Такси қызметі: Салықтан жалтарған бір сала

431

0

сурет ашық дереккөзден

Жаңа жыл күнделікті тіршілікте үлкен өзгерістермен басталғандай сипат алды. Көлеңкелі нарықтан шығу үшін қазақстандықтар жеке кәсібін тіркеп, салық төлеуі тиіс. Биылдан бастап бұл міндеттеме такси жүргізушілері мен пәтерін жалға беріп пассивті кіріс алатындарға да қатысты болмақ, яғни, кәсіпкер санатына таксистер де қосылды. Енді олардың да деректері салық органдарының базасында есепке алынады. Бұл бастаманың дұрыс не бұрыстығын сараптап көрейік.

Орташа жалақыдан жоғары ма?

Бұған дейін қоғамда таксистердің кейде тұрақты жұмысы барлардан да көп табыс тауып жататынын еститінбіз. Әңгіме негізсіз болмапты. Urban Forum зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда такси агрегаторларымен 213 мың адам жұмыс істейді, олардың 83 пайызы үшін бұл негізгі табыс көзі емес. Зерттеу көрсеткендей, агрегаторлармен жұмыс істейтін жүргізушілер дәстүрлі такси жүргізушілеріне қарағанда сағатына көбірек ақша табады. Жанармай шығындары, агрегатор мен такси паркінің төлемдері, автокөлік жалдау және амортизация сияқты барлық шығындарды ескерсек, сапардан түскен таза кіріс 51 пайызды құрайды.

– Қазақстан бойынша 2022 жылы жүргізушінің орташа табысы отын шығындарын және таксопарктен автокөлік жалдау ақысын есепке алмағанда 493 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш Астанада 665 мың теңгеге жетті, одан кейін Алматы (615 мың) және Шымкент (460 мың) тұр. Жүргізушілердің таза табысы Қазақстандағы орташа жалақыдан кем түспейді, – деген сарапшылар.

Пилоттық жобаның пайымы

Жүргізушілердің табысы жақсы дегенмен, осыған дейін бір кемшілік болатын. Олардың әлеуметтік сақтандыруына, зейнетақы қорына мүлдем ақша аударылмайтын. Сондықтан биылдан бастап салық төлеушілер тізіміне қосылуының жақсы жақтары да бар. 2022 жылдың соңында біз осы мәселеге байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерекше ұсыныс даярлауға ниеттеніп жатқанын білген едік. Сол кезде ведомствоның ұстанымы бойынша такси қызметіндегі жүргізушілерді салық төлеуге міндеттеп, салмақ салудың қажеті жоқ болатын. Ойластырған дүние келесідей: Еңбек министрлігі «Яндекс.Такси», «Индрайвер» секілді алпауыт такси компанияларымен келіссөз жүргізуге кіріседі. Бұл компаниялар адам тасымалдайтын өзіне қарасты жүргізушілерден комиссия алатыны белгілі. Ал ведомство компанияларды комиссиядан түскен ақшасының 4 пайызын жүргізушілердің әлеуметтік төлемдеріне аударуды міндеттемекші болған. Бұл тұста үкімет те, жүргізішулер де ұтылмайтындай көрінген. 

Бірақ аталған ұсынысқа өзгерістер енгізіліп, пилоттық жоба түрінде сыналып жатыр. Мемлекеттік кірістер комитеті «Яндекс.Таксимен» бірлесіп, Астана мен Алматы қаласында такси жүргізушілері үшін платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Жүргізушілердің келісімімен салық пен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу мен аударуды «Яндекс» жүргізбек. Бұл ретте әлеуметтік төлемдер такси жүргізушісінің алған табысының сомасына қарай айқындалады.

Дегенмен салық төлеу жайына қатысты әркімнің ұстанымы бірдей емес. Мәселе мынада: кейбір жүргізушілер такси қызметін негізгі табыс көзіне айналдырып алса, енді біреулер тек бос уақытында ғана жұмыс істейді. Өз кезегінде екінші санаттағылар азғантай табысы үшін салық төлегісі келмейтіні онсыз да белгілі. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті бұл сұрақтың жауабының нүктесін қойған. Қазақстандықтар негізгі жұмыстан кейін қосымша жұмысынан бастап өз кірістерін декларацияда көрсетуі керек. Бос уақытта адам тасымалдайсыз ба, торт пісіресіз бе, әлде тоқыма тоқисыз ба, бәрібір – декларацияда көрсетуге мәжбүрсіз.  

Такси қызметіндегі жалғыз «тиран»

Салықты айтпағанда, бұл салада шикілік жетерлік. Жалпы, кейінгі 10 жылда Қазақстанда такси бағасы орта есеппен 5 есеге өскен. Әсіресе елдегі такси қызметінің басым бөлігін қол астында ұстайтын «Яндекс.Такси» компаниясы бағаны жиі құбылтуға бейім. Мысалы, Қызылордада айтарлықтай кептеліс жоқ, дегенмен адамдар ағыны артатын таңғы және кешкі уақытта бағаны 1 мың теңгеден төмен түсірмейді. Ал Алматы секілді үлкен қалалардағы кептеліс кезінде қаланың ішіндегі тасымалдар үшін бағаны 2,5-3,5 мың теңге аралығында белгілеп жатады. «Яндекс.Такси» компаниясына ғана ерекше тоқталып тұрғанымыз бекер емес, кейбір өңірлерде біздегі «Жұлдыз.Такси» секілді ірілі-ұсақты компаниялар бар, бірақ олар елдегі баға саясатына қатты ықпал ете алмайды.

Energyprom есебінше, Қазақстан такси қызметінің бағасы бойынша ТМД-да Әзербайжаннан кейінгі екінші орынға жайғасқан. Өйткені бәсекелестік жоқ, ол жоқ жерде баға жоғары болады. Елдегі ең танымал жалғыз компания сол ғана, басқа таңдау аз. Сондықтан ол жолаушылармен қоса жүргізушілердің де қалтасын қағуда. Әр жүргізушінің күндік табысының шамамен 20-25 пайызын «Яндекс» пен таксопарктер алса, оларды жарытарлық күн көреді деп айта алмаймыз. Зейнетақы, медсақтандыру төленбейді, ешқандай әлеуметтік төлем жасалмайды. Такси жүргізушілері елдегі орташа айлық көлемінде ақша табады, алайда күніне кемі 10-12 сағаттап жұмыс істейді. Содан қарсы тараптың пікіріне ұшыраймыз. Қазір такси бағасын көтеруді сұрайтын жүргізушілер көбейіп кеткен.

2022 жылы «Яндекс.Такси» қызметінде 150 мыңнан астам қазақстандық тіркелгені анықталған. Қазір бұл санның біршама артқаны анық. Компанияға таксопарк иелері де ренжулі. Кей таксопарктердің «Яндекс» қосымшасына тіркеліп, агрегаторлар ретінде жұмыс істейтінін білеміз. Олардың қол астында жүргізушілер болады. Таксопарк иелері ең басты мәселенің бірі – жүргізушілердің қауіпсіздігі екенін айтып отыр. Табыстан үлес алып отырғанына қарамастан «Яндекс» жауапкершіліктің барлығын соңғы орынға ысырып тастаған. Бұны бізге «Автомода» таксопаркін басқарған Гүлбаршын Думан айтты.

– Біріншіден, бағаны «Яндекстің» басшылығы белгілейді. Ал таксопарктерде мұндай мүмкіндік жоқ. Баға әсіресе жауынды күндері, кептеліс кезінде көтеріледі. Екіншіден, қазір жүргізушілер табыстың 20-25 пайызын түгелдей «Яндекс» алады деп ойлайды. Негізі компания 15-18 пайызын, қалған 3-5 пайызын ғана таксопарк иеленеді. Үшіншіден, ең басты айтқымыз келгені – «Яндекс» жүргізушілер арқылы табыс таба тұра, мойнына жауапкершілік алмайтыны. Кесірі таксопарктерге тиеді. Мысалы, бұған дейін адам тасымалдап жүрген жүргізушіні пышақтап кеткен жағдай кездесті. Одан соң адам алып келе жатқанда бір жүргізушімізді әскери қызметші жеке автокөлігімен соқты. Бірақ әскери қызметші эпилепсиямен ауырады делініп, жауапкершіліктен босап кетті. Ал жәбірленуші тарапқа 6 мың теңге ғана төленді. Оның бәрінде алпауыт компания тыс қалды, яғни, «Яндекс» жүргізушілердің мүддесін қорғамайды, – дейді ол.

Оның сөзінше, мұндай проблемалар көптеп кездеседі, соның бәрінде «Яндекске» хабарласа алмайды. Тек робот жауап қатып, әр нәрсені сұрағандай болады екен. Міне, алпауыттың қауіпсіздікке жауап бермейтінінің анық көрінісі. Жүргізушінің көлігі бұзылып, жолда қалғанда да эвакуатор шақыруды мойнына алмайды. Айналып келгенде, әбігерге түсетін – жүргізушінің өзі. 

Жүргізушіде де жауапкершілік бар

Сонымен, жүргізушілер жайын айттық, ал жолаушы қауіпсіздігіне кім кепіл? Жолаушы ретінде «Яндекс.Go» қосымшасы арқылы такси шақыртсаңыз, жүргізушінің аты-жөні, фотосуреті, рейтингі көрініп тұрады. Дегенмен жүргізушілердің кейбірі өзі жайлы мәліметті дұрыс енгізбейді екен. Гүлбаршын Думанның айтуынша, такси жүргізушілері екі аптада бір рет фотобақылаудан өтеді, яғни, өзінің бет-бейнесін, автокөлік салонын, шанағы мен жүргізуші куәлігін, техпаспортын суретке түсіріп, бағдарламаға жүктеп, тіркеп отыруы тиіс. Бірақ жүргізушілер деректерін дұрыс көрсетпей жататын кездер болады. Жұбайының, ағасының немесе әкесінің деректерін тіркейді де, басқа адам таксист болып жүре береді. Бұдан соң жолаушылардың арыздануына негіз бар. Жалған мәлімет арқылы жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің салғырттығы да қауіпсіздік мәселесін үдетіп отырғандай. Оның үстіне жүргізушілер негізсіз жолаушымен конфликтке баратын оқиғалар жиі кездеседі. Ал олардың мұндай кемшілігін реттеуде саланы толықтай заңдастырып тастаудың көмегі мол болары анық.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<