Әр тамшы судың сұрауы бар

518

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың басшылығымен өткен кеңейтілген жиында биылғы вегетациялық кезеңде атқарылатын жұмыстар талқыға түсті.

Кеңейтілген жиынға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, «ҚазСуШар» республикалық коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Алтай Елжасов қатысты. Олар Сырдария өзеніндегі ахуалға байланысты өңірге арнайы келіп, жергілікті шаруашылық басшылары және диқандармен жүздескен болатын.

Жиын барысында облыс әкімі вегетациялық кезеңде жергілікті диқандар суды үнемдеуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл мақсатта жедел түрде кешенді шара қабылдау қажет екені нақтыланды.

– Сырдария өзеніндегі су тапшылығы – тек облыс ғана емес, республика үшін өзекті мәселе. Бұл ретте ахуалға қарай әрекет етіп, су арналарын реттеу, каналдарды тазалау жұмыстары толыққанды жүргізілуі тиіс. Қазір Нарын-Сырдария аумағындағы су көлемі 17 млрд 771 млн текше метр. Ол өткен жылдан 1 млрд 954 млн текше метрге аз. Сондықтан биыл суармалы судың жағдайы өткен жылдан да күрделі. Оның ішінде Жаңақорған ауданы егісін сумен қамтамасыз ету мақсатында «Келінтөбе» магистральды каналына су деңгейін көтеру және «ҚазСуШар» кәсіпорны арқылы қажетті насос қондырғыларын сатып алу мәселесі туындап отыр. Осы бағытта аталған проблеманы ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп шешу мәселесін жеделдетуіміз қажет, – деді облыс әкімі.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, «Шардара» су қоймасында жиналған су көлемі «Көксарай» су реттегішімен қосқанда өткен жылғыдан 1,1 млрд текше метрге азайған. Қазір онда 3,5 млрд текше метр су бар. 

Өткен жылдың желтоқсан айында болған мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында 2021 жылдың қазан – 2022 жылдың сәуір айларында «Шардара» су қоймасына орташа есеппен 11 млрд текше метр судың түсетіні болжанды. Дегенмен, биылғы 1 ақпанға дейінгі нақты түскен су оның 59 процентін құрайды. Осыған байланысты су лимиттерін қайта белгілеу шарасы атқарылуы қажет.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, аяқ су тапшылығы мәселесін ескере отырып, егілетін күріш көлемін азайтуға назар аударылады. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі – 187,1 мың гектар. Оның ішінде дәндi дақылдар 92,2, майлы дақылдар 6,7, малазықтық дақылдар 68,7, картоп, көкөнiс, бақша 19,4 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл – күрiштің көлемі 80 мың гектарды шамалайды. Былтыр ол 83,6 мың гектар болды. Дегенмен, Сырдария өзеніндегі жағдайға байланысты су шаруашылығы мекемелері диқандарға күріш көлемін қысқарту жөнінде ұсыныс беріп отыр.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2016 жылғы 19 тамыздағы №367 бұйрығымен бекітілген су пайдалану лимитінде облысқа 5,3 млрд текше метр су қажет екені нақтыланған. Оның ішінде 4,2 млрд текше метрі егістікке пайдаланылса, 1,2 млрд текше метрі экологиялық мұқтаждыққа арналған. 

Сондай-ақ, жиын барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов салалық министрлікпен бірге су тапшылығын болдырмау мақсатын көздейтін Жол картасы әзірленгенін жеткізді, яғни, картада суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жобалар енгізілген.

Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы ұзындығы 227 шақырым болатын каналдар мен қашыртқыларды тазалау жұмыстарына және 79 гидротехникалық құрылыстарды жөндеуге қаржы бөлінді. Елді мекендерге облыстық бюджеттен 23 насос қондырғысы алынады. Былтыр аталған мақсатта 43 насос алынып берілген.

Өз кезегінде Серік Қожаниязов дариядағы су мәселесіне байланысты жағдай күрделі екенін  айтып өтті. Бұл бағытта барлық мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет. Сырдария өзеніндегі жағдай Үкімет басшысының назарында тұр. Қазіргі таңда көрші мемлекеттермен белсенді түрде келіссөз жүргізілуде.

– Жақын арада Қырғызстан Премьер-Министрінің орынбасары Алматыға келмек. Ал, ҚР Премьер-Министрі Өзбекстанға барып, келіссөз жүргізеді. Аяқсу тапшылығы еліміздің оңтүстік өңірлеріне тән жағдай болып тұр. Биыл «Көксарайға» су жинау мүмкіндігі жоқ. Осыған қарай су тапшылығының алдын алу бағытында барлық мүмкіндікті пайдалануымыз тиіс, –  деді Серік Қожаниязов.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жауапты мекемелерге көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін су шаруашылығы нысандарын жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды міндеттеді. Облыс аймағына су жеткізу кестесіне сәйкес әр канал бойынша 10 күндік су жеткізу кестесі әзірленуі тиіс. Биыл қысқартылған күріш дақылының орнына суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға назар аудару қажет.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне су пайдаланушылардың кооперативін құру мүмкіндігін қарастыру жөнінде тапсырма берді.

Кеңейтілген жиыннан кейін Серік Қожаниязов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен журналистермен жүздесуінде Сырдария өзеніндегі суға байланысты ахуалды жан-жақты баяндап берді.

– Сырдарияның 90 процент суы өзге елдерден келетіні бәрімізге белгілі. Ол Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы түседі. Қырғыз жеріндегі «Тоқтағұл» су қоймасында қазір 8,9 млрд текше метр су бар. Ол өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текше метрге кем. Биыл «Шардара» су қоймасына вегетацияаралық кезеңде 10,3 млрд текше метр су келеді деп болжанған еді. Қазір оның орнына  3 млрд текше метрге кем су келуі ықтимал. Қызылорда облысының егістігі мен Арал маңындағы көлдер жүйесі «Шардараға» жиналған суға тікелей тәуелді. Облыс аудандарында бірқатар қиындықтар туындауда. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» магистральды және Шиелі ауданындағы «Қамысты» каналын суландыруда проблема кездеседі. Былтыр насоспен магистральды суды қосымша беріп көрдік. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Сол себепті бұл жұмыстарды биыл да жалғастырамыз. Сырдария мен Жалағаш аудандарында ондай мәселе жоқ. Олардың әрбірінде жылына 20 мың гектарға дейін күріш егіледі. Алайда, биыл аталған аудандарда күріш көлемін шектеу қажеттігі туындауда. Өйткені, Қармақшы ауданына су жетпей қалу қаупі бар. Өткен жылы Қармақшы ауданында «Батыс Қармақшы» қашыртқысынан «Қурайлы» каналына насоспен су жіберілді. Нәтиже болғандықтан, сол жұмысты жалғастырамыз деген ойдамыз, – деді Серік Қожаниязов.

Әрине, Сырдария өзеніндегі су мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытта Үкімет тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынып жатқаны қуантады. Нәтижесінде былтыр дария арқылы қосымша су көздерін тартуға мүмкіндік туды. Дегенмен, барлық мәселені билікке сілтеп, шаруашылықтардың әрекетсіз отыруына болмайды. Әр тамшы судың қадірін ұғынып, оны үнемді және тиімді пайдалануға көңіл бөлгеніміз дұрыс.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесінің көтеріліп келе жатқанына қаншама уақыт болды. Өкініштісі, әзірге оның да нақты нәтижесі көріне қойған жоқ. Ал, судың жайы ендігі жерде өте күрделі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<