Орман қорын сақтап қалу маңызды

835

0

Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі өңір табиғатын қорғауды мақсат етеді. Аймақта жалпы 838 022 гектар орман қоры бар. Бұдан бөлек, мекеме көлемі 17900 гектар болатын «Тораңғылсай» қаумалын қорғауға алған. Орман қоры жерінде кесілетін отын қоры таусылуда. Осыған орай өткен жылы қыс мезгілінде елді мекен тұрғындарын отынмен қамтамасыз ету үшін, аудан әкімдерінің шешімімен 1480 текше метр жыңғыл кесуге рұқсат алынды. Көктемде

2 гектар тұқымбаққа тал, терек қаламшалары мен  қарағаш, үйеңкі, жиде, шаған ағаштарының тұқымы себілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Бүгінде 75,2 мың дана 1-2 жылдық тал, терек және 51,9 мың дана сексеуіл көшеті бар.

Күзде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына механикалық себуге сексеуіл тұқымбағына қажетті барлығы 5 850 келі сексеуіл тұқымы жиналды. Тұқымбаққа себуге 50 келі үйеңкі және 30 келі сәнағаш (катальпа) тұқымдарының сапасына сай куәліктері алынып, сақтауға қойылды.

Желтоқсан айында 10 гектар уақытша сексеуіл тұқымбағы себіліп, кораланды. Былтыр жеке және заңды тұлғалардан 118 өтініш түсіп, 14 азаматқа заңдылықтарына сәйкес  жер беруден бас тартылған, 104 жеке және заңды тұлғаға орман билеті жазылып, мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жыл бойы орманды күзету және қорғау жұмыстары мемлекеттік орман күзеті туралы ережеге сәйкес жүргізілді.

Мекемеде орман қорын күзету мен молықтыру жұмыстары штат кестесіне сәйкес 2 инженер, 3 орманшылық басшысы, 3 орманшылық басшысының орынбасары-көмекшісі, 8 орман мастері, 44 орманшыға (инспектор) және «Тораңғылсай» қаумалын қарайтын 3 инспекторға міндеттелген.

Көктем, күз  айларында мекеменің жеріне орман айналымдарын шолып тексеру жұмыстары жүргізіледі. Облыс аумағындағы «Қарасора-2021» кең ауқымды жедел профилактикалық іс-шарасына сәйкес мемлекеттік орман қоры жерінде  есірткі егілуін болдырмау үшін  мекеме қызметкерлері жақын орналасқан елді мекеннің учаскелік полиция қызметкерімен бірлескен рейдке шықты.

Жыл басынан бері 20 рейд ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 17 заң бұзушылық фактісі анықталып отыр. Оның  2-еуі аң аулау, 3-еуі заңсыз балық аулау болса, мемлекеттік орман қорынан тыс жерден қатаң тыйым салынған сексеуіл ағашын  сындыру   бойынша 9 факт анықталған. Мекемеге қарасты орман қоры жерінен де сексеуіл және жиде ағашын  заңсыз сындырып тиеп жатқаны жөнінде 3 факт тіркелді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті құжаттар жинақталып, мүдделі орындарға жолданып, келтірілген шығын толық өндірілді.

Өткен жылы орман өртінің алдын алу және өрт қаупі бар кезеңдерге дайындық жұмыстарын жүргізу үшін облыстық, қалалық төтенше жағдайлар  департаменті бөлімдерімен бірлескен оқу-жаттығу, өрт-тактикалық жаттығу өтті. Мобильді топ құрылып жақын орналасқан шаруа қожалықтарға үнпарақ таратып, профилактикалық шаралар өткізілді. Сонымен  қатар 40 дана аншлаг, 6 дана панно орнатылды. Өрт қаупі бар кезеңдерге дайындық туралы шаруа қожалықтары төрағаларына ескертулер беріліп, үгіт-насихат парақтары таратылды.  Орман өртіне қарсы 15 шақырым жолақ жүргізіліп, 1500  шақырымы қайта жаңартылды.

Мекемеге Қызылорда қаласының әкімшілік жерінде орналасқан 13 көл және «Тораңғылсай» қаумалы аумағында орналасқан «Алақашар» көлі бекітілген. Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырмасына сәйкес қаңтар, ақпан айларында осы көлдерді аралап, көл иелерімен кездесіп, балықтың мұз астында тұншығып, қырылуына жол бермеу үшін ойықтар жасау туралы шаруа қожалықтарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Алақашар» көліне мекеменің өз күшімен ойықтар жасалып, қамыс салынды.   

Балықтардың көбею кезеңінде «Уылдырық-2021» акциясы өтіп, елді мекендерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандарымен бірлескен рейдтер ұйымдастырылып, заңсыз балық аулаушыларға 3 хаттама толтырылды. Республикалық «Таза су айдындары» акциясы аясында резервтегі табиғат пайдаланушылар су айдындарының жағалауларынан 3450 келі тұрмыстық қалдықтарды тазартты.

Облыс әкімі орынбасарының тапсырмасымен күріштік алқаптағы қашыртқы каналдарда қалған балық шабақтарын құтқару іс-шарасы ұйымдастырылды. Мекеме қызметкерлері табиғат пайдаланушыларымен бірлесіп 500300 мың дана балық шабағын құтқарды.

Биотехникалық шаралар бойынша «Тораңғылсай» қорғалымында жабайы аң-құстарға 2000 келі күріш қалдығы және қара тұз шашылып, оларға жем шашатын шатырлар жасалды. Қасқыр, шибөрі сияқты жыртқыш аңдар санын шектеу жұмыстарына өткен жылы қаржы бөлініп, мердігер «Атакент Сервис Групп» мекемесі 122 шибөрі, 15 қасқырды жойды.

Көктем айларында жабайы аң-құстарға санақ жүргізілді. Санақ нәтижесінде, 98 қарақұйрық, 96 жабайы шошқа, 32 қасқыр, 164 шибөрі, 3284 қоян, 64 түлкі, 225 борсық, 2251 қырғауыл анықталды. Жабайы аң-құстардың заңсыз атылуын қадағалау үшін жүргізілген рейдтер барысында ереже бұзған  2 жағдай тіркеліп, шара көрілді. Мекемеге қарасты «Тораңғылсай» қорғалымының инспекторлары және орман күтушілерге жабайы аң-құстарға санақ жүргізу ережелері таныстырылып, дәрістер өткізіліп тұрады. Қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы жұмыстар жыл бойы жалғасын таппақ.

Сейілбек ТАЙМАНОВ,

Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік

мекемесінің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<