Шатыр ұшты! Шытырлап ақша ұшты!

732

0

Қызылорданың желі. Құм аралас құйын. Кейінгі жылдардағы құрылыс сапасын айна-қатесіз көрсетіп беріп тұр. Аяқасты ұйтқығаны сең соққандай әсер етіп, дал-дұлымыз шығатын болды. Мұржалар бел ортасынан сынып, шатырмен бірге шытырлаған ақша да желге ұшып жатыр.

Еліміздегі жаңадан салынып жатқан құрылыстардың орта жолдан опырылып құлай салуы, пайдалануға берілген үйлердің жыл өтпей жатып олқылықтары көрінуі қалыпты жағдайға айналып барады.

Ұйытқып соққан желге шыдас бере алмаған шатырлар – құрылыс сапасы сын көтермейтінінің айғағы. Осы тұста, цифрландыру деп ұрандамас бұрын шипырландыруымызды дұрыстап алсақ, құба-құп болар еді. Себебі соңғы 4-5 жылда төбесіндегі шатыры сыпырылып түскен нысандар оқтын-оқтын тіркеліп жатыр. Бұл мемлекет қаражатын желге ұшырып қана қоймай, адам өміріне де қауіп төндірді.

– 2020 жылы 4, 2021 жылы 2, 2022 жылы 18 және биыл 24 шатыр құлады. Өкінішке орай, бұл сандар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Шатыры кеткен ғимараттардың басым бөлігі – білім, әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлер.

Төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін алдағы уақытта, жеке сектордағы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің шатыр конструкцияларына, ескірген шатырды монтаждау кезінде сапасына баса назар аударылса дейміз, – дейді облыстық ТЖД бөлім бастығы Бейбітхан Спанов.

Еске сала кетейік, «Қазгидромет» РМК Қызылорда филиалының хабарлағанындай 1-2 сәуірде облыста секундына 15-28 метр қатты жел мен шаңды дауыл соқты. Дауыл кезінде «112» – Дағдарыс жағдайында басқару басқармасына 18 қоңырау түскен, 17 шатырдың және 1 құбырдың құлағаны туралы айтылған. Жалпы 24 нысанның шатырының құлағаны тіркелген. Оның ішінде 7 білім беру ұйымы (6 мектеп, 1 колледж), 3 ауылдық мәдениет үйі, 9 мемлекеттік мекеме (оның ішінде 2 коммуналдық, 1 мешіт), 2 көпқабатты тұрғын үй, 3 жеке тұрғын үй бар.

– Екі аптаның ішінде залал келген нысандардың барлығы қалпына келтірілуі керек. Оған бюджеттен бір тиын да қаражат бөлінбейді. Салынғанына елу жыл болған ғимарат болса түсінікті, ал кейінгі үш-төрт жылда пайдалануға берілген нысанның шатыры бір желге шыдас бермесе, оған бюджет қаражаты жұмсалмайды, – деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.

Барлығы 2909 шаршы метр шатыр зақымдалып, қазір жергілікті атқарушы органдар комиссия кұрып, келтірілген шығындарды есептеп жатыр.

Өңірде жиі болатын табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың қауіптісі қатты желден шатыр құлауы болып тұр. Салдарынан электр желілері үзіліп, халықтың тіршілік ырғағының бұзылуына, айтарлықтай материалдық шығындарға әкеліп соқтыруда.

Сарапшылардың пікірінше, қазір бюджет қаржысына мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерден гөрі жекеменшік компаниялар тұрғызған нысандар сұранысқа ие. Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің барлығында кемшілік жетерлік. Жеңілдікпен беріліп жатқан үй болғандықтан, тұрғындар артық талап қоя алмайды. Әйтпесе сапасыз құрылыс қоғамымыз үшін қалыпты жағдайға айналып барады.

Осы тұста облыста орын алған «ең ұлы ұшуларға» шолу жасап өтейік. Өткен жылдары Қызылордада секундына 20 метрден астам жылдамдықпен жел соғып, Абай даңғылындағы «Болашақ» университетінің шатыры ұшып кетті. Қалдықтар 300 шаршы метр алаңға құлаған.

Ал 2022 жылдың 21 мамырында сағат 21.00-де облыстық ТЖД-ға Жаңақорған ауданы ТЖБ-дан хабарлама түсті: сағат 16.00 мен 18.00 аралығында қатты желдің әсерінен (жылдамдығы 24 м/с) 2 ғимараттың шатыры (профнастил) құлады.

Өткен жылдың 6 шілдесі күні болған қатты желден Жалағаш ауданында да бірнеше ғимаратқа зақым келді. Табиғи оқиға салдарынан көппәтерлі 2 тұрғын үйдің шатыры ұшып, сол жердегі 2 көлікке құлаған. Сондай-ақ, жақын маңда орналасқан электр бағаналары да үзілген.

Шатыр құлаған сайын мамандар «Құрылыс сапасын жақсартамыз. Қадағалауды күшейтеміз. Бақылаймыз» деп көзді бақырайтып тұрып, уәдені үйіп-төгіп береді. Бірақ, байқап отырғаныңыздай, шатыр ұшу оқиғалары жыл сайын артуда. Оң нәтиже жоқ. Айналып келгенде зардап шегетін халық. Ендігі кезекте жауапты мамандар бұл мәселені тиянақтап қою керек. Облыс әкімінің талабы да осы.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<