«Жасыл» жауапкершілікті жеңілдетпейді

561

0

Кейінгі күндері өңір короновирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалын бағалау матрицасы бо­йынша «сары аймақтан» «жасылға» ауысты.

Карантин талабы жеңілдей ме?

Коронавируспен күрес бас­талғалы «жасыл», «сары», «қызыл аймақ» ұғымы көпшілікке жақсы таныс. Өт­кен айда эпидахуал күрделеніп, облыс «қызыл аймақ» қатарына кірсе, 6 мамыр күні «сарыға» ауысты. Бірнеше күннен кейін ахуалдың мұнан да жақсара түскені белгілі болды.

 Жайбарақат жүруге болмаса да, «жасыл аймақ» санаты жағдайдың тұрақты екенін білдіреді. Бұл орайда «Күшейтілген карантин талаптары енді жеңілдетіле ме?» деген сұрақтың болуы орынды. ҚР Бас мемлекеттік санитария­лық дәрігерінің қолданыстағы қаулысына сәйкес «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» ауысқан жағдайда карантин шараларын жеңілдету 7 күннен кейін жүргізіледі. Сондықтан, әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмыс кестесі облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №8, 9 және 13 қаулыларына сәйкес жүзеге асырылады.

Өткен айда облыста «Ashyq» жобасы іске қосылды. Пандемия басталғалы жұмысы тоқтап, содан кейін мүлде іске қосылмаған кәсіпкерлік нысандары жобаға қосылу арқылы қайта жанданды. Бұл ретте келушінің кәсіпкерлік орталығына кіру-кірмеуі  «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы анықталған ковид-статусына байланысты. ПТР тест нәтижесінде вирус жұқтырғаны расталған және науқаспен байланыста болған адамдар, өкінішке қарай, ғимаратқа кіре алмайды. Мұндағы мақсат – коронавирустың таралуына жол бермеу. Айта кету керек, «Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандары Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қолданыстағы №18 қаулысында көрсетілген өлшемшарттар бойынша қызмет көрсетуді жалғастыра береді.

Эпидахуалдың жақсаруына не әсер етті?

Мамандар бірінші кезекте, вакциналау жұмысы нәтиже көрсете бастағанын хабарлады. Еліміз бойынша 1 ақпаннан бері ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакциналау жұмысы жүргізілуде.  Алдымен медицина мамандарына, мұнан кейін мұғалімдерге және жұқтыру қау­пі неғұрлым жоғары болып саналатын жұмыс орындарының қызметкерлеріне салынды. Арада үш айдан астам уақыт өтті. Вакцина салдырған педагогтар екпеден кейін коронавирус жұқтырмаған. Демек, вакцина дерттің таралуына бөгет қоя бастады.

Екінші себеп, қауіпсіздік талаптарының күшейтілуі, адам­дардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауы. Байқасаңыз, сәуір айында коронавируспен науқастанғандар күрт көбейді.  Оның себебі де жоқ емес. Мейрамы мол наурызда ел арқа-жарқа той тойлап, емен-жарқын дидарласып, қонаққа бару жиілейтіні белгілі. Бірақ ережені елемеудің салдары ұзамай байқалып, індет ілмегіне талайлар ілініп, COVID-19 көп адамның өміріне қауіп төндірді.

Ал вакцина мен сақтық шараларының қайта күшейтілуі «жасыл аймаққа» өтуімізге жол ашты. Бірақ бұл ережені енді ескермесе де болады деу­ге негіз емес. Өңірдегі эпидахуалға байланысты көрсеткіш құбылып отыратынын, кез келген уақытта ауысу қауіп бар екенін ұмытпаған абзал. Сондықтан еркінсуге әлі ерте, қауіпсіздік талабына бейқам қарамау қажет.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<