Су маманы – Сыр егісі шырағы

677

0

Ауыл бес-алты шағын елді мекен. Орталықта жетіжылдық мектеп бар. Сонда оқимыз. Шетте, он бес шақты түтінді қоныста, көл жағасында тұрамыз. Ол маң кереметтей жайлы. Үйлер қыратта. Көлге қарсы тұста суы мол өзек жатыр ирелеңдеп. Көлдегі балық пен құста есеп жоқ. Балықшы да қарық, біз де күнәра балық жейміз тегін. Өзектің суы мөлдір. Су астындағы торта мен қызылқанат, ақ балық пен су тышқаны – ондатр көздің жауын алады. Жақын бұталардың арасындағы қырғауыл қоразы таң ата ұйқы бермейді ғой шақырып. Балапанын айтпағанда, үйдегі тауық шөжесімен бірге шүпірлесіп жайылып, шашқан жемге таласып жүрген. Жұма сайын бесіннен өте өзек қуысындағы қауындықты суарамыз. Сағаны ашып, егін отағын жұламыз. Сиыр сауым уақытта суды бөгейміз. Шамалыдан соң егісті араласақ төрт-бес мөңке жатады арық ішінде қайырлап, тулап. Сол күні көрші балықшы ау қарап қайтқан кезде көл шетіне жақындамаймыз. Әйтпесе, мазалайды, балық ұстатып қолымызға.

Наурыз ортасы ауа дария буады. Көлдің жақындай бастағанынан білеміз мұны. Екі-үш күнде су белуарға көтеріліп, шеті үйлерге сәл-ақ қалады. Үш-төрт тәулік тұрады тапжылмай, кілкілдеп. Қауіп төне түседі. Ақыры, «Дәуге де жан керек» дегендей жайлап қайта бастайды. Көлдер мен сайлар балық пен суға толып, шабындық қаулап өсіп, мал жайылымы қоқтана түседі. Қасиетті Сейхун ата-ананың баласына беретін игіліктерін қойнауы мен қолтығында өмір сүрген жандарға осылай сыйлап жатты.

Кейін «Қызылорда» су торабы салынды. Одан соң бұрын-соңды болмаған суармалы алқаптар құрылысы басталып кетті. 300 мың гектарға жуық инженерлік жүйедегі суармалы жер пайдалануға берілді. Өңірдегі күріш егісі бұрынғы 20-25 мың гектардың орнына 85-90 мың гектарға жетті, өнімділігі күрт жоғарылады. Ауыл азаматтарының, егіншілердің табысы өсіп, күнкөрістері жақсара түсті.

 Ол кезде облыста жүз шақты ірі шаруашылық болатын. Мықтылары 2,5-3,5 мың гектар күріш егеді. Солардың әрқайсында 5-6 білікті су маманы ауқымды, тиімді істер атқаратын. Орташа шаруашылықтарда 3-4 су маманы бар. Сырдың суын тиімді пайдаланып, дақылдар қолайлы әдіспен суарылып, жоғары өнімге қол жетуші еді. Жалпы облыс бойынша су мамандар саны 300-330-ға жуықтайтын. Бүгін жағдай өзгеше. Біраз ірі шаруашылықтар көп майда қожалықтарға бөлінген. Қазір ірісі, майдасы бар шаруашылықтар саны 500-дің ожақ-бұжағында. Соның баршасындағы су мамандары саны 30 шамалы. Бұл дегеніңіз жоқтың қасы! Сонда қалай болғаны?!

Тарих қойнауына енген Кеңес одағында «Кадры решают все» деген қанатты сөз болатын. Ендеше, оның қатесі жоқ екенін тірі жанға көнбейтін әділ уақыт дәлелдеп көрсетті. Ол аз десеңіз, атақты шайыр Шораяқтың Омары: «Білімсіз іске аспайды дәркілдек би» деп осыдан жүз жылдай бұрын ұрпағына аманаттаған! Сонда, өңіріміздегі ауыл азаматтарының басты күнкөрісіне айналған суармалы алқаптарды су маманынсыз жоғары талаптарға сәйкес пайдалануға болады дегенге қалай көніп, қалай илануға болады? Бұл кешегі өткен Сыр өңіріне бұрын-соңды болмаған жақсылық орнатқан қолымызға өздері салып, құрылысын бітіріп, соңындағыны оқытып-шоқытып, бар білімін біздің, өзінен кейінгі ұрпақ санасына аямай төгіп, құйып, дайын қазына кілтін қолымызға ұстатып кеткен, келер ұрпақ келешегін өзінің туған балалары ертеңін ойлағандай ерен еңбек атқарып, Сыр бойы халқының жадында қалған атақты, алып сушылардың еңбегін ескермегендік, ұмытқандық болмай ма, ағайын?!

Қызылорда облысы – еліміздегі айрықша ерекшелігі бар аймақ. Ол – мұнда қолдап суарусыз, егінші көмегінсіз ылғалданбай бірде-бір дақыл өсіп-өнбейтіндігі. Сондықтан өсімдікке қажетті ылғал арнайы салынған суармалау желісі арқылы келеді. Сол желі жобасын жасайтын да, кейін соның құрылысын басқаратын да, соңынан сол жүйенің ережелерге сәйкес пайдалануын ұйымдастыратын да – инженерлік білімі мен білігі бар су маманы. Осы маңызды іс тек сол маманның қолынан келеді.

Сөз жоқ, қазір өңір шаруа қожалықтары аймақты, бүкіл елді бәсі жоғары, сапасы биік, орны бөлек азық – күрішпен қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін аямай, қарымды еңбек етуде. Сонымен қатар олар ауылда еңбектеніп жатқан диқандардың, олардың отбасы мүшелерінің де лайықты күнкөрісі болуына бар мүмкіндігін жасауда. Мұны терең түсінбеске, бағаламасқа, мықты қолдамасқа ешкімнің сылтауы мен дәлелі жоқ, әрине! Дегенмен, ауыл келешегі мен ертеңгісін ойлап, болжап, қамдауға да жоғары көңіл бөлу қажеттігін міндетімізден, санамыздан, ойымыздан ешкім алып тастаған емес. Онда баршамыз туған өлкемізді ең қажет маманнан жетімсіретпей, бар мүмкіншілігімізді пайдаланып, осыны орнықты шешуге атсалысуымыз қажет сияқты!

Осы мәселе турасында біраздан бері жан-жақты ізденіп келемін. Ақыры тапқандаймын, анықтаған сияқтымын, мәселенің түбіріне жеткендеймін! Сөйтсек, осының түп-тамыры шаруашылықтың өзінде екен, осы күрделі түйінді терең түсінетін де, шешетін де, өзгертетін де, жөндейтін де, қолайлы жолы мен әдісін тауып орнына келтіретін де шаруашылықтың өзі екен.

Әр ауылдың егіс көлеміне сәйкес оған қажет 2-3 немесе әрі кеткенде, 3-4 су маманы. Ендеше әр елді мекеннен сол ауыл үшін жанын салып іс атқаратын өнегелі жас өркен қайта-қайта табылары күмәнсіз! Солардың арасынан су маманын дайындау үшін ауыл әкімі мен шаруашылық басшысы таңдап, университетке ақылы негізде оқуға түсіреді. Міне, ағайын, ауылда су маманын қажетті қалыпқа жеткізудің қысқа да, тіке де, қателеспейтін жолы мен әдісі осы! Жасыратыны жоқ, өз білімімен мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орнын тәмамдаған азамат көбіне жеке қалауымен жұмыс орнын тауып жатады. Оларды қанша үгіттегеніңмен ауылға баруы екі-талай. Ауылды қажетті мамандармен қамтамасыз етудің бір сыры да осында жатқаны белгілі. Сондықтан о бастан, сол ауылда мектеп бітірген жасқа мол сенім білдіріп, оған ауылдың, шаруа қожалығының грантын қолына ұстатып, оқып жүргенде де онымен тікелей байланыста болып, туған ауылының қадір-қасиетін бала кезінен білетін, саналы, білімді, өнегелі маман дайындап шықса, сөз жоқ, ол ауылына оралады, уәдеде тұрады, бар күш-жігерін салып еңбектенеді.

Су маманы кәсіби қазанында көп жылдары сақырлап қайнап, сүт бетіне шыққан қаймақтай, суармалы алқап күйін жақсартып, қалпына келтіретін жайлар шет-жағасын айта отырайық.  Әрбір танапта оның топырақ ерекшелігіне сәйкес күріштің суару тәртібін анықтау, оны сушыларға түсіндіру, өзге дақылдардың тиімді суару әдістерін анықтау, жаз бойы суды пайдалану жоспарын есептеп, дайындау, егіске жаз бойы түскен су мөлшерін анықтап, бақылау, қарауындағы егістегі барша гидротехникалық құрылымдардың жағдайын қадағалау, әсіресе, қақпаларының дер кезінде суды ашып-жабуға дайындығын тексеріп, сапасын анықтау, атыздар тегістігін жыл сайын өлшеп-анықтау, қажет жағдайда оларды тегістеуден өткізуді ұйымдастыру, суармалы алқап топырағы сортаңдануын қадағалау, осыған сәйкес шаралар қолдану, суару желісінде қайырдың жиналуына байланысты оны тазалауды ұйымдастыру, қашыртқылар желісі тереңдігін бақылау, жерасты суы деңгейінің қалыпты мөлшерден көтерілмеуін бақылау. Міне, су маманы кәсіби міндеттерінің негізгілері осы! Аз емес, көп!

500 гектар күріштігі бар шаруа қожалығы үшін бір су маманын дайындап алуға кеткен қаржы сол ұжымға анау айтқандай салмақ салмайтыны белгілі. Себебі екі гектарлық атызда өндірілген күріштен алынған пайда бір маманды оқытып дайындауға жеткілікті. «Ақылы негізде оқыды» дегеннен гөрі жас маман шаруа қожалығы гранты арқасында оқып, өзі туып-өскен ауылда перзенттік борышын ақтап, өнегелі еңбек атқарып жатыр деудің орны ерекше болар. Бес жүз гектардай жерге күріш себетін шаруашылық 300-дей атызға дән себетінін ойға алсақ, онда бұл мүлде сөз қылатын шығын да емес қой, ағайын! Қайта, осының сауапты, өнегелі тұсын аша түсейік, кәне! Болашағынан үміт күттіретін жасты шаруашылық басшысы ауылдың көргенді отбасынан ұшқан, өнегелі жастар арасынан қалап, таңдап алады.

Мезгіл үрдісіне сай қазір шаруа қожалықтары басшылары да, ауыл жетекшілері де – талапты, өнегелі жастар. Ренжімес деп ойлаймыз, олар – сөз жоқ, білгір, алғыр азаматтар. Бірақ кейде өмірлік тәжірибе жетіңкіремей жатуы да мүмкін. Сондықтан болашақ су маманын жергілікті мектеп бітірушілері арасынан таңдағанда көп көрген ауыл ақсақалдарына бас иіп, келісіп, ақылдасып жатса, ортақ шешімнің бәсі биіктей, салмақтана түсері сөзсіз.

Оның алдында сол талапкерге келешекте туған ауыл үшін атқаратын мол еңбегін ойына салып, ұғындырып, келісімін алады. Өйткені сол жас өркенге алдағы уақытта мол жауапкершілік артылайын деп тұр. Ол үшжақты келісім-шартпен де бекітіледі. Ал сол жас оқуын тәмамдап, ауылда су маманы болып жұмысын бастады делік. Уақыт өте ол нағыз маманға айналып, ауыл ырзығы мен несібесін еселейтін білікті де, беделді азамат болсын делік. Сонда ойлайықшы кәне, шаруашылық неден ұтылып, неден құралақан қалды? Ұтылғаны қайда? Қайта сан мәрте жоғары дәрежеде ұтты, пайдаға кенелді! Жоқ жерде сол ауыл мықты маманға иелік етті! Осы аз ба? Жоқ, әрине! Аз болып жатса, кешегі жастың қазір белді маманға айналуына тікелей себеп болған ұжымға оның іштей дән риза болып, келешекте сол ауылдың басты бір тірегі мен діңгегіне айналатын азамат болуы және көрер көзге ашып айтар оның мықты ықыласы неге тұрады, ағайын?! Бұл – аз емес, сауаптың, жақсылықтың, игіліктің көкесі! Мұны теңгемен өлшеуге мүлде болмайды, тіпті жараспайды!

Тарихта бұрын бой көрсеткен болымды құбылыстар кейде жаңа деңгейде уақыт өте қайталанады деген бар. Ондайлар болған да. Игілікті бастамамызды шаруашылық азаматтары түсіністікпен қолдап, Сыр елі диқандары мақұлдап жатса, кім білген, бәлкім, осыдан елу жыл бұрын осы аймақта жоғары қажеттілікке ие болған су мамандарының абыройы мен мәртебесі бұрынғы қалпына келіп, шарықтайтын шығар? Осылай болып жатса, қолымызға суармалы жер сияқты аса мол қазынаны ұстатып кеткен ардақты ағаларымыздың рухы жай тауып, риза болар! Қасиетті аруақтар ойынан шығатын істерді атқаруды қазақ баласына жас кезінен үйретіп, өсиеттеген.

Шамалауымызша, адамның адал тілек-ниетін, орынды қажеттіліктерін барынша қанағаттандыратын бабалар армандаған берекелі кез жақындаған сияқты. Бұлай тұжырымдауымыздың себебі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпалымен елдің ризашылығына бөленген Жаңа Қазақстанды құру жолындағы қарымды істер басталды. Ауылдан шығып, туған жер жағдайын бес саусақтай білетін, еңбек адамының жай-күйін түбегейлі, терең түсініп бағалайтын Нұрлыбек Нәлібаевтың өңір басшылығына келгеніне аз уақыт болса да, аймақ халқының әлеуметтік хал-жағдайын жақсартатын, оңды, игілікті істердің басында жүруі көңілімізге осындай мықты сенім мен үміт ұялатқаны рас. Лайым, солай болсын! Заманына азаматы сай дегендей!

Өңірде Одақ кезіндегідей қалпын сақтаған ірі шаруашылықтар бар. Бірақ, олар аз, бір қолдың саусағымен түгенделгендей. Осы іргелі шаруашылықтарға ұсынысымызды қолдау сөз емес. Өйткені олардың қаржылық мүмкіншілігі жоғары. Келесі қатарда егістік көлемі 700-900 гектарды құрайтын орташа шаруашылықтар. Олар көп, әрине. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» дегендей, осы шаруашылық басшыларының да бір су маманын оқытып, дайындап алуға қарымы жеткілікті. Бұдан кейін егіс көлемі 200-400 гектардай шаруа қожалықтары. Бұларға да түсер салмақ ауыр емес. Өйткені, екі-үш қатарлас орналасқан қожалық келісіп, ұйымдасып, өзара бірігіп, ортақ бір су маманын оқытып алуына толық мүмкіншілік бар.

Күрделісі жер телімдері 50-100 гектардан аспайтын майда қожалықтар. Әгараки, ауылда осындай өте шағын шаруа қожалықтар саны мүлде көп болып жатса қандай амал, не жол бар? Жолы да бар, амалы да жоқ емес! Ауылдық амбулаториялар азаматтар саулығын бақылап, қадағалап, барынша қамқорлық жасайды. Оларда білікті, білімді дәрігерлер бар. Төрт түліктің де жай-күйін бақылайтын, дер кезінде сақтандыру шараларын ұйымдастырып, іске асыратын мал дәрігерлері де бар. Онда ауыл жері мен суына жаны ашитын, дала азаматтарының басты тірлігі мен күнкөрісіне айналған суармалы алқаптарды төнген қауіп-қатерден сақтап, өз қанатының астына алатын су мамандар тобын сол ауыл әкімдігі өз маңына неге жасақтамасқа?! Осылай болып жатса әрбір майда шаруа қожалықтары өз үлестеріне сәйкес қаржылық салмақты ойланбастан көтеретіні де анық.

Осы обал-сауабы мол игілікті іске маман дайындайтын университеттің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасы оқытушылар қауымы қарап қалмайтынын баса айтқымыз келеді. Жақында осы мәселе бойынша, өңірдің біраз белгілі ардагер су мамандары мен ғалымдары қатысқан дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Алдағы уақытта ауа райы, топырақ-мелиоративтік, өндірістік ерекшеліктерін оқу үдерісінде түгелімен ескеру мақұлданды. Егер сол жас өрендер туған өлкеміз қадір-қасиетін арттырып, аға ұрпақ қолымызға тапсырып кеткен қазынаны қолына нық ұстап, ауыл жанашыры болуды армандап келсе, бізге не болыпты оларға өз баламыздай, бауырымыздай бар білгенімізді төкпесек, санасына құймасақ?

Осы өлкеде өмір сүрген алып су мамандарын ойға алғанда алдымен Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Тыныштықбаев, Елтай Құтыбаев, Мәделхан Нәлібаев ағаларымыз жадымызға оралады. Біз – сол алып ағалардың шәкіртіміз. Көрген-білгенімізді әріптес інілеріміз бен қарындастарымызға, балаларымызға үйретудеміз. Олар да өз кезегінде соңынан келе жатқан ұрпаққа өнеге болуға дайын. Осы қасиетті құбылыс мүдіріп кідірмеу, бәсеңдемеу керек!

Кафедрада орындалған ғылыми зерттеулерімізде анықталғандай күріш атызы бетінің тегіс еместігін ескеріп, оның бетіндегі су қалыңдығын өзгертіп отыру арқылы бір гектар егіске шаққанда 3,5-4,0 мың текше метр суды үнемдеуге болатыны анықталған. Қазір күріш атыздарында су өлшеуіш құрал-рейканы көру таңсық. Егер жаппай әр атызда сол құрал орнықты тұрса су шығыны гектарына есептегенде 2,5-3,5 мың текше метрге кемиді. Сонда бір гектарға шаққанда 6,0-7,5 мың текше метр су үнемделеді. Егер осы әдіс бүкіл суармалы алқаптарда тиімді қолданылатын болса, үнемделетін су көлемі 500 млн текше метрді құрайды екен. Осы су көлемі ірі ауданның пайдаланып жатқан су мөлшерімен пара-пар. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, көп! Бұл – ертең он шақты жыл шамасында шаруашылықтарда су мамандары бұрынғыдай іске араласса, өздеріне тиесілі орындарынан табылса, оңай қолжетімдік болатын мықты нәтиже!

Мұраб бабаларымыз ертеректе Сырдария игілігін кеңінен таратып жайып, өлке қажеттілігіне жаратуға зор үлес қосыпты. Оған айқын дәлел – аймағымыз үстінен ұшақпен қалқығанда айқыш-ұйқыш, ирелеңдеп жатқан, қолдан тұрғызылған сансыз көп кішігірім арналар мен өзектер. Сол өзектер алдымызда өмір сүріп тірлік жасаған ұрпақтың несібесін өсіріп, күнкөрісін көтерген. Ғарыштан қараса осы ирелеңдеген суреттен «Ей, адамдар, біріңе бірің мол жақсылық жасауға ұмтылыңдар!» деген жазу көрінеді деген де сөз бар. Кім білген, мүмкін, рас та болар, өйткені, сол арналар мен өзектерді Ұлы Құдірет берген биік қабілеті арқылы өзгенің қамын ойлаған, адал пиғылмен өмір сүрген, жұрттың келешегі мен жарқын болашағын күйттеп, адамға игілік пен ізгілік, мол жақсылық жасауды әдет еткен мұрабтар ғой! Әлде жоғарыда аттары аталған ардақты ағаларымыз кезінде сол мұраб бабаларымыз рухымен сырласқан да болар? Сөйтіп, ел жадында қалар аса ауқымды істерді атқарған шығар.

Осы маңызды іс ауыл азаматтарының қолдауына ие болып, ойдағыдай өрбіп жатса биылдан бастап шаруа қожалықтар гранты негізінде оқуға түскен ер балалар саны әр ауданнан кем дегенде 10 адамды құрауы мүмкін. Шамамен 60-65 жас оқуға түсер. Жұмысымыздың алғашқы нәтижесін 2027 жылы сол 60 маман біздің университетті бітіріп шыққанда көреміз әлі. Амандық болса, осы сауапты ортақ іс қолдау тапса, он шақты жылда аймақ шаруашылықтары су мамандарымен қанағаттанарлық деңгейде қамтамасыз етілуі әбден мүмкін. Сонда баршамыз игілікті батаның астында қаламыз, бауырлар! Онда ардақты, алып сушылар рухы аунап түсіп, барша сырбойылықтарға алғысын жаудырады!

Ойға оралған келелі сөз барар жерін таппаса жетім депті бабалар. Өмір болғасын, азаматтың ұлғая келе өкінетін кездері де болады екен. Өкініштің үлкені – кезінде басқарған ұжымыңа, айналаңа, өзгелерге, қолыңнан келіп тұрып, мүмкіншілігің бола тұра, бере алмаған, көрсете алмаған жақсылығың, ағайын! Бүгін сондай өте маңызды, өлара сәтте тұрмыз! Ауыл азаматтарының үмітін ақтайық, бауырлар!

Сұлутөбе ығындағы разъезде жетіжылдық орыс мектебін аяқтап қалаға келдім. Мақсатым – орта мектепте оқуымды жалғастыру. Жатқан ағайынның үйіне кешқұрым ақсақал келді. Сол кісі шай үстінде әңгіме қаузады: «Баламыз, ауылдамыз. Бір күні ымырт үйіріле ауыл маңында қызық жайтқа куә болдық. Балалардың ойыны сол елең-алаң мезгілде қызатыны бар емес пе, үйірімізбен шуласып, шауып жүрміз. Бір кезде алдымыздан анадай жерде өтіп бара жатқан топ көрінді. Бес-алты кісі. Жолсыз, бұталар ішімен тартып барады. Алдында шамы қолында қаба сақал кісі. Артындағылар соңынан жерге ағаш қадалар қағып келеді екен. Жата қалып әкелерімізден мұның жайын сұрадық. Сөйтсек, қолына шам ұстаған адам белгілі мұраб екен. Еш құралсыз, өлшеусіз, тек өзіне Алла дарытқан ерек қабілеті арқасында ылғи осылай дариядан тартылатын арналар бағытын көрсетіп береді екен ол. Қалың көрпеше үстінде отырған атамыз: «Е-е, балаларым, ол осы аймақтың шырағы ғой! Сол адамға Алла көпке бермеген қабілет бұйыртыпты. Ол да болса осы жұрттың несібесі, шығар!» деді. Содан су шаруашылығы техникумынан бір-ақ шықтым.

Ағайынға адал, ашық ниетпен өздері әлдеқашан атқаратын сауапты ісін жадына салып жатырмыз! Туған жерге деген жүрегіміздегі жанашырлық пейіліміз шоғы арқылы бүгінгі күйкі тірлік оралымдарында ертеңгі болашаққа көз қиығын тігіп, терең үңіле алмай жүрген бауырларымызға бұл жалғанда айналаңа, ауылыңа, ел болашағына қиянат жасамай, тірлік ету міндетін есіне салып, жүрегінің кілтін жұмсақ алақанымызбен аялап ашып, санасында маздап жана алмай жатқан отты үрлеп тұтату ғана! «Игілікті іске өзіңмен қоса өзгелерді де тартып, қосқанның сауабы он есе» дегендей. Қасиетті дария нұрын шырақ ұстап қолына, елге берген мұрабтай рухты осы дән жалғап, суармалы алқап салып, ырзық отын ұстатқан алып ағадай, бәсеңдеген отты сол ұрпағымыз маздатып, жағып жатса бек дұрыс!

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,

техника ғылымдарының докторы

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<