Құндылықты дәріптеген көрме

1284

0

Сары самаурын ентігін баса алмай бұрқылдап тұр. Маңайында екі келіншек ґңгіме дүкен құруда. Алысқа көз тастаған. Биіктікті тауға қарап емес, қыранның қанатымен өлшеген, қолын көкке созатын қазақ баласының қарашаңырағы – ауылдың бейнесі. Айнала көк майса. Сонау тау бөктерінде көк қуып жүрген қозы-лақ. Киіз үйдің есігінен шығып, ұйқысын аша алмай тұрған ауыл баласы. Осы бір құндылықтарды біз С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясындағы «Идиллия» көрмесінен көріп қайттық. Ауылды, қарашаңырақты сағынған жанның мауқын бір басары анық. Көңіл көкжиегін кеңейткен көрме 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне ұйымдастырылыпты.

– Көрмеде суретші Өркен Мамақованың бірнеше туындысы қойылды. Мұндағы шығармалардың барлығы – галерея қоржынындағы дүниелер. Мәселен, мына «Голубая домбыра» картинасындағы калорит көкшіл түске маңыз берген. Бұл түс картинаның тереңдігімен қатар, ортақ, сабырлы атмосфера қалыптастырып тұр. Екі үлкен кісі бері қарай келе жатыр да, кішкене бала оларға беттеген. Көрдіңіз бе, екі буынның өкілдері арқылы философиялық ойларды тудырған. Ал қолына домбырасын ұстаған мына бала көкжиекте көрінген болашақпен біріге кеткен. Бұл көрмедегі туындыларды тыңдай білсеңіз, айтары бар. Ұрпақтар сабақтастығы, отбасы құндылығы дегеніңіз сайрап жатыр, – дейді экскурсовод Айжан Тасенова. Бірен-саран картина болмаса, көпшілігі ашық түске негізделген. Ашық түс көңіл сарайыңды кеңітіп, жарқын болашақтың көрінісіне апарардай. Көзге бірден түсер туындылардың қатарында Ұлмекен Мауытованың «Айналайын» картинасы бар. Қылқалам шебері мұнда өзінің туған ауылына деген сағынышын орналастырған. Сағыныш пен тағзым үндесіп келіп, бал мекеннің бар болмысын ашып тұр. Мамандар бұл картинаны неоимпрессионизм бағытына жатқызады. Пуантилизм техникасымен салынған. Өйткені, түстер бір-біріне араласып жатқан жоқ, қатар тұр.

Сонымен қатар, Қ.Әбілханұлы «Сауын сиыр», «Ауыл әні», Б.Бөкешовтің «Сырласу» шығармалары ерекше маңыз­ға ие. Ал Ж.Байсалов пен ­Ә.Абызбеков картиналарында ауыл­дың тыныс-тіршілігін, от­­басындағы ата-ана махаббатын, ұрпақтар сабақтастығын суреттеген.

– Қазақ «заманымыз тыныш болсын» деп өмір сүрген халық. Тыныштықты, жайлылықты жақсы көреді. Сондықтан біз көрмедегі туындылар қатарындағы Шахмұрат Сейітмұратовтың «Идиллия» картинасын басты орынға қойып, көрменің атын осылай атадық. Бұл сөздің аудармасы да осы мағынаға сай келеді. Әрбір суреттен отбасын алдыңғы орынға қойған кейіпкер табасыз. Қауын сатқан әйел де, жүгіріп ойнаған бала да, ойға шомған қария да отбасының негізгі мүшелері. Демек, біздің көрме тақырып таңдап, сол төңірекке картинаны шоғырландыруда өз межесінен шықты, – дейді Айжан Сәрсенбекқызы.

Өркен Мамақованың «Қыз қуу» картинасы көзге оттай басылды. Әрбір туындысында ұлттық салт-дәстүрдің қандай да бір белгісін қолданып, нағыз қазақ отбасын бейнелейтін суретші бұл жолы да әдетінен жаңылмапты. Ал туған жер табиғаты қашан да ыстық қой…

Өткен жылы Алтай мен Атырау арасынан суретшілер өңірге саяхаттаған. Тіпті шетелдік шеберлер де қара көрсетті. Сапар соңында олардың арасында жақсы бір шара өткен. Қызылорда әрбір суретшінің өз көзқарасымен қағаз бетіне түсірілді. Бірі толқыны тасыған дарияны суреттесе, енді бірі Сыр ананың мейірім төгіп тұрғанын, тағы бірі жағалаудағы жаңа қаланы өз картинасының негізгі кілтіне айналдырды. Осы шарадан байқағанымыз, қай суретші болмасын, өңір табиғатына тіл бітіруде жерлес суретшілерімізден ешкім аса алмайды екен… Бұл жолы да осы жағдайға куә боп қайттық. Жерлестеріміздің қаламынан туған туындылар галереяға жарық сыйлап тұрғандай…

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат Нұржаубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<