Еңбектің тарланбозы

408

0

Сарыала күз мезгілі болғандықтан, ауа райы аяқасты мың құбылып сала береді. Жаңа ғана ашық аспан лезде сұр бұлттанып жауын құйып өтіп, өңменнен өтетін ызғарлы жел соғып, қыстан хабар беріп қояды. Артынша күннің қабағы жазылып, жалқын тартқан далаға шуақ нұрын шаша түскендей. Осындай шуақты күннің нұрына, айналаға қарап, кеше ғана жаз еді, енді күздің де екінші айынан ауып барамыз деп іштей ойлап қоямын.

Кең көшеде әртүрлі ой кешіп келе жатып еңбектің тарланбозы атанған замандасым Олжабайдың 75 жасқа келгені ойға түсті. Дереу қалта телефонды қолға алып құттықтадым. Мен білетін Олжабай Жүсіпұлы – Сырдария ауданы тарқамай тұрғанда, сол ауданның коммуналдық шаруашылық бөлімін ұзақ жыл басқарған азамат. Мінезі жібектей, ісі мығым, сөзі нық. Оны ұзақ жылдан бері қызмет барысында өте жақсы білемін. Болмысы бөлек, мінезге бай. Қазақилығы өн бойынан есіліп-ақ тұр. Әсіресе, үлкен-кішіге қарамай адамдармен тез тіл табысып кететіні қатты ұнайды.

Ал іске келгенде шаршауды білмейтін, жұмысқа деген жауапкершілікті бәрінен де жоғары қоятын, талапшыл, адал екенін тасбөгеттіктер жақсы біледі. Кезінде Сырдария ауданында коммуналдық шаруашылықты басқарып тұрғанда қызу жұмыстың қасынан, істің басынан табылатын.

Коммуналдық шаруашылық – адамға абырой әпермейтін ең ауыр сала. Әсіресе, қыстың күні көше бойын жағалаумен өмірің өтеді. Жылу мен ауызсу жүйесінің проблемасы ешқашан таусылған емес.

Бұл сала жұмысының ауыр екендігіне Жалағаш ауданын басқарып тұрғанда көзім жетті. Жайбасарлықты, енжарлықты, жауапсыздықты қаламайды. Тасбөгет аудан орталығы болып тұрғанда 50-ден аса көше бар деп еститінмін. Оның жарығы, ауызсуы, жылуы, жаяу жүргіншілер жолы және көпқабатты үйлерде тұтынған лас су қызметі жүйесінің тұрақты жұмыс жасауы осы коммуналдық саланың құзырына жүктелген. Одан қалды кент халқын қыс айында көмірмен қамтамасыз ету тағы бар. Бітпес тірлік, қарбалас жұмыс жыл бойы осылай жалғасып кете береді.

Олжабай Жүсіпұлы Сырдария аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарып тұрғанда уақытпен санаспайтын, өзі секілді тынбайтын, ерінуді білмейтін әмбебап жігіттерді жанына топтастырды. Кадрдың бәрі де тасбөгеттіктер, көз алдында өскен, қолынан іс келетін азаматтар еді. Мәселен, шаруашылықтың бас инженері Болат Төлегенов, учаске бастығы Жұмасерік Көшекбаев, учаске шебері Асылбек Жортбасов, шебер жұмысшылар Рахым Байзақов, Нұрсұлтан Әлжанов секілді азаматтардың бәрі де бесаспап, әмбебап мамандар болатын. Әсіресе, уақыт күттірмейтін қыс мезгілінде арнайы дәнекерлеушіні күтпей-ақ аяқасты тесіліп, айналаға қатер төндіріп, ыстық су атқылап жатқан трубаны дәнекерлеуге кірісіп кете беретін қолы алтын жігіттерді айналасына жинады. Сүйретпелі аппаратты машина артына іліп алып, жарылған трубаларды дер кезінде жөндеп, уақытпен санаспай келесі көшедегі ақауға жетіп үлгіретін. Бұл жігіттер жұмысшыларды күтіп тұрмай-ақ, кез келген жұмысты атқарып жүре беретін. Мұның сыры, білікті басшы Олжабай Тобағабыловтың істі ұтымды ұйымдастыра алуымен қатар, нағыз мамандарды таңдай білуінде еді. Олжекеңнің өзі электр желісін жүргізіп, дәнекерлеп кете беретін. Қазір ондай басшылар жоқтың қасы. Жұмысшылар келем дегенше, басшыдан бастап шеберге дейін бір-біріне аңтарыла қарап тұра беретіні анық. Өйткені қоғамға, іске деген жанашыр адамдардың саны азайып барады.

Қазір сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар дейтіндер қатары көбейді. Жұмыс түгілі, қолындағы босаған құтыны көлік ішінен көшеге қарай лақтыра салатын санасы мүгедек жандар қатары артып бара жатқандай. Бұл – бүгінгі күні біз көріп жүрген өмір шындығы. Менің айтайын дегенім, басшыдан бастап жай адамға дейін айналаға, әрбір іске Олжекеңдей жан тазалығымен қараса қоғам да, ел де жасанып, жайнай түсер еді деп ойлаймын. Бұны әсіресе, жастар түсінсе екен деймін.

Темір-бетон өндіріс саласының еңбек ардагері, 88 жастағы Зибаш Шалауова: «Олжабайдай іскер, еңбекқор, адал басшыны көрмедім. Кезінде Тасбөгеттегі темір-бетон зауытында партия ұйымын 17 жыл басқарды. Сонда ол алдымен еңбек адамдарының еленуіне, құрметтелуіне күш салды. Сол жерде жүріп талай мәрте бесжылдық жоспарды орындауда «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалінің иегері атандым. Бұл медальді бір мен емес, басқа да азаматтар да алды. Соның барлығы Олжабайдың әділдігінің, қарапайым еңбек адамын бағалауының арқасы дер едім. Өте әділ басшы болды. Өзімізбен бірге жұмыс жасап кете беретін. Крандарға тоқ бармай қалса, арнайы электрикті шақыртпай-ақ өзі істеп тастайтын. Оның орнында басқа біреу болса шіреніп, «тоқ жоқ» деп сол жерді шулатар еді. Қолынан келген іске тартынбайтын. Қашан көрсең де хал-жағдайыңды сұрап жүреді. Адамгершілігі жоғары, істің көзін танитын, барынша қарапайым азамат. Басқаны қайдам, осы Тасбөгеттің өркендеп-өсуіне оның қосқан үлесі өте зор деп айта аламын. Биыл Тасбөгет кентіне 75 жыл толмақ. Олжабай да 75 жасқа келді. Ол осы кентте туып-өсті, біркісідей маңдай тері сіңді. Тасбөгеттің төл құрдасы. Кент әкімінің орынбасары болып жүргенде қаншама тірлік атқарғанын ел біледі» деген еді.

Біз білетін Олжабай Тобағабылов құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Үш мәрте «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалімен марапатталып, еңбектің тарланбозы атанған. Кезінде Сырдария аудандық атқару кеңесінің депутаты, бірнеше мәрте Тасбөгет поселкелік атқару кеңесінің депутаты болып сайланып, халықтың қалаулысына, елдің елеулісіне айналған. Ол бүгінде Тасбөгет кенті ардагерлер ұйымының төраға орынбасары ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып келеді. Оның жастарға берер тәлім-тәрбиесі өте мол.

Өмірбек ШӘМЕНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<