Тазалыққа келгенде тағылықтан озбаймыз. Неге?

2159

0

Таза қалада тұруды бәрі жақсы көреді. Бірақ біздің ниет бөлек те, әрекет басқа. Көшеде конфет пен целлофанды білдіртпей ұшырып жіберіп, бөтелкені байқатпай лақтыра саламыз.

Өз ауласына контейнер орнатпай, көпқабатты үйлер арасындағы контейнерге түн ортасында келіп қоқыс тастайтындар да бар. Мұндайды көрсек ескертуге болар еді, бірақ бізге бәрібір секілді. «Жинап алатындар бар» деген самарқаулық па, әлде өзгенің ісіне араласпайтын тым «мәдениеттіміз» бе? Сөйте тұра үйілген қоқысқа қарап, «Тазалықшылар неге алмайды?», «Әкімдік не қарап отыр?» дейтіндер аз емес.

Қоқыс тастауға да тәртіп керек

Біздің қалада «менің үйімнен мүлде қоқыс шықпайды» дейтін тұр­ғын­дар да бар екен. Ойланып қарасаң, қисын­сыз уәж. Тірлік бар жерде қоқыс та бар. Сондықтан бұл контейнер сатып алмаудың, тиісті мекемемен келісімшартқа отырмаудың, ақы төле­меудің амалы екенін аңғарасың. Сонда олар үйден шыққан тұрмыстық, азық-түлік қалдықтарын қайда тастайды?

Байқаған боларсыз, қаланың шеткі аудандарында экскаватор қазып кеткен ойық, жарық бағанасының түбі қоқысқа толып, тіпті талдардың бұтақтарында целлофан толы тамақ қалдықтары ілініп тұрады. Бұл – әлгі «менің үйімнен лас зат шықпайды» дейтіндердің әрекеті. Түнде, таң ата келіп, көпқабатты үйлердің контейнеріне құрылыс заттарын, сынған жиһаз, малдың қиын тастап кететіндер де бар. Мәдениетіміздің деңгейі осы, жалпы мұндай контейнерге қоқыстың барлық түрін сала беруге бола ма? «Қызылорда тазалығы» ЖШС директоры Талғат Құлмағанбетовке жолыққанымызда оның да өз тәртібі бар екенін айтты.

– Көпқабатты үйлердің ауласындағы контейнер тек тұрмыстық қатты қалдықтар салуға арналған. Айталық, бұған азық-түлік қалдықтары жатады. Ал, жиһаз, істен шыққан теледидар, магнитафон, кір машина, үй жануарларының өлексесін, құрылыс қалдықтарын, талдың бұтақтарын тастауға болмайды. Мұндай заттар қалдық таситын көліктің ішкі жүйесін бұзады. Бұл көліктердің төбесі қоқыс ұшып, шашылмауы үшін жабық етіп жасалған, тек бір контейнер көлеміндей бөлігі ашық. Оның ішінде көп мөлшердегі қоқысты сыйдыру үшін нығыздап, жинап тұратын плита бар. Егер оған әлгіндей құрылыс қалдықтарын салсақ, реттеуші плитаның рельсіне зақым келеді. Оны ауыстыру үшін Ресейге тапсырыс береміз, оған 2 айдай уақыт керек. Негізі бір қоқыс таситін көлікке кәдімгі 3 жүк көлігіне тиейтін зат сияды. Ал, қазір тұрғындардың жауапсыздығынан, тәртіпке салғырт қарауынан 2013 жылы алынған техниканың 70 проценті істен шықты.

Бүгінде қалада 824 көпқабатты үй бар. Соның барлығының қоқысын жинау үшін 25 көлік қажет. Ал бізде бары 9 көлік. Норматив бойынша, 1 қоқыс таситын көлік күніне 2 рет қана рейс жасау қажет. Ал, техника тапшылығынан таңғы 4-те жұмысын бастаған көліктер кешкі 22.00-ге дейін 3-4 рет полигонға қатынайды.

Тұрғындар тек тұрмыстық қатты қалдықтар үшін ақы төлейді. Ал, әлгіндей заттарды шығаратын болса, шашылмайтындай етіп қаптап, ауласына шығарып, пәтер иелерінің кооперативіне немесе тазалық мекемесіне хабарласу керек. Сонда біз оларға төбесі ашық, арнайы көлік жібереміз. Бірақ оның ақысы бөлек төленеді. Көпқабатты үйлердің контейнеріне мұндай қалдықтарды тастайтындардың көбі жер үйде тұратындар. Мұны ұрлыққа да жатқызуға болады. Көршіңнің есебінен білдіртпей, электр жарығын пайдалансаң, ұрлық болып есептеледі ғой. Бұл да сол секілді. Ешкімге көрсетпей келіп, көршілерінің контейнеріне қоқыс тастайтындардың әдепсіздігі туралы бұдан артық не айтуға болады? – деді ол.

Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, жеке сектордағы үйде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға арналған контейнер болуы керек. Контейнер сол үйдің меншігі болып есептеледі әрі ол ұзақ жылға жарайды. Ал, контейнер орнатпай тұрып, тазалыққа келгенде жұмысты сонша қиындатып, қоқысты көшеге тастап, оны мекеме жинамады деп әлеуметтік желіге салып, әбігерге түсудің не қажеті бар?

Айыппұл – 14 585 теңге

Шілде айы да аяқталды. Бір айлық коммуналдық шығынды өтеу үшін қолыңызда 7 мың теңге бар делік. Әуелі ажыратып кетер деп, жарықтың ақшасын төлейсіз. Одан кейін газ бен судың төлемі бар. Интернетке де ақша салуды ұмытпайсыз. Ал, қаражат ауыспаса, қоқыс үшін төлеуді кейінге қоя саласыз. Мұндай жағдай сізде де болды ма, негізі тұрғындардың көбі сөйтеді. Өйткені, көпшілік үшін қоқыс мәселесі – ең соңғы орында. «Бізді қынжылтатыны да тұрғындардың осы көзқарасы» дейді тазалық мекемесінің басшысы.

– Кейбір жастар тазалықшыны көре тұра бөтелкесін лақтырып кете береді. Ал оны біздің қызметкерлер бүгіліп алуы керек. Ол да анам мен әпкем, әкемдей адам деген түсінік жоқ оларда.  «Осы үшін жалақы алып отырсың, міндеттісің» деген ғана ой бар. Бірақ мұндайларды «мекемеге бюджет бөлген қаражат жеткілікті ме, техникалық мүмкіндік жете ме, халық ақысын төлеп отыр ма?» деген сұрақ ойлантпайды. Неге халық үшін тазалық мекемесі, тазалықшы қызметкер ең соңғы орында болуы керек? Ал мәдениетіміздің деңгейі әлгіндей. Әйтеуір, жерден бірдеңе шығып тұрса болғаны. Ол жарық бағанасы ма, тал ма, бәрібір. Түбіне қоқыс жинай береміз. Баршаға ортақ көше, баршаға ортақ қоғамдық орын ғой. Мұны көрген адамдар да тұрғынның сол әрекеті дұрыс, қалыпты дүние секілді ескертпей өте береді.

Өткенде күннің ыстығы 46-48 градусқа көтерілгенде көп адам жұмыс кабинетінен, үйінен шықпай сақтанды. Ал біздің қызметкерлер аптапқа қарамай, көше сыпырып, қоқыс жинады. Тазалық мекемесіндегі әрбір қызметкерге осы үшін құрметпен қараймын. Олар салқын кабинет, жайлы үйде отырып әлеуметтік желіде «мына жер шашылып жатыр, тазалықшылар неге келмейді?» деп, сөз таластырып отыратындардан әлдеқайда мықты.

Жақында құрбан айт мерекесі өтті. Көп адам құрбандық шалып, сауап алуға ұмтылды. Бірақ құрбандық шалғандардың кейбірінің әрекеті көңілге қонбайды. Қазақ бұрын малдың тек тұяғы мен терісін тастаған. Ал, қазір оған қоса басы мен өкпе-бауырын, ішек-қарнын қалдырып, контейнерге тастап кететіндер бар. Күн шыжыған уақытта ол иістеніп, контейнерді тазалаған көптеген қызметкеріміздің денсаулығы нашарлады. Біржақты ғана ойланудың салдары бұл. Негізі мұндай қалдықтарды арнайы станцияға өткізуі керек, сонда ешкімге де зияны тимес еді, – деді ол.

Тазалыққа келгенде тағылықтан озбаймыз. Неге?

Мекеме басшысының сөзінен бізде қоқыс тастауға ұқыппен, қызметкерге құрметпен қарау мәдениеті жетпейтінін түсіндік. Өйткені, «бұл жерге қоқыс қалдырмаңыз» деген тазалықшының сөзін елең қылмайтындар көп. Бірақ олар айыппұл сала алмайды. Сондықтан жай сөзге түсінбейтіндер, айыппұлдан аяқ тартатын болар деген ой келеді осындайда.

ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңының 434-бабы 1.2 тармағына сәйкес белгіленбеген орынға, яғни көше бойына тұрмыстық қатты қалдық тастайтын болсаңыз, 5 МРП, яғни 14585 теңге айыппұл салынады. Ал белгіленбеген орынға тұрмыстық қатты қалдыққа жатпайтын қоқыс тастайтын болсаңыз, 30 МРП, яғни 87 510 теңге айыппұл салынады.

Санитарлық полиция болса…

Егер қалада осындай құқық қорғау қызметкерлері болса, бірнеше айдың ішінде толық таза қалаға айналар едік. Өйткені, бақылау да, тәртіп те күшейеді. Ал, қазір кез келген жерге қоқыс тастайтындарға айыппұл салу учаскелік полицияның құзырында. Талғат Бекмырзаұлы тазалықшылар  мұндай тұрғынды байқап, учаскелік полицияға хабарлағанның өзінде кейде келсе, кейде уақыты жоқтығын, маңызды жұмыстармен жүргенін айтады екен.

Ал, санитарлық полиция тек тазалық мәселесімен айналысар еді. Әйтпесе, 20-30 үй болып, бір жерге айлап қоқыс тастап, ол үйіліп, шашылғанда видеоға түсіріп, «тазалық мекемесі неге қарамайды?» дейтін масылдық көзқарасты жою мүмкін емес.

Шындығында, қоқыс үшін төлейтін ақы да қымбат емес. Көпқабатты үйде тұратын 1 адам үшін айына 232 теңге болса, жеке секторда тұратын 1 адам үшін 321 теңге. Есептеп қарасақ, жер үйі бар бір отбасында 7 адам бар десек, айына төлейтін ақы 2247 теңге. Қала тазалығын сақтап, балалар ойнайтын аумақтың таза болуы үшін, өзіңіздің және отбасы мүшелерінің денсаулығы үшін айына осынша ақшаны бөлуге болады ғой.

Тазалыққа қаржысын қимай, бірақ таза қалада тұруды қалайтындар осыны ескерсе, қанеки.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<