«Сыр Ана» маңы сұлулана түсті

2556

0

Сыр елінің жүрегі – Қызылорда қаласы кейінгі жылдары жаңа кейіпке ене бастады. Айталық, Тәуелсіздік даңғылы дария бойымен Тасбөгет кентіне жалғасуда. Ал жол бойындағы «Сыр Ана» монументінің маңы толықтай жаңарған. Бүгінде дария бойында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Монументтің артқы бетінде осы аумақ тұрғындарына арналған ойын алаңы бар. Мұнда балаларға сырғанақтар мен әткеншектер, үлкендерге жаттығу жасар нысандар қойылды. Ал монументтің алдыңғы бетінде жаяу жүргіншілер жолындағы субұрқақ орналасты, – дейді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев.

Субұрқақтың су сақтау орны 54 текше метрді құрайды. Суды 12 метр биіктікке дейін көтеру мүмкіндігіне ие. Оның үстіне, түрлі-түсті жарықтар беріліп, әуен қосылады. Заманауи субұрқақтан бөлек, мұнда автотұрақ пен тротуар жасалып, жарықтандыру қойылған. Бұрынғы үлкен алаңқай бөліктерге бөлініп, көгалдандырылған және жарықтандыру жүргізілген. Мұның бәрі Сыр елінің символына айналар «Сыр Анаға» сән беріп тұр. Мұндағы барлық жұмысты «Техноснастка-Ремсервис» ЖШС атқарған. Ал Тәуелсіздік даңғылының жалғасы өткен жылдан өтпелі жоба. Десе де, қаражаты толық шешілмеген соң келер жылға өтеді. Бірақ биылғы бөлік Көктөбе көшесімен қиылысады деп отыр жауаптылар.

– Негізі даңғыл әуелі Көктөбе көшесімен қиылысады. Одан соң Жастар үйінің жанымен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына қосылады. Сосын тікелей Қызылжарма каналына барып, Тасбөгет кентіне кіреді. Даңғылдың дария жақ беті таспен биіктетіліп, судан қорған қалыптасады әрі қоршаулар қойылады. Жаяу жүргіншілер жолы мен веложолақ та салынбақ. Оған қоса үш жерде автотұрақ та болады. Осы күнгі Тәуелсіздік даңғылы қандай болса, бұл бөлік те солай жалғасын табады. Жарықтандыру жүргізіліп, сапалы жол төселеді, – деді Біржан Далабаев.

Жол салу жұмысын салада тәжірибесі мол «Қыран» серіктестігі атқаруда.

Дәулет Қырдан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<