Ізгіліктің әліппесін үйреткен

590

0

Туған жердің нәрестеге сіңірер қасиетін санамалап шығу мүмкін емес. Әр адамның ой түкпірінде жататын киелі мекенге деген құштарлық оны биіктерге жетелейді. Сырдарияның жағасындағы Қалжан ахун медресесінің тура дария бетінде қоныс тепкен ауыл «Қараман ағашы» деп аталады. Қазір ол жерде ескі көңнің орыны ғана жатыр. Неге бұлай аталғанын кезінде үлкендерден сұрамаппын. Негізі бұл – менің анамның және оның туған-туысқандарының өсіп-өніп, өркен жайған қасиетті мекені.

Қазақтағы туыстық қатынас, олардың атаулары мен жалпы мінездемелері әлем ғалымдарын саналық жарылыстарға жетелеп келеді. Себебі, әрбір туыстық атаудың қазақы негіздемелері мейлінше дәлдікке құрылғаны генетикалық зерттеулерде дәлелденіп отыр. Мысалы, баланың нағашыға тартатынын қазақ баяғыда айтып кеткен. Оны ғылым жиырмасыншы ғасырда дәлелдеді. Осы секілді көптеген мысалдар келтіруге болады. Нағашы атамыз Қайырлап  ауқатты жердің баласы болғандықтан өзіне жар болар қыз іздеп, аяқ жетер жердің барлығын шарласа керек. Бір сапарында Өтебайдың бір баласы Тілеубайдың Тікірек аталығынан тарайтын атақты бай, отыз жыл болыс болған Боранбай атамыздың қызын көріп, құдалыққа адамдарын жібереді екен. Сөйтіп, сол ұлық әжемізді қалыңдық етіп алып, менің шешем Балсұлу (Күліс) мен Құрманәлі (Құлтан) дүниеге келеді.

Ол қазақ даласындағы ақ пен қызыл арпалысқан, бай мен кедей кінәласқан берекетсіз уақыт еді. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қазақ шет елден сая тапты. Солардың ішінде  шешемнің Қали деген үлкен ағасы да бір түнде әулеттің сақтаған бір сандық алтын-күмісін өзі ғана білетін жерге көміп, елден жырақтап кете барыпты. Содан кейін не қилы тағдырды басынан өткеріп, әкеден бұрын айырылып, шешесін ағайынның көмегімен өздері жерлейді. Енді ағайыннан басқа арқасүйері жоқ екеуі өз бетінше өмір сүруге бейімделіп, жұрт қатарлы тірлік кешеді. Сөйтіп біріне-бірі қамқор болып жүргенде соғыс басталып, шешемнің інісі Құлтан нағашым майданға аттанады. Екі рет ауыр жараланып, комиссияның шешімімен елге қайтарылады. Елге келген соң колхоздың түрлі жұмыстарын жасап, абырой биігінен көрінеді. Елге белгілі Қалжан ахунның серіктерінің бірі болған Сайымназар ахунның қызы Нәзира анамызбен бас қосады. Алғашында атақоныстан көшіп, Калинин колхозында жұмыс жасаса, кейіннен қазіргі Далдабай ауылындағы «Қамыс сауыт» деген жерге қоныс аударады. Сол жерде шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкен ұлы Бақытбек ағам дүниеге келеді. Жалпы нағашыларымнан тараған төрт ұл, төрт қыздың барлығы – өсіп-өнген үлкен әулеттің егелері. Екінші ұлы Бағдат ағам жалғанды тәрк қылып төрт-бес жыл бұрын баһиға кетті, иманы жолдасы болғай!

Менің бүгінгі кейіпкерім 75 жастың желкенін керіп тұрған әулеттің ағасы Бақытбек Құлтанұлы хақында болмақ. Ол 1949 жылы 20 наурызда Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы 1 Май мектебін бітірген соң, Алматы қаласындағы қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы қазақ политехникалық институтының инженерлік құрылыс факультетіне түсіп, құрылыс инженері мамандығы бойынша бітіріп шықты. Құрылыс шебері, прораб, учаске бастығы қызметтерінде болды. 1978 жылдан Жамбыл су шаруашылығы құрылыс институтының аға оқытушысы. Мәскеу қаласындағы су шаруашылығы институтының «Құрылыс механикасы» кафедрасының аспиранты болып, техника ғылымдарының кандидаты атағын қорғап шықты.

Мәскеуде аспирантура оқып жүргенде құмның ішіндегі ауылдан хат жазып тұратынмын. Үшінші сынып оқитын бала не төрелі хат жазсын. Дегенмен, елдің амандығынан хабардар болып отырғаны анық. Маған поштаға барып Мәскеуге хат жолдау абырой еді. Бақытбек ағамды әкем марқұм жақсы көретін. Елге әр келген сапарында бізді тапсырып, аманаттап отыратын. Әкемнің сол аманатын орындап, жоғары оқу орнына түсуіме көмектесті. Елмен араласып, үлкенге құрмет көрсетудің әліппесін үйреткен  жанашырым болды.

Ғалым болып оралғаннан кейін 1986-2001 жылдар аралығында КИИАП, политехникалық институт, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Теориялық механика», «Өндірістік және азаматтық құрылыс», «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедраларының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2011 жылдан бері «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасының доценті. Осы кезге дейінгі ұрпақ тәрбиесіндегі адал еңбек еленіп, «ҚР Халыққа білім беру ісінің үздігі» атағымен, Ғылым және білім министрінің Құрмет грамотасымен, облыстың Құрмет грамотасымен, Қорқыт ата атындағы Алтын медальмен, отандық және жоғары білім саласындағы абыройлы еңбегі мен елеулі жетістіктері үшін Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ұлы Абай «Адамның адамшылығы жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан болады» деп айтып кеткен екен. Осындай жақсы қасиет, кемелдіктің қазынасы табылып жатса, сүйініш, жарасып тұрса, мақтаныш. Мен білетін, үлкенге қадірлі, кіші ардақ тұтар Бақытбек Құлтанұлының тұла бойы дәл осындай жақсы қасиетке толы. Көңіл пернесін баса отырып толқыта толғануға, шалқыта жазуға, мөп-мөлдір шуақты сезім кернеген талай-талай сырларды ағыта беруге болады.

Адамның Құдай қосқан қосағы жақсы болса, басқа дүниенің барлығы жақсылыққа қарай бағыт түзейді. Себебі, жоғыңды білдірмей, бар кезде тасытпай қалпыңды сақтап тұратын – сол қалап алған жарың.

Бақытбек Құлтанұлының жары Мысық бидің жиені Әбдібек деген кісінің қызы Балымкүл де ұстаздық қызмет жасап, зейнет демалысына шыққан. Бұл кісілерден екі ұл, бір қыз өмірге келіп, әрқайсысы бөлек шаңырақ құрып, ата-анасына немерелердің тәтті қылықтарын сыйлап отыр.

Исі қазаққа белгілі Қалжан ахуннан қалған нақыл бар. Бір жиында отырып, ұрпаққа қатысты ой айтылғанда ол «Екі мектеп көрген қазақтың баласының жаман болуға қақысы жоқ» деген. Жағалай отырған жұрт «Ол қандай мектеп?» дейді. Сонда ахун «Ата мен ананың мектебі» деген екен. Сол айтқандай Бақытбек пен Балымкүлден тараған ұрпақ та өнегелі болып өсті және ғылымның ауылынан алыс қонбады.

Атақты сөз зергері, Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет:

– Қалампыр, жұпар сепсең де,

Иісі болмас анадай.

Халуа, шекер, бал шайна,

Ләззаты болмас баладай.

Алтын мен күміс жисаң да

Күндердің күні болғанда,

Панасы болмас ағадай дегенде, осындай елге тұтқа болар ағалардың қадірін арттырса керек.

Мадақ, мансап іздеп соның соңына шам алып түсушілер ел ағасы атана ма, ол арасын ашып айта алмаймын. Кісілік, ерлік, сірә, өзінің сәтін тосып та жататын шығар. Махамбет сияқты жалаң қылыш қалпында да, хакім Абайдай «сабыр түбі сары алтын» деп парасат мінезде де болмақ. Ел ағасы кім дегенде айтарым, ол – халықтың мәдени-тарихи тәжірибесін бойына сіңіріп, өмір сүру қалпына айналдырған ізгі жан. Бұл бір. Екіншіден, заманның ағымын, елдің қамын, саясаттың оң-солын аңғарып сабырлы мінез танытатын адам болса керек. Үшіншіден, ел ағасы міндетті түрде болашақты болжай алатын парасат иесі болуы табиғи жағдай, себебі, тізесінде келешектен үміт күтіп немересі отыр. Мен қазақтың ел ағаларының барына, олардың ойшыл Асан қайғы айтқан «судағы ақ шортан қарағай басын шалған» заманда көрініп, «адасқан көптің атының басын бұратынына» кәміл сенемін. Елдің ағасы болып, абыройыңыз аласармай жүздің жүзін көріңіз, аға!

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жыршы,

Мәдениет қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<