құдайдың құдіретімен баяғы Құлбай әулие түсінде беріп кеткен қалта емдеуші тәуіптің алдында жатқанын көреді. Атасының айтқанын істеп емдеу шараларын жасайды. Сол қасиет атадан балаға беріліп, Үбаділден тарайтын бесінші ұрпағында жалғасын тапқан еді.
Бабадан берілген қасиетті Гиппократ антына сай білімділікпен жалғастыра білген Қызылорда қалалық ауруханасының хирург дәрігері Әмірхан Сейілханұлы еді.
Ол әскер қатарынан келген соң Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын ауыл шаруашылығының техник-механигі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бір жылдай Батыс Қазақстан теміржол мекемесінің локомотив депосында механик қызметін атқарды. Әмірханның жатса-тұрса ойынан дәрігер болу арманы бір сәт шыққан жоқ. Сол арманы алға жетелеп, жары екеуі бір саланың маманы болуға ден қойды.
Сөйтіп, екеуі 1978-1984 жылдары Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының «Емдеу ісі» факультетін бітірді. Интернатураға келген дәрігерлер бір жыл жедел жәрдем станциясына жұмысқа жіберілетін. Себебі, бұл – жаңадан қызмет жолын бастаған жас дәрігерлер үшін тәжірибе мектебі. Жедел жәрдем станциясында науқаспен бетпе-бет кездесіп, ауруға қандай көмек керегін тек өзі шешуге үйренеді, әрі қарай аурулармен қарым-қатынас жасаудың қыры мен сырын ұғады. Жас дәрігер Әмірхан сол кезеңде ерекше көзге түсіп, 1985 жылы қалалық ауруханаға оташы-дәрігер болып орналасты. Күн санап емдеудің, ауруды анықтаудың жаңа медициналық технологиялары өндіріске еніп жатты. Жас та болса жұмысы көңілге қонымды Әмірханды жаңадан ашылған радиоизотопты зертханаға (иондық сәулемен диагностикалау) бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындады. Ол істі 1997 жылдың қазанына дейін мінсіз атқарды.
Медицина саласында реформалау, жекешелендіру жүргізіліп, қалалық аурухана «Денсаулық» мекемесі болып құрылған шақта да, жалпы қалалық ауруханада өмірінің соңына дейін істеді. Мамандығын биік ұстап, мыңдаған ота жасады. Үнемі ізденіп, Ресей, Украинада білімін жетілдіріп отырды. Үлкенге де, кішіге де сыйлы болды. Ұжымдағы тәжірибелі дәрігерлер Е.Омаров, Ә.Төрекеев, С.Құлсартов, О.Мырзағұлов, Ю.Фатиадиді ұстаз тұтты. Солардан үйреніп, тәжірибесін өз шәкірттеріне берді. Шәкірттерінің бірі Бауыржан Төлегенов қалалық аурухананың бас дәрігері, Бауыржан Жұбандықов хирургия бөлімінің меңгерушісі болып, пациенттермен қойын-қолтық жұмыс жасап келеді.
Әмірхан өте бауырмал, үлкенге ілтипатты, кішіге қамқор аға, ойы зерек, білімі терең, білек күші басым, батыр тұлғалы азамат болатын. Бала кезімізде Айдарлы ауылындағы ата-әжесіне келгенде балалардың әдеті емес пе, шекісіп қаламыз. Құмның басында бір топ бала қаладан келген қалың қасты, түрі сұсты баланы ортаға алдық. Қас батырдай қасқайып, қолына орап алған доғалы солдат белбеуі бар Әмірханды алғаш көруім еді. Бізден үлкендердің өзі батылы бармады. Кері бұрылып жалғыз өзі асықпай кетіп бара жатты сонда.
Әбекең жастық шағында сезімін білдірген Ұлмекенмен байланысын үзбеді. Ұлмекеннің әкесі Мұхамедияр аға ақ көңіл, еңселі, сенгіш, өмірден өткенше үлкенге де, кішіге де Мұхаң болған ардақты азамат еді. Әмірхан осылайша өнегелі отбасынан шыққан арумен отау құрды. Сосын екеуі жоғары оқу орнындағы оқуын жалғастырды. Екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, оларды оқытып, тәрбиеледі. Екеуі де ұжымда абыройлы еңбек етті.
Ұлмекен білімді дәрігер, білікті басшы, сүйікті жар, аяулы ана, сырлас жеңге, келісті келін, ардақты әже болды. Ұжымында әр сөзін шегелеп, нақтылып айтатын, кемшіліктерді дер кезінде көріп, оны жоюдың жолдарын нақты көрсете білетін білікті басшы, қолы шипалы дәрігер атанды. Енесінен көрген өнегесін келіндеріне үйретуден жалықпайды.
Хирург-дәрігер әрі білгір, әрі психолог болуы керек. Науқас сабыр тапса, сенің жеңгенің, сеніміне кіргенің. «Ең мықты дәріні таптым, ол – сенім» депті Авиценна. Сенімге ену арқылы абыройың асады, өйткені дәрігер адамға көрер жарығы болса, өмір сыйлаушы – Алладан кейінгі дәрігер. Әмірхан үнемі ізденіс үстінде жүретін. Қолында кітап, медициналық жаңалықтар басылған басылымдар. Ота жасауда адам ағзасына пышақ тигізбейтін аппараттарды, эндоваскулярлық хирургия, анавризм ауруларын емдеу жайлы көбірек айтып отыратын. Көкөністердің, қарбыздың адам ағзасына тигізер пайдасын, жергілікті жерде өсетін адыраспан, бақбақ, қызыл мия, жантақ, шайшөп, есекмия, т.б. емдік шөптер барын медицина тілімен жеткізе білетін. Мұны айтып отырғаным, бұл – атадан балаға жалғасып келе жатқан шипагерліктің сабақтастығы.
Бір кездегі Құлбай әулие, Махатай емші халық денсаулығын сақтап, оларды бірлікке, тірлікке шақырды. Ал олардың ұрпағы Әмірхан адамға жақсылық жасауға үнемі дайын тұратын. Жүрек-қан тамырларына, тыныс жолдарына хирургиялық ота жасауда «Ангиограф» медициналық аппаратының шығатынын, оның пайдасы жайлы көбірек айтатын. Ал сол аппарат 2017 жылдан бері облыстық балалар ауруханасында жұмыс істеп тұруы мұны дәлелдей түскендей.
Кейде ой толқынында ескексіз қайыққа мінген жолаушыдай күй кешемін. Оның өмірден кеткеніне 10 жылдай уақыт өтсе де, әлі қасымда жүргендей. Әмірханның жас бейнесі Қасымхан мен Ғазизханға жолыққанда, Аллаға тәубе деймін. Барына шүкіршілік етемін, себебі адам ұрпағымен мың жасайды. Барлығын аманат етіп тапсырып кеткен жары Ұлмекен отанының түтінін түтетіп, балалары мен немерелерін шуағына бөлеп отыр.
Ақ халатын кірлетпеген, ел есінен бір кетпеген Әмірхан небәрі 53 жыл ғана ғұмыр кешкенімен, жасаған жақсылығымен ағайын-туыс, әріптестерінің есінде сақталып қалды. Бабалардың киелі қасиетінің сабақтастығы жалғасып, Құлбай әулиенің жолын, Махатайдың емшілігін, Әмірханның дәрігерлігін ұстайтын ұрпақтарға жаратушы Алла қамқоршы болсыншы!
Әуезхан РАХМАНҚҰЛОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<