Әрекеңнің әдемі әлемі

288

0

Елде кім бар дегенде – жүрегі ел деп соғатын, туған жердің түлеуіне, еліміздің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген арқалы азаматтардың бірегейі, Қызылорда облысы Сырдария ауданының тумасы, қазір Қызылорда қаласында тұратын Сыр еліне белгілі кәсіпкер – меценат, бірнеше мемлекеттік қызметтер атқарып, құрметті зейнет демалысына шыққан, елге қадірлі, қазіргі облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Битілеуұлы Хожбанов 10-ақпан күні өмірдің асқаралы асуы 70 жасқа толғалы отыр.

Мен Әрекеңді жақын білетін жандардың бірімін. Ол – бой-сойы келіскен, түрі мен мазмұны әсем үйлесім тапқан, ойы терең, сезімі сергек, жаны жайсаң, кең пейілді, мейірман жүректі, салқын сабырдың иесі. Халқымыздың даналығында, «тектіден текті туады, тектілік жолын қуады» деген сөз бар. Әрекеңнің әкесі Битілеу ақсақал жаппас ағайындардың белгілі аталықтарының бірінен шыққан өз заманының білімді, арқалы азаматтарының бірі болған. Анамыз Злиха жағынан да Әрекеңнің тегін жерден жаратылмағаны жақын туған-туыстарына, құда жекжаттарына белгілі.

Өмірде азаматтың талабының оңғарылып, тасының өрге домалай беруіне бірден-бір себепкер болатын оның сүйген жары, өмірлік серігі екендігі – заңдылық.

Әрекең бұл жағынан да жолы болған жігіт.

Сүйген жары Салтанат әйел ретінде, ана ретінде ақылын үнемі алға ұстап отыратын, өзінің міндеттерінің негізгісі Әрекеңнің көңіл-күйі, жағдайы екенін толық түсініп, өмір сүру дағдысына айналдырған, өте зерделі, нәзік жан. Салтанаттың осы қасиеттері Әрекеңнің бойындағы отбасына деген адалдықты, тұрақтылықты тәрбиелеп тұрғандай. Қазақ әйеліне тән сыр-сипатты, заманауи қажетті тірліктерді, ұстанымдарды да меңгерген, сөзі өтімді, сауатты, кез келген ортада өзіндік орны бар. Оның бұл қасиеттері Әрекеңді үнемі әрлендіріп, мәндендіріп, сәндендіріп рухтандыра түседі.

Салтанат 2 жасында әкесінен, 18 жасында анасынан айрылды. Өмірдің қиыншылықтарына мойымады. Әкесі Жиянгер аға өте сауатты, сұлу, мінезге бай адам болған, қалың орыс тұратын ауылда тек бір ғана осы қазақ азаматы сол жердің бас бухгалтері қызметін атқарған. Демек, Салтанаттың бойындағы жігерлілік пен қайсарлық әке қанымен, ана сүтімен дарыған.

Ата-анадан айрылған үш баланы нағашысы Қабдолла аға мен Рауза жеңгей қамқорлығына алған. (Салтанаттың нағашылары атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың жиеншарлары еді). Салтанат нағашыларының жақсылықтарын ризашылықпен еске алады. Содан бері қанша жылдар өтсе де менің жолымда кілең жақсы адамдар жолығатын болды деп отырады.

Қабдолла аға мен Рауза жеңгеміз бастаған Салтанаттың нағашыларын сонау Омбыдан біздің Әрекең Қызылордаға көшіріп алдырды. Бастарына баспана, балаларына жұмыс берді. Біраз жыл бұрын сол Қабдолла ағамыз бен Рауза жеңгемізді ақ жуып, арулап, о дүниеге шығарып салды.

Мақаламыздың басында тектіден текті туады, тектілік жолын қуады деп бастаған едік, енді осы қанатты сөзді аша түсу үшін ғибратты жандардан тараған балалар мен немерелерге тоқтала кетейік.

Бүгінде Әрекең абыз ата, Салтанат асыл әже. Олар немерелерін шексіз сүйеді, алғаусыз, тау суындай мөлдір махаббаттарына бөлеп, әлдилеп келеді. Отағасы мен Отанасының бір-біріне деген ыстық сүйіспеншілігіне, сыпайы сыйластығына негізделген орнықты отбасында әркез адамгершілік, сұлулық, патшалық құрады.

Балалары Әсел, Айнұр, Жамбыл, Азамат, Әсем қазіргі заманғы, жаңа тұрпатты, заман ағымына дер кезінде үн қоса алатын үлгерімді, білімді, талапшыл, жаңашыл халқымыздың ұл-қыздары.

Отбасындағы осы бір игі дәстүрлер Әрекеңнің немерелеріне жалғасқан. Абылай мектепті алтын медальмен бітіріп, С.Демирель университетінде 3 курс студенті, оқу озаты. Абылхайыр Назарбаев мектебін үздік бітіріп, бірнеше жобалар қорғап, қазір Назарбаев университетінің үздік студенті, екеуі де сабырлы, терең білімді, спорт, музыкамен де айналысып, жан-жақты озық тәрбиелі болып өсіп келе жатқан үлгілі жастар.

Азамат пен Әсем дүниеге әкелген Алихан, Алдияр, Асанәлінің орны бір бөлек.

Әлиханның жетістіктері жайлы республикалық баспадан шыққан «Таланттар топтамасы» атты журналда жарияланды. Оның Әлем тілдері туралы бағдарламаларды құмарта тамашалауы, логикалық ойлау жүйесін дамытатын ойындарға қызығуы, музыка аспаптарында ойнауға әуестенуі – жас Әлиханның болашағының кепілі. Ал Алдияр болса қазірдің өзінде мүсін, сәулет, сурет өнеріне қызығушылығы мен бейімділігін танытып-ақ келеді.

Бойларынан талантты адамдарға тән белгілер мен нышандардың ерте бастан біліне бастауы, қазақы тәрбиені сақтай отырып әр баланың бейіміне қарай заманауи бағыт берілуі, ата-әже мейірімі мен әлдиіне қанып өсуі, балалардың бақытты болашағының негізі ғой. Демек, Әрекең мен Салтанаттың отбасында еліміздің атын шығаратын, талантты, дарынды азаматтардың негізі қаланып жатқаны тектіліктің дәлеліндей.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<