Тәуелсіздік: 1995-1996 жылдар

1124

0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел өміріндегі елеулі өзгерістермен есте қалды. Алдымызда болашаққа бағдар беретін маңызды жобалар күтіп тұрған еді. Ертеңгі күнге үлкен үмітпен қараған көпшілік егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға төтеп берді. Мәдени-рухани өмірде өрелі өзгерістерге жол ашылды. Жаңашыл істер еліміздің тыныс-тіршілігінде жарқын көрініс берді. Сыр өңірінде де мұндай игілікті жұмыстар көпшіліктің көзайымына айналды.

1995 жылы тәуелсіз еліміздің тарихында аса ауқымды көлемде өткізілген рухани шара  қазақтың бас ақыны Абайдың 150 жылдық мерейтойы болатын. Әрине, ұлтының қамын ойлаған кемеңгерге тәуелсіздік жылдарына дейін де құрмет көрсетілген еді. Десе де, азаттық таңы атқан кезеңде Алаш жұрты Абай жылын айрықша тойлауға мүмкіндік алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  1995 жыл Абай жылы болып жарияланды. Бұл қазақ елін әлемге танытатын ұлттың дара тұлғасын ұлықтаумен ұласты. Айта кетерлігі, ол ЮНЕСКО деңгейінде тойланды. Осылайша көпшілік Абайды жаңа қырынан таныды. Тұғырлы тұлғаның шығармаларымен толық танысуға жол ашылып, одан сусындауға қол жетті. Соның арқасында тәуелсіз ел өзінің ірі тұлғасын әлемге танытты. Жер-жаһандағы жалпақ жұртқа Абаймен мақтанатын жағдайға жетті.

 – Бүгін  – ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиналып отыр. Оның дүниеге келгеніне әр он жыл толған сайын осылай бас қосып, өткеніміз бен кеткенімізді, жеткеніміз бен жетпегенімізді бір сарапқа салып алу әлдеқашан әдетімізге айналған. Соның әрқайсысында Абайдың аты жаңаша асқақтап, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа биікке көтерілумен келеді. Бір кезде абзал ақынымыздың асыл мұрасының таптық идеология табанында тапталып қалмай, жаңа ұрпақтармен бірге жасайтын мәңгілік құбылысқа айналғанына қуандық,  – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерейтойға арналған салтанатты мәжілісте жасаған баяндамасында.

Кезінде тағдырдың жазуымен қазақ топырағына қаншама ұлт пен ұлыс қадам басты. Саяси зобалаң зардабын көрген өзге ұлт өкілдерін жергілікті халық құшақ жая қарсы алды. Көзіндегі мұңды, жүрегіндегі шерді сейілтуге тырысты. Кейіннен қазақ топырағындағы ұлт пен ұлыс достығы жарасқан, татулықты ту еткен жарасымды өмірге қадам басты. Осындай жылы рәуіштегі өмір бейнесі тәуелсіздік жылдарында да жалғасты. 1995 жылдың 1 наурызында  сан түрлі ұлттың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мұндай ұйым ТМД елдерінің ешбірінде жоқ. Ол шын мәніндегі халық өкілеттілігінің органы болды. Қай ұлттың да азаматтарын саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардың жаңаруына жұмылдыратын қоғамдық ынтымақ органы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы шешім 1992 жылғы желтоқсанда өткен Қазақстан халықтары құрылтайында қабылданды. Ұзақ ізденістердің, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдерінің, этнологтардың, заңгерлердің, басқа да сала мамандарының пікірлерін зерттей келе, ассамблеяға Мемлекет басшысының жанындағы консультативті-кеңесші орган дәрежесін беруге ұйғардық» деп жазды «Ғасырлар тоғысында» кітабында.

1996 жылы Қазақстанның қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының іргесі қаланды. Оның құрылуына сол кезде біраз жұрт күмәнмен қараған еді. Десе де ол өзінің шынайылығы мен қажеттілігін танытты. Ұйымның өңірдегі ғана емес, әлемдегі беделі де айтарлықтай жоғары.

Бұл жылдарда Мемлекет басшысының шетелдерге сапары жалғасып, халықаралық ықпалдастықтың алғашқы баспалдақтары қалана бастады. Экономикалық ынтымақтастықтар негізінде Президент Үндістан, АҚШ, Малайзия, Сингапур, Австралия елдеріне сапар жасап, олардың бәрі де дерлік сәтті өтті.

Осындай сапарлардың бірінде Елбасының Түрікменстанға жолы түсті. 1996 жылдың 3 наурызында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кеңесінде Арал теңізін сақтау мәселесі таразыға тартылды. Аталған кеңес барысында Аралды құтқарудың халықаралық қоры, мемлекеттік кеңес және атқару комитеті құрылып, оған басшы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.

Қордың негізгі міндеті – халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру. Бұл бағытта бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыруға мән берілді. Күллі әлем жұртшылығы көз тіккен экологиялық апатпен күресті Халықаралық Аралды құтқару Қоры үйлестіріп отырады. Бұл бағытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму, Экологиялық бағдарламаларына назар аударылды. ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік Банк, Азия Даму Банкі, ТАСИС ұйымдарымен жұмыс жасалды. Сонымен қатар, Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Швеция және өзге де донор елдер үкіметтерімен біріге отырып ауқымды жобалар қолға алынды. Аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізілді. Арал теңізі бассейнінде 1995-2010 жылдары көптеген бағдарлама іске асырылды.

ҚР Үкіметінің кешенді бағдарламалары мен Арал теңізі бассейнінің бағдарламасы аясында Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын бірлесе басқару тетіктерін қамтамасыз ету, экологиялық апат аймақтарын қалпына келтіру, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету, олардың денсаулығын жақсарту, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселелері бойынша біршама жұмыстар атқарылды.

1996 жылдың 7 мамырында Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті болып қайта құрылды. Екі жылдан кейін аталған жоғары оқу орны Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтымен бірігіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті атанды.

Аталған университеттің оқу және ғылыми жұмыстарын жоғары білікті оқытушылар ұжымы жүргізеді. Олардың арасында ғылым докторы және кандидаттар саны аз емес.  Студенттер жаратылыстану және әлеумет, гуманитарлық сала, экономика, педагогика, өнер, мәдениет, спорт саласы, технология машиналар мен құралдар, мұнай-газ ісі, электр энергетикасы, азық-түлік өнімдері технологиясы, құрылыс, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы және өзге де салалар бойынша дәріс алады. Білім беру жүйесін дамыту, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу арқылы оқу процесін жетілдіру, ғылым мен практиканы ұштастыру, оқытушылар мен студенттер шығармашылығын қалыптастыруға көңіл бөлуде. Бұл бағытта Канада, Түркия, Оңтүстік Корея, Египет, Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан секілді алыс және таяу шетелдердегі ғылыми орталықтармен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.

1996 жылы 8 қазанда ҚР Президентінің жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» (АЭА) құрылды. Оның бағдарламасы негізінде қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Түрлі меншіктік жүйелер жасалып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелері құрылды. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді. Экономиканың жандануы мемлекет және қала бюджетіне түсетін қаржы сомасын арттырды.

1996 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз Қазақстанның алғашқы бес жылдығы кеңінен атап өтілді. Қысқа уақыт аралығында еліміз әлемге танымал болып үлгерді. Қазақстанды жер шарындағы 117 мемлекет тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Еліміз 105 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Ал 26 ел бізде өз елшілігін ашса, қырық елде біздің елшіліктер мен өкілдіктер жұмыс істей бастады.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<