Өркениет көшінде өнер бағалы

1324

0

Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Бұл уақыт аралығында мемлекетіміз қоғамдық-саяси өмірінде біршама сын-қатерлерді артқа тастап, жаһандық даму жолына түсті. Жаһандық даму дегеніміз – жалпақ тілмен айтқанда, ғылымда, мәдениетте, сол сияқты, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынаста ашық әрі тұрақты байланыс қалыптастыру. Әсіресе, әлем әдебиетінің айшықты туындыларын ана тілімізге аударып, қазақ өнерінің жауһар құндылықтарын жаһан жұртына насихаттаудың маңызы зор. Өйткені дамушы елдерде ежелден-ақ шығармашылық өнер жоғары бағаланады.

Қазақ өнерінің кең қанат жаюына Сыр елі мәдениетінің де сүбелі үлесі бар. Соның ішінде 40 жылдан астам тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін айтар едік. Сонау 1977 жылы шаңырағын көтерген шығармашылық ұжым 2017 жылы 40 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Иә, сахнаның бер жағынан қараған көрерменге бәрі тамаша көрінетіні рас. Себебі, олар сән салтанаты келіскен дайын қойылымды көреді. Алайда сол концертті сахнаға әзірлеу барысындағы тынымсыз еңбек пен төгілген тер қаншама?!

ХХІ ғасырда өзге салалар секілді өнерге деген талап пен талғам өзгерді. Дәлірек айтсақ, қазақ музыка өнері де жаһан жұртының сұранысымен санасуға мүдделі. Біз осы туралы Қaзaнғaп aтындaғы Қызылopда мyзыкaлық жoғapы кoллeджiнiң дирeктopы, ҚР Мәдениет қайраткері, “Құрмет”  орденінің иегері Кеулімжай Ботабаевпен әңгімелескен едік.

– Сіздің осы шаңырақта еңбек етіп келе жатқаныңызға да қырық жылға жуықтапты. Айтыңызшы, өнер ордасы­ның іргетасын кімдер қала­ды?

– Иә, өте орынды сұрақ. Се­бебі, өткен жылдар – біздің өне­ге тұнған тарихымыз. Ол уақыт­та еңбек еткен жандар елі­міз­дегі музыка өнерінің бүгінгі деңгейге жетуіне алғашқы қа­дам­дар жа­сады. Айталық, кол­ледждің ал­ғаш­қы директоры Есен­ғазы Кө­шербаев – Сырдария ауда­нының тумасы. Ол өңірімізде музыкалық бі­лім беру мәселесі әлі қолға алынбаған уақытта талантты жас­­тарды жинап, Шымкент қа­­ла­­сындағы музыкалық учи­ли­щеде білім алуына қолдау көр­­сеткен. Ал облыста ал­ғаш ашыл­ған музыкалық учи­лищеге бас­шылық жасаған 1977-1982 жылдар аралы­ғын­да сол жас маман­дарды жұ­мысқа қабылдап, іргелі өнер ұжымының негізін қалаған. Одан кейінгі жылдары ұжымға басшылық жасаған Тәңір­берген Қалауов пен Есен Сақтапбер­геновтің тұсында да көп­теген оң өгеріс орын алды. Еліміздің әр түкпірінен мықты мамандар келіп, еңбек етті.

1991 жылы өнер ордасы жаңа ғимаратқа көшкен бол­са, 1996 жылы ҚР Білім ми­нистрлігінің бұйрығымен Қы­зылорда музыка­лық учили­ще­сіне колледж стату­сы беріл­ген. Жаңа талаптар қо­йылып, білім сапасы да арта түс­кен. Бұл Е.Сақтапбергеновтің бас­қарған уақыты болатын.

– А.Жұбанов атындағы да­рынды балаларға арналған рес­публикалық маманданды­рыл­ған музыка мектебінің ал­ғаш­қы түлектерінің бірісіз. Осы жайында айтып өтсеңіз…

– Расында, бұл естелік – мен үшін де өте құнды деп айтар едім. Өйткені қазақ музыка өнерін да­мытуда Ахмет Жұбановтың еткен еңбегі ұшан-теңіз. Әйтсе де, әлі насихаттау шаралары жеткіліксіз секілді. Мысалы, қазақ балалары үшін музыка мектебінің іргесін қалау – А.Жұбановтың идеясы. Неге дейсіз ғой… Себебі, қазақ музыкасын зерттеуші, көрнекті ғалым, әйгілі композитор А.Жұ­банов кеңестік кезең тұсында еліміздің әр өңірін аралап жүріп, музыка өнерінің айналасында кө­біне өзге ұлт өкілдерінің басым екенін, ал қазақ балаларының кәсіби білім алудан аса хабары жоқ­тығын аңғарып,  арнайы мек­теп ашуды ойға алады. Осы­лайша елімізде алғашқы му­зыка мек­тебінің іргетасы 1964 жы­лы қаланды, ал мен 1965 жылы осында бірінші сыныпқа қабыл­дандым. Бұл мектептен білім ал­ған түлектер қазір еліміздегі ай­тулы ұжымдарда еңбек етіп, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр.

– 1996-1997 жылдары оң­тай­ландыру саясатымен об­лыс­тағы педагогикалық және му­­зы­калық колледж бірікті­ріліп, бір ғана гуманитарлық кол­ледж болды. Осы жылдар білім сапасына да өзіндік әсерін тигізген шығар…

– Иә, әрине. Бұл жағдай білім сапасына ғана емес, өнер ұжымының әлеуметтік-пси­хо­ло­гиялық ахуалына да айтар­лықтай кері әсерін тигізді. Олай болатын себебі, мемле­кеттік тапсырыстың көлемі екі есеге дейін азайды. Білім алушылар саны күрт азай­ды. Соның салдарынан кейбір бө­лімдер жабылып қалды. Ал жұ­мыссыз қалған мамандар жан-жаққа көшіп кетіп жатты. Енді ғана құрылған камералық оркестрдің құрамы азайып, жұ­мысын тоқтататын жағдайға келді. Осыған қарамастан, 1998 жылы Астана қаласында өткен облыстың мәдени күндерінде біздің ұжым өте жақсы өнер көрсетті.

Айта кетуіміз керек, 1999 жы­лы облыс әкімі Б.Са­пар­баевтың ерекше ықпалымен, музыка кол­леджі қайтадан дер­бес өнер ша­ңырағы болып құрылып, өз жұмысын бастады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, орын алған қиындықтарды рет-ретімен ше­шіп, жүзеге аспай қалған біршама жұмыстарды қайтадан қолға алуға тура келді.

– Облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атын­­дағы халық аспаптар оркестрін құруда, одан кейін камералық оркестрді қайта жасақтауда сіз­дің еңбегіңіз зор екенін білеміз. Осы ор­кестрлердің жетекшісі әрі бас дирижері ретінде ойы­ңызды бөліссеңіз…

– Тұрмағамбет оркестрі 2007 жылы, ал камералық ор­кестр 2014 жылы  құрылды. Айта кетейік, филармония ма­мандарының 90 проценттен ас­тамын біз дайын­даймыз. Сон­­­­дықтан оркестр құ­ра­мын­дағы өнерпаздар – біздің  тү­лектеріміз. Аудандардағы му­­зы­ка мектептерінің оқыту­шы­­лары да біздің колледжден білім алған мамандар.

Екі оркестрдің өзіндік айыр­­машылығы бар. Олай дей­тініміз, біздің Сыр өңірінде дәс­түрлі өнер кең дамыған. Сон­дықтан “Тұр­мағамбет” ор­кестрін құру­да аса көп қиын­дық кездес­кен жоқ. Ма­мандар жеткі­лікті, ұлт­тық киімдер мен аспаптар алу­ға облыс әкімдігі тара­пы­нан қолдау көрсетілді. Ал каме­ралық оркестрді құру қиынға соқты. Себебі, шекті (скрипка, альт, виолончель) аспаптарда ойнай­тын мамандар тапшы, бірнеше аспап жетіспеді. Қа­зіргі уақытта оркестр құрамы біраз толықты. Ал колледждегі  каме­ралық оркестр, халық ас­паптар оркестрі, хор ұжы­мын­да оқуын бітірген соң өз қалауымен жоғары оқу орын­дарына түсіп, жан-жаққа кетіп қалады. Осыдан соң оркестрлер құрамын қайтадан жа­сақтауға тура келеді. Хор ұжы­мына қатысты да осы мәсе­лені айтар едім. Сондықтан фи­лармония жанынан кәсіби хор ұжы­мын құрғанымыз жөн болар еді.

Камералық оркестріміз қа­зақ, орыс композиторларының ту­ын­дыларымен қатар әлемдік дең­гейдегі классикалық шығар­ма­ларды да орындайды. Өнер ұжы­мы 2016 жылы Алматы қала­сында өткен “Әуен FEST” респуб­ли­калық камералық ор­кестрлер фес­тивалі байқауында лауреат атан­ды.

Айта кетуіміз керек, кон­церт барысында бірге еңбек етіп жүр­генімен, орындаушы солист, му­зыкант-педагог, ор­кестр ән­­шісі, жеке орындау­шылар, би­­ші­лер то­бы деген сияқты әр­­қайсысы бөлек ма­мандық. Сон­дықтан ор­кестрдің әрбір мүше­сінің өзіндік орны бар.

– Иә, өткен жылы каме­ралық оркестрдің сүйе­мел­деуімен ал­ғаш рет Абай опе­расы қойыл­ды. Қазір­ідей, карантин ере­же­леріне бай­ла­нысты опера он­лайн көр­сетілді. Дегенмен, кө­рер­мен көңілінен шыққан сияқты…

– Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай “Абай” опе­расы Сыр елінде тұңғыш рет сахналанды. Операның қоюшы режиссері – Шымкент қалалық опера және балет театрының режиссері әрі со­лисі, “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері Қайрат Құлыншақов. Басты рөлді, яғни Абай образын облыстық фи­лармония әншісі Айдос Иман­жап­паров сомдады.

Қойылымға облыстық фи­лар­монияның, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, ка­мералық оркестр, “Томирис” би ансамблі, Қа­занғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің “Ән салу” бөлімінің студентте­рімен аралас хор ұжымы қа­тысты.

Операны сахнаға шығаруға үлкен дайындық жасалды. Нәти­жесінде, біздің өнерпаздар күрделі жанрдағы классикалық өнер ту­ындысын көрерменге жеткізе біл­ді. Осы орайда ал­дағы уақытта оперетта, мюзикл жанрлары бо­йынша да жұмыс жасау қажет деп ойлаймын. Өйткені бұл музы­калық-сах­налық жанрлар операға қара­ғанда жеңілдеу, сонымен қа­тар, кез келген көрерменнің қа­был­дауына лайық.

– Қорыта айтқанда, Тәуел­сіздік жылдарында Сыр өнері өрге басты ма?

– Әрине. Сонау тоқсанын­шы жылдармен салыстырғанда, көп­­теген өзгеріс орын алды. Бү­гінде колледж ұстаздарының са­пасы мықты. Оның себебі, өзімізде білім алған түлектер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­ториясында Қа­­зақ ұлттық музыка универ­си­тетінде жоғары білім алып келіп қызмет етіп жатыр. Бұл да – өнер ұжымындағы өзара са­бақтастықтың бір көрінісі. Соның нәтижесінде, талантты өнер­паздарымыз республика көле­міндегі үлкен сахналарда өнер көрсетіп, халықаралық бай­қау­ларда топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, “Астана-опера” театрының әншісі Би­бігүл Жан­ұзақ, Қазақ мем­ле­кеттік сим­фо­ниялық ор­ест­рінің жә­не Н.Ті­лендиев атындағы “Отырар са­зы” фольклорлы-этногра­фия­­лық ор­­кестрінің ди­ри­жері Мү­сілім Әмзе, Орал облыс­тық фи­лар­­­мониясының Дәулет­керей атын­дағы халық аспаптар ор­кестрінің көркемдік жетек­шісі және бас дирижері Еркін Нұрым­бетов, танымал актер, Қазақстан Жастар ода­ғы сыйлығының лау­реаты Ғани Құлжанов, Италияның Милан қаласындағы Ла-Скала теат­рына тәжірибеден өтуге ша­қырылған Мәлік Азат, Абай атын­дағы опера және балет театрының әншілері Тахауи Рахметов, эстрада әншілері Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Қайыржан Оспа­нов, Серік Ибрагимов, тағы бас­қа көптеген шәкірттеріміз өнер саласында өз биігін ба­ғын­дыра білді.

– “Димаштар көп болса…” деп қалдыңыз…

– Иә, еліміздің қарқынды дамуы үшін әр салада Димаш Құдайбергенов сияқты дарын­ды әрі патриоттық жігері мық­ты жастар болса деймін. Айта­лық, біз мемлекеттік тіл­дің мәртебесін көтеру үшін арнайы бағдарлама қабылдап, қыруар қаржы бөлеміз. Соның өзінде көңілдегідей нәтиже шығып отырған жоқ. Ал өзіміз білетіндей, қазақтың Димаштай әншісі әлемдік сахналарда өнер көрсеткелі, оның әр елдегі  мың­даған табынушысы қазақ ті­лінде ән шырқай бастады. Осы­лайша, қазақ музыкасының ке­ре­меттігін дүние жүзі мо­ын­дады. Сондықтан ғылымда, шы­­ғар­машылықта, өнердің әр сала­сында бір-бір Димаштай жастар болса, хал­қымыздың өте бай ру­хани құн­дылығын  әлемге танытар едік. Айта ке­тейік, Димашты му­зыка өнеріне бау­лып, бүгінде әлемдік дең­гейде таны­луына ең­­бегін сіңір­ген ұстазы Марат Әйтімов – біздің колледж­дің түлегі.

Жас таланттарды дер кезінде кәсіби өнерге баулу мақсатында 2011 жылдан бастап колледж жанынан балалар музыка мек­тебі ашылып, жүзден астам оқушыны қабылдаған болатын. Бұл күнде жас өнерпаздар түр­лі жанрлар бойынша әлем­дік байқауларда жоғары жүлде­лер­ді иеленіп жүр.

Бүгінде музыкалық кол­ледж­де 100-ден астам оқыту­шы қызмет атқарады. Оның басым бөлігі жоғары және 1-ші санатты оқы­тушылар. Қазіргі таңда мұн­да “Халық аспаптары”, “Аралас хор”, “Қыздар хоры”, “Домбырашылар”, “Қо­быз­шы­лар”, “Баянистер” ан­самбль­дері, “Сыр сұлуы” би ан­­сам­блі жемісті еңбек етіп келеді. Колледжде оқушы­лар­­­­дың сапалы білім алуы үшін материалдық-техника­лық тұрғыдан қолдау шара­лары кезең-кезеңімен жүзеге асы­рылуда. Бүгінде 100 орын­дық жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы, 23 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, 30 орындық оқу залы жұмыс жасайды.

– Уақыт бөліп, сұхбат бер­геніңіз үшін рахмет! Шығар­машылық еңбектеріңіз та­бысты болсын!

 Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

“Сыр бойы”

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<