Үйренушіге үлгі болады

431

0

Телефон. Компьютер. Интернет. Осы үштіксіз таңымыз атып, күніміз батпайтын болды. Өмірімізге соншалықты еніп кеткенін өткен күндер дәлелдеп берді. Бір апта интернет шектелген уақытта бір-бірімізден хабар ала алмағанымызды, ісіміздің өнбегенін мойындауға тура келді.

Ғаламтордағы қазақ тілінің жай-күйі қалай? Мен қызмет бабымен келген хат бойынша  қолданушылардың қазақ тілін үйренуіне, сөздік қорын байытуына, жалпы пайдалануына арналған бірнеше сайттарды ақтарып көрдім. Таңғалып әрі қуандым. Қазақ тілін үйренемін деген жанға бәрі бар екен. Сол сайттар жайлы қысқаша түсінік беріп отырмын, сіз де танысып көріңіз, үйіңізде балаларыңыздың тілдік қорын байытуға, сауатын ашуға, өз жұмысыңызға пайдалануыңызға болады.

«Til-qural.kz» порталы – өз бетінше үйренуге арналған интерактивті курс. Қарапайым деңгей, базалық деңгей, орта, ортадан жоғары деңгей, жоғары деңгейлі сабақтардан, мәтіндерден, бейнероликтерден, тапсырмалардан, тесттерден тұратын интерактивті оқыту. Аталған сайтта  Latyn курсы да бар.

«Тіл әлемі» порталы. «Тәуелсіздік тұғыры – мемлекеттік тіл» ұранын ту еткен порталда қазақ тіліне байланысты соңғы жаңалықтар, мақалалар, ақпарлар, жарық көрген кітаптар,  тіл саясаты саласындағы іс-шаралар мен семинарлар тізбесі, тілге қатысты жобалар сілтемесі бар.

«Bala tilі.kz» порталы − балалардың сауатын ашуға арналған көрнекті, түрлі-түсті портал. Әліппе, санамақ, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін аудиодиктант, сергіту сәті, әдістемелік бұрыш атты бөлімдерден тұрады. Әр бөлімдегі баланы қызықтыратын суреттер айтылым, жазылым, тыңдалым заңдылығына сәйкес жасалған. Үйде бала бағып отырған жас аналарға, «YouTube» арнасы арқылы тілі орысша шығып келе жатқан балаларды қазақша сөйлетуге, балабақша тәрбиешілеріне таптырмас көмекші құрал.

«Emle.kz» порталы − қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы. Мекенжай, рақат, рақмет, қыргүйек, елді мекен, көгершін, немқұрайды, дастарқан және т.б. сөздердің дұрыс жазылуын білмесеңіз, сізге көмекке осы портал келеді. Іздеу батырмасына кез келген сөзді жазсаңыз, дұрыс жазылу нұсқасы шығады. 11 жыл мектепте қыркүйек, дастархан, рахмет деп жазуды үйренген менің өзіме жаңа орфография қиындық тудыруда, сондықтан осы портал қызметін қуана пайдаланудамын.

«Termin com.kz» порталы − 60 саланың 379 465 терминін қамтыған база. Насос, сеть, газоаккумулятор, клапан, домофон, фонтан және т.б. терминдердің  қазақша атауын іздесеңіз, аталған сайттан табасыз.

«Sozdikqor.kz» порталы − әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа. «Sozdikqor.kz» порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің дефинициясын, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін бір бетте көруге болады. (порталдан алынды) Мен ілу сөзін іздеп көрдім, 56 нұсқа шықты.

«Qazcorpora.kz» порталы. Қазақ тілі ұлттық корпусының кіші корпустары – тілдік құбылыстарды (әсіресе сөз, фразаларды) іздеуді жеңілдететін белгілі бір тілдегі жазбаша және ауызша мәтіндердің электронды түрде жинақталған ақпараттық-анықтамалық базасы. Ол іздеу нәтижесін табиғи контексте көрсетеді. Бұл сайт мемлекеттік тапсырыс аясында «Қазақ тілінің ұлттық корпусының публицистикалық кіші корпусын әзірлеу» жобасы негізінде дайындалған.  Жобаны 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарланған. 2021 жылы корпус базасына 2 млн сөзқолданыс енгізілуі межеленіп, орындалды. Корпус кәсіби лингвисттерден бастап мұғалімдерге, білім алушыларға, тіл үйренушілерге, жалпы  қазақ тіліне қызығушылығы бар көпшілікке арналған. Жұртшылыққа еркін қолжетімді.

«Qujat.kz» порталы − құжат айналымының автоматтандырылған электрондық базасы. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге керемет көмекші құрал. Қазақстан Республикасы аумағында пайдаланылатын барлық құжаттардың pdf  және word нұсқалары бар. Дайын нұсқаны компьютеріңізге жүктеп алып, шаблонды толтыра беруге болады.

«Tilmedia.kz» сайты − қазақ тілін үйренушілерге арналған. Тыңда, оқы, қара айдарларынан тұрады. Аудиожазбалар мен бейнесабақтар қолданушылардың қызығушылықтарын арттырады. Көркем әдебиет, балалар әдебиеті, әлем әдебиетінің қайнар көздері жинақталған порталдың тілдік қорын дамытамын деушілерге берері мол.

«Atau.kz» порталы − ономастикалық электрондық база. Іздеу батырмасына енгізу арқылы Қазақстанның кез келген облыс, қала, аудан, ауылын табасыз, картадан көресіз. Мен өзімнің туған жерім – Тереңөзегімді іздеп көрдім. Тереңөзек кенті, теміржол станциясы деп картадан көрсетіп берді.

«Abai instituty.kz» сайты − шетелдіктерге қазақша үйрету курстарынан, қазақ тіліне арналған мақалалардан, елтаным жобасынан, қазақ жері жайлы, салт-дәстүрлері, туристік жерлері жайлы мағлұматтар қазақ, орыс, ағылшын, түрік, француз, араб, неміс тілдерінде берілген баға жетпес портал. Мен елтаным айдарына кіріп, шыға алмай қалдым. Қазақстан тарихы, қазақ тілі оқытушыларына да сабаққа пайдалануға керемет көмекші құрал.

Аида СМАИЛОВА,

«Болашақ» университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры