Кедейліктің формуласы немен өлшенеді?

611

0

Кедей сөзін күнделікті қолданыстан алып тастағанымызбен, өмірімізден түбегейлі  жоқ  қылып жібермедік. Біз бұл жерде рухани кедейлік емес, материалдық жағдай туралы сөз етпекпіз. Өйткені адамға алдымен азық керек. Әйтпесе, қарны тоқ адам көшеге шығып, байбалам салып несі бар? Жыл өткен сайын олардың қатары көбеймесе, сиремеді. Бұл сөздің баламасын «тұрмысы төмен», «күнкөріс деңгейі нашар» деп әдемілеп көрсеткенмен, ұтқан ештеңеміз жоқ. Оның үстіне еліміздің бірнеше халықаралық ұйымның мүшелігіне енуі кедей сөзінен бас тартуымызға себеп. Айналып келгенде, халық арасында әлеуметтік теңсіздіктің қалыптасуын тудырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында бұл жөнінде ашып айтқан болатын.

Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде.

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1 миллионнан астам адам кедей деп танылған. Ал Дүниежүзілік банктің есебінше бұл сан әлі де артуы мүмкін. Себебі, жақында жарияланған ақпараттарға сүйенсек, қазақстандықтар елде минимальды айлықтың 50,2%-ін азық-түлікке жұмсайтыны белгілі болған. Бұл – бір адамға шаққандағы мәлімет. Ал Еуропа елдері болса айлықтың 10-15%-ін ғана тамаққа жаратады екен. Ұлыбритания отары болған, қазба байлығы бізден бірнеше есе аз Ирландия, Аустралия, Жаңа Зеландия тұрғындары 7-7,5%-ін ғана тамаққа жұмсайды.

Сонымен, кедейліктің формуласы немен өлшенеді немесе осы түйінді қалай шешеміз деген сауалға Қорқыт ата атындағы университеттің экономика және басқару кафедрасының қауымдастырылған профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қамар Бекетова оның бірнеше нұсқасын ұсынды.

Кейінгі 3-4 жыл көлемінде халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеп кеткенін ешкімнен жасыра алмаймыз. Оған себеп, бірінен соң бірі жүргізіліп жатқан нәтижесіз реформалар халықтың жағдайын түзей алмады. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмекті де берудің жолдарын қиындатып жіберді. Тағы бір себебі, біз жұмыссыздықтың процентін жасырамыз. Оның деңгейін 4,5-5% деп бүркемелегенмен, «жараның» бетін одан сайын тырнап  жатқанымызды білмейміз. Мұндағы реформаның кесірінен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін, ресми жұмыспен қамтымаған деген секілді түрлі-түрлі терминдермен бөліп тастаған. Бұрын жұмыссыз не жұмыссыз емес деп екіге бөлетін. Бұл, айналып келгенде, көлеңкелі экономикаға ұласып кетті. Өйткені, кәсіп ашқандарды ешкім төбесінде тұрып тексеріп жатқан жоқ. Олар болса, салықтың есебін «пайда тауып отырған жоқпын» деген желеумен жауып отыр. Бірақ бюджетке ештеңе түсіп жатқан жоқ. Табысын жасыратындар көп. Оның да әсері болады. Тұрақты табыстың болмауы– кедейшілікке әкеп тірейтін фактордың бірі. Белгілі бір жерде тіркеліп, жұмыс жасап тұрса, тұрақты табыс түсер еді. Одан түсетін тұрақты табыс салығы мемлекет қазынасын көбейтеді. Жұмыссыздықтың көбейіп кетуінің себебін нарыққа жаба беруге де болмайды. Ол – реттелмелі нарық. Министр ауысқан сайын жаңа реформалар қолданысқа енеді. Сол реформалардың іс жүзінде дұрыс жүргізілмеуі де әсер етеді. Айтылуы бөлек, іске асуы мүлдем басқа реформа ел арасында адамдардың әлеуметтік алшақтықтығына алып келеді.

Тағы бір себебі – көші-қон мәселесі. Қандастарды елге тарту мақсатында көп жұмыс жасалды. Алдыңғы жылы сауалнама жүргізіп осы мәселемен айналысқан едік. Біздің өңірде Қытайдан келетін қандастар көп екеніне сенімді болғанмын. Зерттеу нәтижесі тіпті керісінше қорытындыны көрсетті. Өзбекстаннан келетін қандастардың көптігін көріп таңғалғанымды жасырмаймын. Ал енді олармен сөйлесейін десек, біздің елде жоқ. Олар тек өзінің кәсібін жүргізу үшін, кедергісіз зат тасымалдау үшін ғана азаматтық алғаны белгілі болды. Қағаз жүзінде біздің облыстан бөлінген қаржыға қандас деген статус алды. Әрі қарай талдау жүргізгенімізде олардың 80-90 процентінің жоғары білімі, мамандығы жоқ. Сауатының төмендігі соншалық, бұрынғы төте жазумен қалған. Мұндай қандастарды әкелгеннен ештеңе ұтпадық. Керісінше, өзіміздің білімді азаматтарымыз табыс табу үшін шетелге жұмыс жасауға кетеді де, орнына оқымаған, сауаты жоқ адамдар табыс табу үшін келеді. Бұл да күнкөріс деңгейіміздің төмендеуіне әкеледі. Өйткені біздің сауатты азаматтарымыздың орнына білімі жоқ адамдар келуде. Бізде мәселенің механизмі дұрыс шешілмейді. Себебін анықтамаймыз. Оның өзімен айналысып кетеміз, мәселе қайдан шықты деп түп-төркінін іздесек, көп шиеленістің алдын алар едік.

Экономикада қажеттіліктердің пирамидасы бар. Сол қажеттіліктердің ең біріншісінде азық-түлік тұр. Адам жалаңаш жүрсе де күнін көреді. Бірақ тамақсыз өмір сүре алмайды. Одан кейін  киім, денсаулық, білім деген сияқты қажеттіліктер тұрады. Ең бірінші қажеттілігімізді толық деңгейде өзімізді қамтамасыз ете алмасақ, бұл кедейліктің төмен шегі ғой. Тұрақты табысы жоқ адам түгілі, ай сайын жалақы алатындардың да табысы күнделікті ішіп-жемінен артылмайтыны жасырын емес. Біз инфляцияның деңгейін қалпына келтірсек, баға саясатын реттеуге мүмкіндік болар еді. Бағаны қолдан реттеуге болатынын кеше билік дәлдеді емес пе? Газ бағасын 50 теңгеге дейін түсірді. Мәселе Үкіметтің деңгейінде шешілді, яғни бағаны реттеуге болады. Ол үшін инфляцияны орнына алып келуіміз керек. Азық-түліктің экспортын шектеп едік, өзімізге жетті. Ал пандемия кезінде картоп пен сәбіз қымбаттап кетті. Ең арзан халыққа қолжетімді азық-түліктің бағасы шарықтады. Бұл жетіспеушіліктен емес, логистиканың болмауынан орын алды. Бір облыс пен бір облыс қатыспай қалды. Соның әсерінен баға көтерілді. Қарап отырсаңыз, экономика барлық саламен байланысты. Оның бір саласы сыр берсе, тізбектеп келесі саланың бәріне әсер етпей қоймайды. Экономика саласы логистикамен де, кәсіпкерлікпен де, жұмыссыздықпен де, демографиямен де байланысып отырып жұмыс істесе адамдардың тұрмыс деңгейі жақсарып, халықтың әл-ауқаты артатын еді, – дейді ғалым.

Әлеуметтік арақатынастың ұлғаюына әсер етіп отырған инфляция, девальвация, жанар-жағармай тапшылығы, экономикалық интеграция салдары секілді дүниелер әдетте қарапайым адамдарға қатты әсер етеді. Бізде көп мәселе санмен бүркемеленіп, қағаз жүзінде барлығы жақсы болып көрсетілгенмен, өмірде тіпті басқаша өрбиді. Бұл туралы Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтергенімен, бағаның бақылаусыз өсуімен бетпе-бет келетінімізді айтты. «Бірнеше жыл бойы жоғары инфляция экономикамыздың басты проблемасы болып отыр. Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді. Бағаны және халықтың инфляциялық күтуін тұрақтандыру керек» деді.

Қоғамда теңсіздік болған жерде, әрине, тұрақтылыққа сызат түседі. Бұл баға тұрақтылығынан бастап елдегі саяси тұрақтылыққа да өз әсерін тигізетіні анық. Елдегі орташа айлықты Ұлттық статистика бюросы 243,667 теңге деп көрсетіпті. Бұл сандар да ойға қонымсыз. Әдетте мұндай деректермен өмірдегі нақты дәлелді көріністер сәйкес келмей жатады.

Азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік көңіл-күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адамдар жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты әрі әрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет,– деген Президент сөзі көптің көңіліне үміт отын жаққандай.

Кедейшілік – әлемдегі кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін басты себептің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда әлемнің 2 миллиард 200 миллион тұрғыны кедейліктің құрсауынан шыға алмай отыр. Бұл бүкіл адамзаттың 14%-ін кедейлер құрап отыр дегенді білдіреді. Мұның 11%-тен астамы тақыр кедей, яғни әлем тұрғындарының 11%-і денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және санитария сияқты негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру мүмкін емес жағдайда өмір сүреді. Сондай-ақ әлем бойынша 780 миллионнан астам адам халықаралық ең төменгі кедейлік шегі көрсеткішінен (1,9 доллар) төмен жағдайда күнелтеді.

БҰҰ-ның тұжырымына сәйкес, күніне 5,5 АҚШ долларына күн көретін адам кедей, 1,9 доллардан аз ақшаға күнелтетіндер тақыр кедей деп есептеледі. Кейінгі жылдары әлемде кедейлер саны біртіндеп азайғанмен, әлемді жайлаған COVID індетінен кейін қыруар өндіріс орындары тоқтап, жұмыссыздық көрсеткіші 2 есеге артты. Осы жағдайға байланысты БҰҰ «әлемде аштық пен жұмыссыздық күрт көбейді» деп дабыл қағып, әлем елдерін кедейлікпен белсенді күресуге шақырған болатын. Дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстанда күніне 1,9 долларға өмір сүретін тақыр кедей жоқтың қасы. Бірақ 5,5 доллар бойынша есептесек, біздің елде де кедейлік көрсеткіші тым төмен емес. Мәселен, елімізде кедейлік көрсеткіші 2002 жылы 28% болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 2% төмендеген. 2019 жылы еліміздегі кедейлік көрсеткіші 9%-ке дейін түскенмен, пандемиядан бері қайта көбейді, көрсеткіш 12%-ке дейін артуы мүмкін деген болжам да бар.

Бүгінде жағдайының нашар екенін айтып, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрайтындар қатары көбейіп барады. Халқымыздың «Көп түкірсе – көл» деген нақылын ұстанған белсенділер асарлатып қаржы жинау арқылы әлеуметтік аз қамтылғандардың мәселесін шешуге талпынып та жүр. Қайырымдылық қорлары арқылы бірнеше адам баспаналы болса, енді бір бөлігі денсаулығын жақсарту үшін шетелге баратын қаржыны да осындай жолмен жеткізуде. Мәселен, біздің облыста «Асар халық» қайырымдылық қорын құрған Жетпісбек Сұлтанов пен Сымбат Байбосынованың отбасылық бұл идеясы көптің қолдауына ие болды. Жас отбасы әуеліде бұл ойларының іске асқанына қуанғанымен, көпшілікпен жұмыс барысында біршама қиындыққа кезіккендерін де алға тартты.

– Бізге көмек сұрап хабарласатын халықтың қарасы көп. Басында жергілікті тұрғындардың жағдайы осыншалықты төмен бе деп қатты қиналып, жүрегіміз ауыратын. Барлығына бірдей көмек беруге шамамыз жетпейді. Тіпті алаяқтарға алданып қалған сәттеріміз де болды. Содан кейін көмек сұраған жанды әбден тексеріп, ақша аударатын болдық. Күнделікті азық-түлік, баласының ішетін сүті, жөргегі, дәрі-дәрмегін ала алмай қиналған отбасылар, қыстың көзі қырауда көмір-отын сұраушылар қатары көбейді. Барынша демеушілер арқылы көмек береміз. Әлеуметтік парақшамыздағы тұрақты оқырмандардан жинаймыз. Біздің негізгі мақсатымыз – біреуде жоқ дүние екіншісінде болуы мүмкін, сондай адамдардың пайдаланылмай тұрған тұрмыстық бұйымдарын, киім-кешегін, балаларының қысқарып қалған, таза киімдерін жағдайы төмен отбасыларына тасымалдап жеткізу еді. Жаздың аптап ыстық күндері бір жасар баламызды әжесіне қалдырып, қала тұрғындарынан зат жинап, оны мұқтаж отбасына жеткізіп беретінбіз. Кейін халыққа таныла бастаған соң, көбі үйге өздері әкеліп беретін болды. Бір күнде 60-тан аса адам зат әкеледі. Оның жарамдысын алып, қажет емесін өртейміз. Қолданған дүниелерді алуға келген кейбір адамдар киім-кешекті шашып кетеді. Оны қайтадан жинауға тура келеді. Өзімнің тұрақты жұмысым бар. Бірақ маған қайырымдылық жасап, халыққа көмек берген ұнайды. Болашақта облыс деңгейінде дамытқым келеді. Бізден көмек қолын сұрайтындар – жалғызбасты аналар, ажырасып кеткендер, толық емес отбасылар.  Қазір кейбір ер адамдар отбасын асырауға, бала-шағасының болашағы үшін жауапты екенін сезінбейді. Бізге бұл орайда ұлттық тәрбие жетіспей жатыр деп ойлаймын. Кішкентайынан ертең отбасын асырайтын азамат болатынын құлағына сіңіріп өсіру керек, – дейді Жетпісбек.

Жыл сайын жаңа жылдан кейін азық-түліктен бастап, айналадағы дүниенің бәрі қымбаттайтынына көз үйренді. Зейнетақы мен жәрдемақыны жыл сайын көбейткенмен, еш пайда жоқ. Бәрібір бақылаудан шыққан инфляция деңгейін ауыздықтамаған соң нәтиже болмай тұрғанын Мемлекет басшысы да айтып отыр.

Қазақстан халқының 83%-де ешқандай жинақ ақша жоқ екен. Бірақ банктен алған несиесі бар. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында тұтынушылық несие 103,1 процентті құраған. Бұл да – кедейліктің белгісі. Кедейлікті жеңу және онымен күресудің бірден-бір ең қарапайым жолы – «кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» дегендей, ең алдымен, елде азық-түлік өнеркәсібін көтеру керегін қаржыгерлер алға тартып отыр. Қазақстандық жұмыс күшінің қолымен жасалған сапалы және бағасы арзан азық-түлік өнімдері керек. Ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден биыл 60 мың теңгеге көтерілді. Алайда бұл да қарапайым адамның күнделікті қажеттілігін толық өтемесі анық. Менделеев таблицасындағы 132 элементтің барлығы кездесетін  жерде отырып, лайықты өмір сүрмеудің себебін немен түсіндіруге болады? Мүмкін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтқан кедейліктің үш ағайынын жеңсек, қазақтан асқан бай адам болмас па еді. Үш ағайындының үлкені – кежірлік, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – ұйқы деп ақын атап кеткен нәрселерден арылсақ, ешкімге қол жаймай өмір сүруді үйренер ме едік?! Сіз кедейліктің формуласын қалай шешіп жүрсіз, құрметті оқырман?

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<