Автонарық: «жарау атқа» қашан жаримыз?

399

0

Қазақстанда автомобиль-конструкторларды заңдастыруға рұқсат етілді. Заңдастыру бүгін басталып, 1 шілдеге дейін жалғасады. Жыл басында бұрынғы тіркеуден шығарылған және кедендік тазартудан өткен көліктерді тіркеуге рұқсат берілген еді. Содан бері 107 мың көлік заңдастырылған.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, ел аумағына кедендік бақылаудан өтетін кезде ондай көліктер сайман, қосалқы бөлшек ретінде рәсімделген. Негізінен бұлар толыққанды көлік құралы болып саналады. Мұндай көліктерді тіркеу кұны 200 мың теңге. Заңдастыру үшін көлік иелері ішкі істер органдарынан көлікті тексеру актісін алып, техникалық қараудың диагностикалық картасын жасауы қажет.

Ішкі істер министрлігі қазір осындай 14 мың көлік бар екенін анықтаған. Бірақ, шынында одан көп болуы мүмкін. Автосарапшылар ондай көліктерді анықтау өте қиын екенін айтады. Себебі, өзге елде құрастырылмаған.

Қазақстанға бөлшектеп кіргізілгеннің өзінде, осында қай жерде құрастырылғаны белгісіз. Мысалы, зауыттар бөлшектерді сырттан әкеліп, осында құрастырып, оның қауіпсіздігіне кепілдік бере алады. Ал мұндай көліктердің қауіпсіздігіне жауапкершілік алатын ешкім жоқ.

Оған қоса, бұл жеңілдік сырттан көлік әкелушілерді одан сайын көбейтуі мүмкін. Әрі елге келіп жатқан ескі көліктер санын азайтуға ықпал етуі тиіс болған жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысты да мәселе көп.

Биыл ақпаннан бастап жылдық өсімі 4 пайыз болатын жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жалғасын тауып, өтінімдерді қабылдайтын сайт іске қосылған. Алайда сайтқа алғашқы минутта-ақ 125 000 адам өтініш тастаған. Бас-аяғы 18 секундта белгіленген 761 лимит толып кеткендіктен, ашылғанынан жабылғаны тез болған сайттың жұмысына көңілі толмағандар қатары да аз болған жоқ.

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы былтыр мамырда басталып, екінші деңгейдегі банктерге 100 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл сомаға 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынып, автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құраған.

Ашық ақпарат көздерінде автонесиеге жауапты «Қазақстанның даму банкі» мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» қолданыстағы бағдарламалар шарттарын өзара біріздендіріп жатқаны айтылды. Алдын ала анықталған мәліметтер бойынша бағдарлама аясында жинақталған қаражат көлемі шамамен 13 млрд теңге болса, бұл 1 300 автонесие беруге жол ашады деген ақпар тараған.

Айта кетсек, 2027 жылға қарай Қазақстан жылына жарты миллион машина шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеген. Айтуынша, былтыр елімізде 100 мың автокөлік жиналған. Сондай-ақ министр: «Егер Қазақстан нарығының сұранысы 150 мың машина болса, келесі жылы қазақстандық автоөндіріс 150 мың машина шығарады» деді.

Бір қарағанда, отандық автомобиль өндірісі сұранысты қамтуға қауқарлы сияқты. Бірақ, халық күтіп отырған 4 пайыздық несиенің шарттары тағы өзгеріп, қиындай түсті. Мысалы, несие енді жалақысы аз тұрғындарға ғана берілуі мүмкін. Оған қоса, бағдарлама енді қорға жиналған ақша 500 көлік алуға, яғни 5 млрд теңгеге жеткенде ғана іске қосылады. Сондықтан төмен пайызды автонесие халықты көлікпен қамту мәселесін шешпейтіндей.

Оған қоса, бірқатар автосарапшылар елімізде құрастырылатын көліктер бағасы қымбат екенін айтуда. Мысалы, Haval жеңіл автокөліктері Қытайдағы аналогынан екі еске қымбат. Бұл өз кезегінде көлікті қымбатсынған азаматтарды көрші елдерден тасуға итермелеп отыр. Себебі, мемлекет сырттан келген көліктерді заңдастыруға рұқсат берді.

Ресей, Қырғызстан, Армения және Грузиядан түрлі жолдармен әкелінген көліктерді заңдастыру көптен талқыланып жүр. Айта кетсек, заң бойынша жеңілдікке өткен жылдың қыркүйегіне дейін кіргізілген көліктер ғана ілігеді. Бірақ, содан бері тағы 80 мың көлік әкелініпті. Сондықтан оларды да заңдастыруға рұқсат беру керек. Бір сөзбен, нарықтағы сұранысты қанағаттандыруға жеңілдетілген автонесие бағдарламасының, елімізге сырттан келіп жатқан ескі көліктер санын азайтуға жеңілдікпен заңдастырудың оң ықпал ете алмай отырғаны байқалады.

Бір қызығы, ТМД автокөлік нарығында ескі көліктердің саны өте көп мемлекет Қазақстан екен. 2022 жылғы статистикаға сүйенсек, елімізде бір миллионға жуық көлік сатылыпты. Оның 90 пайызға жуығы ескі, яғни, сатылып жатқан көліктердің дені 2005 жылдан әрі қарай шыққан. Соның 6 пайызының бағасы 1 миллионнан бастап 2 миллионға дейінгі аралықта. Бұл елімізде ескі көліктердің сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр.

Сондықтан Ішкі істер министрлігі пайдаланылған көлікті сатып алмас бұрын оны тексеру керектігін ескертеді. Автокөлік тарихын министрлік іске қосқан «Автокөлік тарихы» сервисі арқылы онлайн-режимде көруге болады. Кеше министрлік сервис іске қосылған сәттен бастап қазақстандықтар екі миллионнан астам көлік құралын тексергенін хабарлады.

Сервисте автокөліктің Қазақстанда алғаш тіркелген күнін, бұрынғы иелерінің санын, кепілдіктер мен ауыртпалықтардың бар-жоғын, басқа да мәліметтерді көруге болады. Қазіргі уақытта қызмет Smart Bridge-де орналасқан. ІІМ сервиске бірыңғай сақтандыру деректер базасын қосуды жоспарлап отыр. Бұл көліктің жол апатына ұшыраған-ұшырамағанын қосымша тексеруге мүмкіндік береді.

Бір сөзбен, түрлі жолмен сырттан әкелінген, ескі-құсқы көліктерге қатысты көптеген мәселе туындап отыр. Сондықтан басты міндет – ішкі нарықтағы көліктерді жаңа көліктерге алмастыру. Ескі көлігін сатып, орнына қосымша ақысын төлеп немесе автонесие жүйесін пайдаланып, халыққа көліктерді жаңарту тетіктерін ұсыну керек-ақ.

Дамыған мемлекеттерде ескі көліктерді өткізсе, жаңа көлік алуға 30 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Елімізде де ескі көліктерден құтылып, жаңартудың сондай тетіктерін қарастырған абзал. Бұл ретте, Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрі Марат Қарабаев осы мақсатқа жұмсалған қаражат қайтқан соң ғана жеңілдігі бар автонесие қайта беріле бастайтынын айтқан еді. Бірақ, алдағы уақытта бұл мәселе әлі де ушыға түсетіндей.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<