Табиғатта басы артық ештеңе жоқ

1287

0

Облыстың жалпы жер көлемі 24 млн 130 мың гектарды құрайды. «Ал аймақтағы 22 млн 130 мың гектар жер табиғи орта болғандықтан, өз заңдылықтарына сәйкес қорғалып, ұдайы бақылауда ұсталады ма?» деген сұрақ туындайды.

Иә, қорғалады. Тым қатаң бақылауда болмаса да, мұндай аумаққа кірудің өзіндік тәртібі бар. Енді қараңызшы. Бізде 9805 мың гектардан астам жерде 41 аңшылық алқап орналасқан. Оның ішінде 17 аңшылық алқап конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Ал 6480,7 гектарды құрайтын 24 аңшылық алқап резервтік қорда тұр.

Қажетті дүниеге қамқорлық жетіспейді

Мұнан басқа, облыста жалпы көлемі 163126 мың гектар жерді құрайтын, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы мен аумағы 31,2 мың гектар «Тораңғылсай» және «Қарғалы» мемлекеттік табиғи қаумалдары бар.

«Барсакелмес» қорығы – Тұран шөлінің солтүстік және орташа экожүйелерін қорғайтын Еуразиядағы бірден-бір аймақ екені белгілі. «Барсакелмес» аумағында өсімдіктің 325 түрі бар. Оның ішінде 5 түрі «Қызыл кітаптың» есебінде. Пайдалы, емге қажеттілері де жетерлік. Изен, тамыр жусан, еркекшөп, қау, ажырық сияқты мал азығына қажетті шөп те өседі.

Қорықта құстың түрі мол. 250 түрлі қанатты осында тіршілік етеді. Сонымен қатар, ерекше қорғалатын құлан, қарақұйрық, шағыл мысығынан бөлек, қарсақ, құм қояны, зорман, сұр атжалман, қалқанқұлақты кірпі көп кездеседі. Қасқыр мен түлкі де көп таралған.

Биылғы есеп бойынша, «Барсакелместе» 690 бас түркімен құланы, 62 бас ақбөкен мен 171 бас қарақұйрық бары анықталған. Мұнымен бірге 203 қабан, сирек кездесетін шағыл мысығының 6 басы қорық территориясынан кездескен. Иә, сирек кездесетін жануарлар санының артуына, сақталуына қорықтың қатаң тәртібі қолайлы жағдай туғызатыны белгілі. Былтырғымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 10-15 процентке артқан дейді мамандар.

Айта кетейік, жалпы біздің аймақтың экологиялық және аңшылық туризмді дамытуға мүмкіндігі бар. Аңшылық туризмді экономикалық пайданы ұлғайту үшін кәсіби негізде іске асырса да болады.

Қорықшылардың негізгі міндеті – рұқсатсыз аң-құс, балық аулаушылардың жолын кесу, аң-құстың қауіпсіздігі мен көбеюіне үлес қосу. Олар рұқсат берілмей жатып немесе арнайы лицензиясы жоқ аңшылар табиғатқа зиян келтірген жағдайда, заң аясында белгіленген айыппұл салуға да құқылы. Тіпті, бағынбаған не оқыс оқиға болған жағдайда атыс құралын да қолдана алады. Ең бастысы – қажетті дүниеге, яғни, өзіміздің табиғат жаратылыстарына өзіміз қамқор болсақ болғаны. Бізге жетіспейтіні де сол.

Дуадақ толса далаңа…

Кейінгі уақытта облыс төңірегіне дуадақты жерсіндіру қолға алынған. «Қызыл кітапқа» енген құстың тым азайып кеткені жасырын емес. «Дуадақтың санын қалай көбейтуде?» деген сұраққа біз де жауап іздеп көргенбіз.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен «International Fund for Houbara Conservation-Kazakhstan» (Интернешнл Фанд фо Хубара Консервейшн-Казахстан) халықаралық дуадақтарды қорғау қоры арасында ынтымақтастық туралы келісім бар. Соның нәтижесінде питомник құрылды. Негізгі мақсаты – республика аумағында азиялық жек дуадақ популяциясын ұлғайту.

Питомник Түркістан облысында орналасқан. Осындағы дуадақ біткен жұмыртқадан табиғи түрде шығады. Балапандары арнайы ұяшықта орналасып, қатайғанша қатаң бақылауда болады.

– Биыл 23 тамыздағы «International Fund for Houbara Conservation-Kazakhstan» корпоративтік қоры жануарларды интродукциялауды, реинтродукциялау мен будандастыруды жүргізуге рұқсат беру туралы өтініміне сәйкес біздің аумақтық инспекция дуадақ санын көбейту жұмыстарын күшейтті. Осы мақсатпен біздің өңірге қыркүйек айында 6 мың бас бір жылдық дуадақ әкелінді. Олар питомник мамандарының өздері белгілеген координаттары арқылы өңірдің әр жеріне жіберілді. «Қызыл кітапқа» енген құстың осы түрі Сыр бойында да өсіп жатыр, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Рахымжан Бурабаев.

Қайта жерсіндірілген дуадақты аумақтық инспекция өз бақылауында ұдайы ұстап отырғанын да айтып өтті.

Аңды аңдап атыңыз

«Кеттік охотаға» дейтін уақыт болады. Әйтпесе, жыл он екі ай мылтық асынып, ау құрып жүре беруге әсте болмайды. Заң бар. Ол заң ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңында және ҚР АШМ бұйрығымен бекітілген «Аң аулау қағидаларының» талаптарында толық көрсетілген.

Жалпы, біз білетін аң аулаудың екі түрі бар. Олар – кәсіпшілік және әуесқойлық (спорттық). Әуесқойлықтың ішіне ұлттық аулау да кіреді. Әуелі кәмелеттік жасқа толысымен, аңшы мылтығын қолдана білсеңіз, сонымен бірге арнайы рұқсат куәлігіңіз болса, онда құба-құп. Айтпақшы, заңда көрсетілгендей, аң аулауда иттер мен бүркіт, сұңқар, т.б. жыртқыш құстарды баулып пайдаға асыра алсаң, он төрт жастан бастап оған да рұқсат бар.

Жақсы, мұның бәрі дайын дейік. Бірақ, табиғат берген дүниені бей-берекет пайдалануға болмайтынын ұмытпаған абзал. Оған да арнайы жолдама сатып аласыз. Оны жоғарыда айтып кеткен, аңшылық алқаптың иелерінен белгілі бағада сатып алатыныңыз анық.

Шетелдіктер үшін біздің аумақта аң аулау құқығы аңшылық шаруашылығы субъектісімен жасасқан арнайы шарт негізінде жүзеге асатынға ұқсайды. Шартқа көз жүгіртсек, аң аулауды ұйымдастыруға, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, жолдама алу, сондай-ақ ішкі істер органдарын қатыстыра отырып, аңшылық қару мен оның оғын республика аумағына әкелуге және әкетуге берген шешім-қорытынды негізінде іске асатын көрінеді. Сонымен бірге, саятшылық уақытында аңшылық алқаптарды тұрмыстық қалдықтармен, тастанды заттармен ластамау сияқты қағидалар сақталуы тиіс.

Басты нәрсеге тоқталсақ. Біз айтып отырған заң шеңберінде көңілің соққан қасқыр не қоянды бара салып бірден жайрата салуға бола ма? Жо-жоқ, мұның да сұрауы бар. Мысалы, су тышқанның (ондатра) терісі қажет болып, оқ-сайманыңды дайындағанмен, қазан айы тумай, сіз бен бізге оны атуға мүлде болмайды. Қазан туысымен ақпанның бел ортасына дейін белгілі шекті мерзімде атыңыз. Кәдімгі тиін де сондай. 20 қазаннан бастап қана көздей аласыз. Әлгі сілеусін, мәлін, күзен, түлкі, қарсақ, қоян сияқтылардың ізіне қараша айы басталысымен түссеңіз болады.  Суырды шілде айынан олар ұйқыға кеткенше аулап тұруға болады екен.

Бізде көбіне қырғауылды көздейміз. Теңіз жақ беттегілер су құстарына құмар. Қазан айының ортасында қырғауыл сорпасына аңсары ауатындар кірісе бастайды. Бұл құсқа жыл аяғына дейін ғана рұқсат етілген. Ал бөдене, кептерді 20 тамыздан бастап, су құстарын (қаз, үйрек, қасқалдақ) және дала құстарын (аққұр, шіл) қыркүйектің алғашқы сенбісінен 15 қарашаға дейін, оңтүстік аудандарда 15 желтоқсанға дейін аулауға болады деп көрсетіліпті.

Сыр бойында аю аулайтын ешкім жоқ екені білгілі, сонда да маймақты аулаудың мерзімін біле жүріңіз. Қыркүйек туысымен алғашқы демалыста ең жақсы аңшы мылтығымен 30 қарашаға дейін аюды аңдуға болады. Әрі қарай ол қалың ұйқыға кетеді. Маймақтың мазасын алмау заңда осылай көрсетілген.

Борсықты қыркүйек туысымен жаңа жылға дейін аулайсыз. Айтпақшы, көбісі, байғұс борсықты майының емдік пайдасына бола ататынын біле жүріңіз. Сырда қабан көп. «Жалғыз оқты» дайындап, қалың қамыс ішінде бүлкектей жүрген семіз хайуанға құмарлар жетерлік. Мұны да борсық тәрізді жыл соңына дейін аулайсыз.

Ал айыппұл жайлы айтсақ…

Айналадағы жорғалаған аң мен ұшқан құс мемлекеттің мүлкі екені белгілі. Заңсыз аттыңыз ба, зиян келтіргеніңіз үшін айыппұл арқалайсыз, тіпті, одан көп мөлшерде залал келтірсеңіз, түрмеге түсу жағы да қарастырылған.  Мысал келтірсек.

1 бас қоян үшін 5 АЕК, яғни 21877,50 теңге, 1 бас ақбөкен аңының серкесі үшін 500 АЕК, яғни, бір бас ақбөкен 6 млн 563 мың 250 теңге, ал аналығы мен төліне 350 АЕК немесе 4 млн 594 мың 275 теңге айыппұл салынады. Осындай қаржыны мемлекет қоржынына шытырлатып санап бересіз. Сондай-ақ, 1 келі сазан балығы 3792,1 теңгені құраса, 1 түйір қаяз балығы үшін 2625300 теңге айыппұл арқалайсыз.

Мұнан бөлек, сотты болған азаматтан қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, көлік құралдары, айналымнан алынған мүліктердің барлығы тәркіленеді. Осындай заң талаптарын кейбір құқық бұзушылар «білмегендіктен жасадым» деп ақталатыны рас. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатылады деген сөз емес.

Киікті көздейтіндер әлі де бар

Бізге белгілісі, киік пен қарақұйрық Сырда аз кездеспейді. «Қызыл кітапқа» қанық жазылған жануарларды қорғау кейінгі жылдары тым қатты күшейгені белгілі. Бірақ ғылыми мақсаттан басқаға пайдалануға мүлде тыйым салынған тіршілік иелерін әлі де мазалайтындар бар бізде. Ал заңда не деп көрсетілген? Мұқият оқыңызшы. Толық мазмұны мынадай: «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. 2015 жылғы 24 шілдедегі №190 бұйрығының талабына сәйкес ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, ҚР бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салынған».

Солай десе де, шектеуге қарамастан осы екі жануарға қатысты қылмыстық істер тіркелуде. Иә, заңмен мықтап, сөзбен шегелеп айтқан «тыйым салынған» дүниеге құмарлар азаймай тұр.

Бір ғана мысал, биыл заңсыз аңшылық бойынша 37 құқық бұзушылық анықталған. 35 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Құқық қорғау органдарына 2, сотқа 1 іс жолданған. Әкімшілік айыппұл салынып, толық өндірілген.

Инспекция құзырлы мекемелермен бірлесіп ұдайы рейд жүргізеді. Соның барысында табиғат қорғау заңнамаларын өрескел бұзушылар анықталған. 18 дерек бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабымен киікке қатысты үш, қоян аулауға қатысты жеті және қарақұйрыққа қатысты екі қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ 339-баппен тораңғыл мен киікке және 340-баппен сексеуіл, тораңғылға 4 қылмыстық істің бар екені белгілі болды. Бұлардың ішінде кейбір қылмыстық іс сотта қаралып, келтірілген залал мемлекет пайдасына өндіріліп алынған. Кейбір бөлігі әлі де сот пен тергеудің құзырында екен.

Балық та – байлық

Балықтың бал сорпасын татып көргендер өзен жағалаудан әсте жалықпайды. Ал енді оны қаптап сатып, қаржысына дәніккендер қиын. Қытайдың арзан торын теңіз не дарияға тастап, шағын көлшікте тоқпен ұрып алатын қаскөйлердің бүгінде қарасы қалың.

Сонымен облысты кесіп өтетін жалғыз өзеннен бөлек, 371,5 мың гектар болатын Арал теңізіндегі балық түрлерінің өсімі қалай? Мұнан басқа 207 су айдыны бар облыстағы осындай байлық түрін сақтау мен қорғау жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Елбасының дер уақытында қабылдаған шешімі Кіші Арал теңізін сақтап қалуға мүмкіндік берді. САРАТС жобасының 1-кезеңінің жүзеге асырылуының нәтижесінде Солтүстік Арал теңізі суының тұздылығы төмендеп,  айдыны асқақтай түсті. Балық түрі 22-ге көбейді, оның ішінде республика «Қызыл кітабына» енген Арал қаязы да бар.

Бүгінгі күні аумағы 328 мың гектардан астам Кіші Арал теңізінің 18  учаскесі толықтай және 182 көл конкурстық негізде 10-49 жылға дейін кәсіпкерлерге бекітіліп берілді. Қазіргі уақытта 25 көл резервте тұр.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен  биыл облысқа 7982 тонна балық аулау лимиті бекітілсе, оның 6937,43 тоннасы Кіші Аралдың үлесінде. Балық аулау лимиті биылғы шілде айынан келесі жылдың шілдесіне дейін есептелетінін ескеру керек. Қазір бізде облыс аумағынан 2677 тонна балық ауланды. Оған рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызметтің 100 проценті электронды түрде, Үкімет порталы арқылы көрсетілуде, – дейді «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров.

Оның айтуынша, қазір аймақта балық кәсібімен айналысушылар жеткілікті. Жергілікті су айдындарынан шортан, табан, айнакөз, ақмарқа, ақ амур, сазан, дөңмаңдай, қылыш балық, торта, қызыл қанат, жайын, көксерке, жыланбас және түйетабан (камбала) сияқты балықтар аулануда.

Жыл бойы облыс аумағындағы балық ресурстарын бақылау және қорғау мақсатында құзырлы органдармен арнайы жоспар құрылады. Осы мақсатпен рейдтік шаралар да жүреді. Жыл басынан бері балыққа қатысты 448 рейд ұйымдастырылған.

Инспекция берген мәлімет бойынша 355 заң бұзушылық тіркелген. 347 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 63-і сот органдарына жолданыпты. Сондай-ақ, 8 іс құқық қорғау органдарына жолданып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы, биыл табиғат заңдылығын бұзғаны үшін 282 адамға 4 млн теңге айыппұл салынып, 100 процент өндірілген.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<