Ашық құдық араны

403

0

сурет ашық дереккөзден

Шыны сол, құлқынның құлы көбейген кезеңде елеусіз нәрседен де қауіп-қатер мен үрей артты. Қазір кез келген қалада жол бойында ашық жататын құдықтар аз кездеспейді. Оң-солын білмейтін бала түгілі, ересек адамның өзі құлауы мүмкін. Біреу үшін олжаның, біреу үшін ажалдың апанына айналған кәріз құдықтары жайлы көп айтылғанымен, нәтиже аз.

Омбудсмен әкімдерге шүйлікті

Өткен жылы қарашаның аяғында елімізде екі облыста қайғылы жағдай болды. Қызылорда мен Түркістан өңірінде люкке құлап, екі бала қаза тапты. Екі жағдайда да люктер әкімдіктерге тиесілі. Өзіміздегі жағдайды айтсақ, оқиға 25 қарашада, Балқы базар көшесінде болған. Орталық кәріз құдығына 8 жасар бала құлап, көз жұмды. Қазір Қылмыстық кодекстің 279-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалуда. Бұл елде биыл тіркелген алғашқы оқиға емес. Оған дейін Батыс Қазақстанда 2 жасар баланың құдыққа құлап қайтыс болғаны хабарланған. Дәл осындай оқиға Қостанай облысында да тіркелді. Аталған жайттар көпшілікті елеусіз қалдырып жатқан жоқ. Таяуда балалар омбудсмені Динара Закиева ашық қалған люктерге байланысты жауапкершілікті тікелей әкімдердің өздеріне артуды сұрап, уәкілетті органдарға өтініш жібергенін мәлімдеді.

«Инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және балалардың өліміне әкелген жағдайларға жол берген кінәлі лауазымды тұлғаларды тексеріп, жауапкершілікке тарту қажет деп санаймын. Сондай-ақ осы саланы қадағалайтын жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен аталған аудандардың әкімдерін жауапкершілікке тарту қажет деп есептеймін» деп хабарлады Динара Закиева.

Оның сөзінше, былтыр тамызда мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, инфрақұрылымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, атап айтқанда, ашық люктер мәселесі көтерілген. Еліміздің вице-премьері тиісті тапсырмалар беріп, еріктілермен бірге барлық аймақтарда рейд ұйымдастыруы тиіс болған. Алайда «баяғы жартас, сол жартастың» кебі қайта болып тұр.

Көлеңкелі кәсіптің кесірі

Жыл сайын ашық қалған люктерге қанша адам абайсызда құлағанын, жазым болғандардың бар-жоғы жайлы деректерді әкімдіктер ұсына бермейтіні жасырын емес. Біз осы мәселені қозғар алдында қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөліміне аталған мәселе бойынша сауал жолдағанбыз. Алайда сұрауымызды жауапсыз қалдырды.

Қазір мектепке қатынайтын баласы бар отбасылардың қорқынышы үдей түсті. Себебі жол бойында ашық жатқан кәріз құдықтары болуы мүмкін, жұрт кейде әлеуметтік желіде де жарыса жазып жатады. Негізі бұл проблема елде ауқымды сипатта да көтерілген еді. 2019 жылдың басында елордада 13 жастағы бала 3 күн бойы жоғалып кетіп, денесі ашық жатқан құдықтың ішінен табылған болатын. Сол кезде ел шулап, осы мәселені түбегейлі шешуді сұраған. Әкімдер құдықтарды күнделікті тексеріп тұруды нықтап тапсырғандай сыңай танытқан. Дегенмен өткен оқиғалар сол күйі болмағандай ұмытыла бастады. Ал тұрғындардың ішінде жақыны осындай оқиғаға ұшырағаннан кейін үрейленіп жүретіндер бар. Мысалы, әлеуметтік желіде Әсем Смағұлова есімді азаматша бұл проблеманың түбі шешілетініне күмән келтіріп, бастан өткен оқиғасын бөліскен.

«Осыдан 5 жыл бұрын сіңлім көз жұмды. Елордадағы ашық жатқан құдықтардың біріне құлаған. Ашық құдықтарды көргенде, ел айтып жатқанда, осы мәселенің бәрібір шешілмейтінін түсіндім» дейді ол.

Кейде жұрт айтып жүретін «біреу құлап өлмесе, әрекет етпейдінің» кебі еске түседі. Негізі ашық қалған құдықтарға қатысты өтініштер iKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына келіп түседі. Кәріз құдығының қақпағы жоқ екенін көрген тұрғындар осы арқылы байланысқа шығып, ескертсе болады. 24 сағат ішінде қақпағын бекітіп кетуі тиіс. Жалпы, әр қалада мыңдаған люк бар. Барлығы өзіндік техникалық сипаттарға ие. Ең қауіптісі – терең құдықтар. Қауіпсіздігін сақтау жұмыстары құдықтың орналасу жері мен қолданылуына қарай жүргізіледі. Ал жабулы жатқан құдықтың шойын қақпағын көбіне үйсіз жүрген адамдар ұрлайды екен. Әкімдіктер келтірер дәйектің сарыны – осы. Кейін шойын қақпақты металл қабылдайтын орындарға апарып сатады. Бір қарасаңыз, металл қабылдау орындары темірді аса қымбат бағаға қабылдамайды. Бір шойын қақпақтың салмағын орташа есеппен 20 келі деп қарасақ, әрі кетсе 2-3 мың теңгеге бағаланады. Аса көп қаржы емес, бірақ қақпақты кәсіпке айналдырғандар бар. Бұған дейін елде шойын қақпақ ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтар да әшкере болған. Заңды түрде жұмыс істейтін металл қабылдаушылар кейде зират қоршауын, кабель мен кәріз қақпағын алудан бас тартады. Сондықтан көбіне шойын қақпақты өткізетіндер әуелі оны металл сынығына айналдырады. Темір қабылдаушыларға кәріз қақпағы барын айтсаңыз, көбіне алмайтынын жеткізіп, басын ала қашады. Шамасы, кәріз қақпағын саудалау біз болжағандай ашық емес, жасырын жолмен жүзеге асады. Ал шойын қақпақты ұрлағандарға Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша жаза қаралады. Сол үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Бірақ бұған қатысты заң бар екен деп пысқырмайтындар кәріз құдығын ажал аранына айналдырып жатқанын ұғынбайтын болса керек. Және бір қозғар мәселе, елімізде кәріз қақпақтары дөңгелек пішінде болады. Бұл да кеңес кезінен қалған дағды, жаны арнайы бекітілмейді. Оның зияны не дерсіз, біріншіден, оңай алынады, екіншіден, кейде шеңбер пішіндес қақпақтың бір жағын басса, екінші бетіне айналып кетуі мүмкін. Ал дамыған елдерде кәріз жүйесінің барлық механизмі ойластырылған, кәріз қақпағы төртбұрышты пішінде болады, оның үстіне арнайы бекітіледі.

Бір қарағанда ашық жатқан құдық мәселесі шу шығарардай емес, көз үйренген қарабайыр дүние секілді. Алайда кей құлаған адамның өмірін жалмап жатқанда бейжай қарау мүмкін емес. Әсіресе, балалар мен қарт кісілерге қиын. Сондықтан азаматтардың бұл мәселеге шыр-пыр болар жөні бар.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<