Мобильді аударымнан маза кетті

477

0

сурет ашық дереккөзден

Жаңа жылдан бастап барлық супермаркеттер мен дүкендер, өзге де қызмет көрсету орындары төлемнің қолма-қол қабылданатынын ескертуде. Кейбір кәсіп нысандары мобильді аударымнан бас тартып, тек нақты ақшамен есеп айырысуда. Мәселеге байланысты облыстық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Еркін Елшібеков түсіндірген еді.

Қазір кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына тауарлар, қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-касса машиналары (БКМ) мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізіледі. Ал ҚР Конституциясына сәйкес салық төлеу – әр адамның міндеті. Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті болдырмау үшін тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді салық органдарына беретін болады. Егер күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алынса, онда бұл азаматтар бақылауға алынады. Бақылау-касса машиналарын қолдануды жеңілдету үшін 2022 жылдан бастап БКМ функцияларын екінші деңгейдегі банктердің POS-терминалдарымен біріктіру бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Бұл БКМ мен POS-терминалдың бір чегін беруге мүмкіндік жасайды. Пилоттық жобаға «Каспий банк» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Банкцентркредит» АҚ қатысуда, – дейді ол.

Расымен, банкомат пен касса алдында ұзын-сонар кезекте тұрғандар көп. Пандемия кезінен электронды түрде аударым жасауға үйреніп қалған көпшілік бұл жайды түсінбей жатыр. Егер дүкен иесі немесе қызмет көрсету орындары төлемді тек нақты ақшамен қабылдайтынын айтса, бұл жағдай туралы мобильді қосымша арқылы мамандарға хабарлауға болады. Шағымды eOtinish арқылы немесе Wipon Cashback қосымшасы арқылы да бере алады дейді. Тек арызды растайтын құжаттар міндетті түрде болуы керек. Ал тұтынушы қай төлем түрін қолданамын десе де құқылы.

Заңдағы өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейді. «Бұл – заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған шара» дейді мамандар. Заңға қайшы  іс-әрекет жасаған кәсіпкерге алдымен ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанатын болса, саудагерге 20 АЕК айыппұл салынады. Бұл – 73 мың теңге. Алайда жеке тұлғалар, бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін – туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады.

Кәсіпкерге не кедергі?

Мәселенің екі жағы барын ескерсек, салыққа қатысты бірнеше жайттар кәсіпкерлер жұмысын жасауға кедергі келтіретін секілді. Жеке дүкен ашып, анасымен бірге сауда жүргізіп отырған Гүлжайна Алматованың пікірінше, электронды төлем қабылдаудың пайдасынан шығыны көп.

–       Бонустың тиімділігін халық, 3%-дың пайдасын салық көреді. Онымен қоймай банктің ұстайтын 1%-ы тағы бар. Кюардың лимитінен асып кетсең, айыппұл төлейсің. Күнделікті кюармен төленген сумманың барлығы кәсіпкердің қалтасына түсіп жатыр деп ойлайтындар бар. Ол жай ғана айналымда жүрген ақша деп түсіну керек. Алдыңғы жылы кюар қойған кәсіпкерлер былтыр алып тастады. Өйткені кейбіреулер 50 миллионға дейін айыппұл төледі.  Күн-түн демей үй көрмей, бала-шағаның қамы үшін нан-пұлын айырып отырған  қаншама шағын кәсіп иелері бар. Кәсіпкер болу оңай емес. Қаншама жұмысшы бар, коммуналдық төлемдер, жалға алса оның ақысы, салық, несие дегендей, осының барлығын есептей беріңіздер. Электронды аударымның шикі тұстары өте көп. Қазір ешкім қолына нақты ақша ұстағысы келмейді. Айталық, жәрдемақы, айлық, зейнетақының барлығын басқа банктен шешіп алып, оны Каспийге саламыз. Бүкіл қарызды сонымен жинаймыз. Бұның бәрі кіріс емес қой, – дейді ол.

Иә, кәсіпкер сөзінің де жаны бар. Бізде шағын өндіріс орындары неліктен аз? Оларға мемлекет тарапынан жасалатын қолдау болғанымен, салыққа келгенде жеңілдіктер қаншалықты қарастырылған? Мүмкін, ең алдымен, кәсіпкердің ісін дамытуға барлық жағдайды қарастырып, содан соң талап ету жөн шығар. Ақпараттық технологиялардың дамыған заманында бұл көрініс күлкілі көрінеді екен.

Электронды ақша қайдан шықты?

Жалпы, электронды ақшаның не екені барлығымызға түсінікті болар. Дегенмен оның шығу тарихы жайлы біле бермейміз. Оның тарихы сонау 1918 жылы АҚШ-тың Федералдық резерв банкі телеграф арқылы ақша жіберуінен бастау алған. Араға уақыт салып, 1993 жылы электронды ақшаның дамуы қайта жолға қойылып, содан бері дебет және кредит карталарын қолдану ғана емес, интернет арқылы сауда-саттық жасау да кеңінен тарала бастады. Ал отандық нарыққа электрондық ақша жүйесінің жаңа төлем құралы ретінде енуі 2011 жылғы 21 шілдеде «Электронды ақшалар сұрағы бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының қабылдануынан бастау алды. Қабылданған заң алғаш рет елімізде «электронды ақша» деген ұғымды енгізіп, оның құқықтық мәртебесін бекітті. Электронды ақшаны пайдалану қабылданған заңға сәйкес, басқа да төлем құралдары – төлем карточкалары, чектер, вексельдер, төлем тапсырмалары сияқты төлем жасау тәсілдеріне жатқызылды.

Сөз түйіні. Дамыған елдерде айтылатын мынадай сөз бар: «Бірінші ажалдан, екінші салықтан құтыла алмайсың», яғни көптеген елде салық төлеу мәдениеті қалыптасқан, салық төлемеген адам қоғамнан оқшауланады. Мүмкін көлеңкелі кәсіптің жолын кесу үшін бізге де сол нәрсе керек шығар. Салық – халықтың қазынасы. Сол арқылы айлық аламыз, сол арқылы зейнетақы, шәкіртақы беріледі. Бұл – қоғамдағы үнемі айналымда болатын механизм. Әйтсе де, дәл қазір мобильді аударымдарға қатысты мәселе талайды толғандырып отыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<