Жүйенің жаңалығы көп

1587

0

Қазан айының екінші жексенбісі – мүгедектігі бар адамдар күні екенін екінін бірі біле бермейді. Деректерге сүйенсек, жер шары тұрғындарының 10%-ның мүгедектігі бар. Ал  біздің елімізде 702 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олар – қоғамымыздың бір бөлігі, өзіндік проблемалары мен шешімін күтіп тұрған мәселелері аз емес. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеттерінің негізгісі.

Таңдау мүмкіндігіне қол жетті

– Үкіметке рахмет, әйтеуір жыл сайын шипажайға ем алуға тегін жолдама беріп отырады.  Бұрын таңдау жоқ, мемлекет қандай санаторий немесе курорт қызметін ұсынады, тек соған ғана бара алатын едік. Кейінгі  екі жылда таңдауды өзіміз жасайтын болдық.  Сөйтіп тізімдегі жүзге жуық санаторий мен курорттың ішінен өзіңе ұнағанын таңдай аласың.  Міне, соның арқасында алғашында Көкшетау өңіріндегі «Алмаз» шипажайына барып қайтсам, биыл «Ақсу-Жабағылыда» болдым. Екеуі де – табиғаты тамаша жерлерде орналасқан, емделушілерге сапалы қызмет көрсете алатын демалыс орындары. Жақсы ем алып, демалып, адамдармен араласып, көңіл-күйім көтеріліп, келесі жылға дейін жететін күш-қуат алып қайттым, – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны, ІІІ топтағы мүгедектігі бар Баян Сейдахметова. Оның айтуынша, бұрын демалуға он күн ғана берілсе, қазір ол 14 күн болып бекітілген.

Еліміздегі  мүгедектігі бар адамдар мемлекет тарапынан арнайы көмекті қажет етеді. Себебі олардың физикалық, психикалық, интеллектуалдық  мүмкіндіктері қоғамда дұрыс өмір сүруіне кедергі жасайды. Мүгедектерді оңалту да қолға алынған. Иә, ауыр оталарды бастан өткерген науқас жандардың денсаулығын сауықтыру процесінің ролі орасан. Сол үшін мемлекет  мұндай адамдардың санаторийлер мен курорттық орындарға барып оңалтудан өтуіне жағдай жасап келеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлшат Әбдіқалықованың айтуынша, биыл облыс бойынша 2520 адам санаторий-курорттық емделу қызметін алып отыр.

 Басқарма өкілі бізбен әңгімесінде мүгедектігі бар адамдардың жағдайын жақсарту, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру үшін «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді. Соған сәйкес 2020 жылдан бастап Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы қолданысқа еніп отыр. Бұл порталды енгізудегі басты мақсат – мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді алушылар мен жеткізушілердің тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.

– Осы бірыңғай цифрлық алаңда мүгедектігі бар адамдарға жеке қажеттіліктерін ескере отырып, көрсетілетін қызметтер мен оңалту құралдарын интернет жүйесіне қосылған құрылғымен (компьютер, ноутбук) aleumet.egov.kz сілтемесі арқылы электронды цифрлық қолтаңбамен  (ЭЦҚ) өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі. Мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері ескеріле отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі, – деп бөлім басшысы түсіндіріп өтті.

Жаңа жүйе туралы облыстық мүгедектер қоғамы ҚБ төрағасы Сағатбек Сиюов өз пікірін білдірді:

– Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы тиімділігін байқатып отыр. Бұрын қалай еді? Мемлекеттік сатып алу конкурстары өтеді. Қатысушылар бағаны төмендетіп, ұтып алады. Баға арзандаған сайын, ұсынылатын тауар мен қызметтің сапасы төмендейді. Нәтижесінде мүгедектігі бар адам өзіне не ұсынылады, соны ғана алатын. Ол дұрыс келе ме, көңілінен шығып тұр ма, бұл екінші кезектегі мәселе еді. Былтырдан бастап порталда барлық қызмет қолжетімді. Мәселен, І топтағы мүгедектігі бар адамға жеке көмекшілер туралы мәліметтер соның ішінде, баратын шипажайын, жеке гигиеналық заттарды, арбаны таңдайды, – деді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Оның айтуынша, пайдаланушы aleumet.egov.kz сілтемесі арқылы ЭЦҚ-мен жеке кабинетіне кіріп, өзіне тиесілі қызмет пен тауарға таңдау жасайды. Оның ішінде қызмет ұсынушылар еліміздің кез келген қаласынан болуы ықтимал. Мысалы, ұнатып тұрған арбасы Атыраудан шығуы мүмкін. Таңдау жасағаннан кейін олар 14 күннің ішінде жеткізіп беруге міндетті. Алып келген тауар сол суреттегідей түсте, өлшемде болуы керек. Егер жеткізілген дүние көңіліңнен шықпаса, қайтаруға мүмкіндік бар. Санаторий де сондай, еліміздің қай өңірінде болса да, ұнатқаныңа таңдау жасап, барып ем алып қайтасың.

Қандай қызметтер көрсетіледі?

Г.Әбдіқалықова өз кезегінде тапсырыс беруші оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығына ие болғанмен, тауарлар мен қызметтер бағасы мемлекеттің кепілдендірілген сомасы шегінде жүргізілетінін жеткізді. Тапсырыс беруші таңдаған оңалту  құралы немесе қызметінің бағасы мемлекеттің кепілдендірілген сомасынан артық болған жағдайда, айырмасын тапсырыс беруші төлейді. Мәселен, былтыр санаторий-курорттық емделу қызметі үшін 1 күнге мемлекет кепілдендірген сома көлемі  8716 теңгені құраса, биыл бұл қызмет үшін 1 күнге 12500 теңге өтеледі. Егер мүгедектігі бар адам таңдаған санаторий-курорттық мекеменің 1 күн үшін ақысы кепілдендірілген сомадан артық болса, айырмасын мүгедектігі бар адам төлейді. Порталдың қолданысқа енгізілуімен сұраныс арта бастады. Мысалы, 2020 жылы мемлекеттік сатып алу арқылы шипажайға емделуге 1485 адам барса, биыл 2520 адам қызмет алуда.

Қыркүйектің 1-дегі мәліметтер бойынша Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 22428 мүгедектігі бар адамның  18315-і оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілген (81,7%). Бүгінгі күні порталдағы тізілімде облыстың 97 өнім берушісі тіркелген (91 әлеуметтік қызмет көрсету, 2 санаторийлік-курорттық емдеу және 4 кепілдендірілген әлеуметтік топтама ұсыну).

Мүгедектігі бар адамдарға техникалық көмекші құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдары және көрсетілетін қызметтер сыныптауышына сәйкес ұсынылады. Олар  – протез-ортопедиялық көмек (133 түрі), арнаулы жүріп-тұру құралдары (12 түрі),  сурдотехникалық құралдар (25 түрі),  тифлотехникалық құралдар (19 түрі), міндетті гигиеналық құралдар (39 түрі),  санаторий-курорттық емделу қызметі, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметі.

Жеке көмекшінің қызметіне жұмыспен қамту бөлімдері нақты уақыт үшін, бірақ күніне сегіз сағаттан асырмай ақы төлейді. Есептеу тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 12% есебі негізге алына отырып жүргізіледі. Сонымен қатар, былтыр қараша айынан бастап бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасаушыға жәрдемақы тағайындалуда.

Бұл қызметті алу үшін мемлекеттік корпорация, «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы, сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде МӘС бөлімшесіне өтініш жасауға құқығы бар. Жәрдемақы тағайындауға өтінішті І топтағы мүгедектігі бар адам береді. Тағы бір ескерерлік жайт, І топтағы мүгедектігі бар адам және күтімді жүзеге асырушы ретінде айқындалған адам бір елді мекенде тұруға тиіс.

Күтімді жүзеге асыратын адам кәмелеттік жасқа толмаған, заңды күшіне енген сот шешімі бойынша ол әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда, сол секілді психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепте тұрған болса, оған  жәрдемақы тағайындалмайды. Жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін құрайды, яғни былтыр 48023 теңге көлемінде болды. Ал биыл  жыл басында 50426 теңге көлемінде бекітілсе, мамыр айынан бастап 52344 теңгені құрайды.

Проблемалар да жоқ емес

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат олардың қоғамға толыққанды кірігуін көздейді. Халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы  үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталған.

Осы орайда С.Сиюов кедергісіз орта қалыптастыру бойынша әлі де проблемалар бар екенін айтты.

– Қазір жаңа ғимараттар, жақсы саяжайлар мен демалатын орындар ашылып жатыр. Алайда сол жерлерде мүгедектігі бар адамдардың мұқтаждары ескеріле бермейді. Пандустар талапқа сәйкес келмей жатады немесе арнайы автотұрағы болмайды. Қазір бұрынғыдай емес, мүгедектігі бар адамдар белсенді, үйде тығылып жата бергісі келмейді. Концертке, киноға барғысы келеді, қоғамдық іс-шаралардан тыс қалғысы жоқ. Спортпен шұғылданғанды жаны қалайды. Сондай-ақ өзекті мәселенің бірі – олардың жұмыспен қамтылу жайы. Өйткені, бір жәрдемақымен күн көру мүмкін емес, – дейді.

Қоғамдық ұйым төрағасы кейінгі екі жылда «Инватаксидің» де тапшылығын байқаған. Қазір ерекше балаларға арналған орталықтар көбейіп, онда арналған балалар саны артты. Көлік жетіспейді, қазір өзекті мәселе осы болып тұр.

Сағатбек Қуанышбайұлы ІІІ топтағы мүгедектігі бар жандар үшін  ешқандай жеңілдіктің жоқтығына қынжылыс білдірді. Ауданаралық, қалааралық жолаушылар тасымалында, қоғамдық көліктерге жеңілдіктер жоқ. Дегенмен келер жылдан бастап, санаторийға емделуге баратын І топтағы мүгедектігі бар адамның жанында жүретін көмекші ақысының 70%-ы жергілікті бюджеттен төленетін болды. Мұны облыс әкімі Н.Нәлібаев өзі тікелей қолдауымен жүзеге асырып отыр. Жыл басында мүгедектер қоғамы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп жасаған жобаны депутаттар қолдап, сол бойынша жұмыстар қолға алынуда. Соның бірі – мүгедектігі бар адамдарға тегін компьютерлік курстың ұйымдастырылуы. Оған барлық жағдай жасалған, қандай топ болса да, шектеу жоқ. Жасы үлкен кісілер aleumet.egov.kz желісіне емін-еркін кіріп, таңдау жасауды үйренеді.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға дамыған елдерде жасалатындай жағдайды қалыптастыру – тек мемлекеттің ғана міндеті емес, барша әлеуметтің парызы. Олардың жұмысқа орналасуына кәсіпкерлер көмектесуі тиіс. Тек жәрдемақы алып қана қоймай, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болуы керек. Жаңа Қазақстан мұндай жандар үшін кедергісіз аймаққа айналуы тиіс.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<