Түрмеден кейін де тіршілік бар

476

0

Бүгінде аяқ-қолы сау, тепсе темір үзетін азаматтар екі қолға бір күрек таппай жүргенде кезінде істі болып, қылмысын өтеп келгендер үшін жұмыс көзін табу, қоғаммен араласу өте қиын. Себебі, темір тордың ар жағындағы ереже, тәртіп бөлек. Қоғамнан жырақ­тап, қатаң тәртіп күйіне үйренген жан­дарды қалыпты өмірге бейімдеу, олар­ды жұмыспен қамту қазіргі күні елімізде жолға қойылуда.


Өңірде еліміздің түзеу мекемелері­нен жазасын толық өтеп шыққан, про­бация қызметі мен жергілікті поли­ция қызметтерінде 383 адам есепке алынған. Оның 355–і пробация қызме­тінің есебінде тұрса, 28-і – жазасын толық өтеп шыққан азаматтар. Оларға қазір құқықтық, психологиялық көмек көрсетіліп, 133 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, кәсіби оқыту, қайта даярлау және біліктілігін арттыру барысында биыл оқуға 39 азамат өтініш білдіріп, тіркеуге алынды. Соның ішінде 13-і қысқа мерзімді курсқа жолданып, қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашуда.

Бұдан бөлек, жазасын өтеген азаматтар әлеуметтік-медициналық кө­мектен де тыс қалған емес. Мәселен, «Жұ­мыспен қамту орталығы» арқылы атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алуға 33 азаматқа, пәтер алу кезегіне тұруға 3, жер телімін алу кезегіне тұруына 11, құжаттарын қайта рәсімдеуге 9 аза­матқа көмек көрсетілді. Пандемия ке­зінде 135 адам әлеуметтік көмек алды. Жәр­демақыдан басқа, азық-түлік­пен қам­тамасыз етіліп, барлық жағдай жасалды.
Қоғамнан алшақтап қалған жан­дарды қайта ортаға бейімдеуде мәдени іс-шаралардың орны бөлек.

Осы ретте облыста түзеу мекемелеріндегі есепте тұрған жандардың қатысумен «Ашық есік» күндері, «Қақпа алдында кездесу», «Кітап» акциясы секілді шаралар өткі­зіліп, ондағы жандар өз ойларын орта­ға салып, несие алу, кәсіп ашу секілді түрлі ақпараттармен қанықты.

Мұның барлығы түрмеден кейін де өмір бар екенін ұғындыру, сонымен бірге мемле­кет тарапынан жасалып жатқан мүмкін­діктерді көрсету болатын. Ендігі жерде сол мүмкіндікті пайдалана білу керек.

А.АДЫРАНОВ,
заңгер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<