Ұстаздың ұлылығы ұлағатында

468

0

Ұлжан Нахатқызы – тіршілік ағымы, қызмет бабында сабақтас болған, көзқарас жарастығы табыстырған, үлгісін көңіліме қыстатқан ақылшы ұстазым. Тура он жыл бұрын жазылған жазбамда ұстаз жайлы тым тәуір-ақ сыр ақтарыппын. Бүгінде ол кісінің шәкірті ғана емес, жақын бауырына, сыйлас досына айналған секілдімін.

Менің білуімше, оның өмірлік ұстанымын нық бекітуіне ата-ана тәрбиесінің ықпалы зор болғанға ұқсайды. Ол – ардақты ана Ұлтай мен асқар таудай әке Нахаттың төртінші перзенті.

Әкесі халықтың бай ауыз әдебиеті мұраларын жатқа айтып, оларды балаларына таныстырудан, жаттатудан, өнегелі әңгіме айтудан жалықпаған. Аңшылық кәсіпті серік еткен. Рухани дүниесі бай кісі болған. Жаңбыршының қарашаңырағын құлатпаған, ошағының шырағын сөндірмеген. Намысты, жігерлі ұл алдан жақсылыққа толы күндерді күтеді. Сөйтіп жүргенде Ұлтай есімді қызбен бас қосады.

Сонау қиюы қашып, берекесіздік жайлаған, жақсыларын түрмеге тоғытып, қуғын-сүргінге ұшыратқан нәубет Нахат отбасын да айналып өтпеген. Тағдыр тауқыметін аямай-ақ тартады. Әуелі Ұлтай анамыздың бай болған, Қарақұм көтерілісіне қатысқан әкесі Әбдірахман халық жауы ретінде ұсталып, артынан атылып кетеді. Үш ай бойы әйел, бала-шағасын түрмеде ұстайды. Кейін босатады. 1936-1937 жылдары Нахат әкеміз аңдарды қорғау одағында инспектор болады. Қырдағы аңдарды қорғауды желеу етіп, Қарақұм көтерілісіне қатысушыларға, елден аластатылып, қуылған байларға елдің хабарын жеткізіп, азық-түлікпен, оқ-дәрімен қамтамасыз етеді.

Секемшіл топ сезіп қалып, оны түрмеге қамайды. Атақты Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен бірге бір ай түрмеде жатады. Сол кезде шайырдың шығармашылық әлемін зерттеу перзенті Ұлжанның пешенесіне жазыларын кім білген?! Ақынның жол сілтеуімен кездесуге келген Ұлтайдан сандық түбінде жатқан алтын сағатты әкеліп беруін сұрайды. Сағатты тергеушіге беріп, өздері бас сауғалап Ферғана жаққа қашып кетеді. Елде тыныштық орнады деген хабар алысымен, тез жиналып, оралады. Елмен бірге қоңырқай тіршілік қамын жасайды. Өмірге сәбилер келе бастайды. Отбасындағы төртінші перзент Ұлжан есімді қыз 1954 жылдың жиырма бесінші қаңтарында сақырлаған сарышұнақ аязды күні дүние есігін ашады. Әкесі аң аулап кеткен. Қоян, қырғауылды арқалап келген ол қазанға барлығын бірден салдырып, шілдехана жасатыпты. Іштей қуанған әкесі баламның несібесі зор болатын шығар деп болжапты. Мінезінде қайсарлығы басымдау, айтқанынан қайтпайтын, бойында өрлік, өжет қасиеті қатар өрілген, көзі сексеуілдің шоғындай жанып тұратын қара қызынан үлкен үміт күтетін. Асау аттай тулаған жүректі адам қашан да алысқа қарайды. Бір нәрсе тындырсам деп тырбанады, көңілі көп іс тындыруды көздейді. Ұлжанына не тапсырса да жапыра істейді, тез тындырады, ұқыпты, мұнтаздай. Істеген ісіне көңілі тояды. Ер бала болғанда, ел басқарар ма едің деп, ризашылығын да білдіретін-ді.

Әкенің бір кездегі ойлаған ақ тілегі орындалады. «Жерге қараған жеті ұлым болғанша, елге қараған жалғыз қызым болсайшы» дегендей, ер балаға бергісіз болып, Ұлжаны бойжетеді. Бұқарбай есімді қазақтың марғасқа, заңгер жігітіне жар болады. Дастарқаны да Ұлжан дүниеге келген күнгідей мол, берекелі болғанын көреді.

Жаратылысынан жүрегінде лаулаған жігер мен сенім оты Ұлекеңді биіктерге көтерді. Институтты үздік тәмамдап, өзі оқыған мектепте қызмет жасайды. Тәлімгер ұстаз, Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім Балқия Жарқынбаева қаламы мен кабинетінің кілтін жас шәкірті Ұлжан Жаңбыршиеваға табыстады. Шәкірті де араға жылдар салып, білім беру саласындағы еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Кейін институтқа қызметке шақырылады.

Біз сонау 80-жылдардың басында Н.Гоголь атындағы институт қабырғасында кездестік. Апайдың мектептен келген кезі. Әрине, институтта қызмет жасау үшін педагогиканы, психологияны, әдістемені меңгерген мұғалім керек, ондай тәжірибелі мұғалімнің бірі де бірегейі Ұлжан Нахатқызы болатын. Қарашаңыраққа арнайы шақыртылуы бір жағынан мәртебе болса, екінші жағынан білімдарлық қажет. Адамның қызметі биік идеямен рухтанбаса, жеміссіз, еш нәрсеге татымсыз. Ғылымға құштарлық Ұлекеңді ұстаздық қызметпен қатар, ғылыми сара жолдан айырған жоқ. Мектеп мұғалімінен ұлағатты ұстазға айналған Ұлжан Нахатқызы – бүгінде ғибратты ғалым.

1988-1990 жылдары әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасында аспирант болды. Профессор Ханғали Сүйіншәлиевтің жетекшілігімен филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ақындық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен доцент, профессор атағы берілді. Саладағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, Сырттай білім беру және қайта мамандандыру институтының педагогикалық мамандықтар бойынша деканы болып, жоғары оқу орнындағы білім мен тәрбие процестерін ұйымдастыру және жетілдіруде үлкен жетістіктерге жетті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен 2007 жылы Ұ.Жаңбыршиеваға «Қазақ әдебиеті және журналистика» кафедрасының академиялық профессоры атағы берілді. Ол – 12 оқу-әдістемелік құрал, 2 монография, 4 әдеби-зерттеу еңбек, 250-ден астам ғылыми мақаланың авторы. «Қорқыт ата атындағы Алтын медаль» иегері. «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.

Марапат та, мақтау да, алғыс та бір басына жетерлік. Бұл – еңбектің жемісі және оның бағалануы. Ұлекеңді алаңдататын жағдайлар қаншама? Қара орманының иесі, арқасүйер бәйтерегі Бақытжан бауырымызды Алла өз құзырына алды. Ауыр қайғы. Ол аз болғандай кеше ғана бірге жүрген замандастары, жақын құрбылары Сара Тамшыбайқызы, Рахия Мансұрқызы, Гүлшат Салыққызы бірінің артынан бірі бұл пәниден өтті. Қатары сиреді, көңілдің хошы азая бастады. Бақыттың мәні – парасаттылықта. Ұлжан Нахатқызы қайғы келсе де, қуаныш келсе де сабырмен қарсы алды, ақылға салды. Тағдырдың дегеніне көнді. Нағыз достар, шын жанашыр адамдар осындай тұста оған қолдау танытты.

Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насырдың Отырарда танысқан ғашығы Бану Шам қаласы билеушісінің қызы болатын. Әбу Насыр екеуі бірін-бірі шексіз жақсы көреді. Бану дәстүр бойынша Шам шаһарының атақты бекзадаларының бірімен тұрмыс құрады. Күйеуін Африкадан әкелінген құлдар өлтіреді. Соңыра, қиын-қыстау сәтте олар кездеседі. Бану бегім Шамнан Әбу Насырды шығарып салып тұрып, қарамағындағы Хасан батырға ұстазға қорғаушы болуды бұйырыпты. «Егер дұшпан ұстазға қару жұмсаса, сен оған қалқан бол. Егер соқыр болып қалар күн болса, қолынан жетелеп жүр, ол бұйырса, басыбайлы құл бол!» депті. Үлгісін көңіліме қыстатқан, ұлағаты мол тұлғалардың жалғасы, аяулы ұстазым Ұлекеңді маған ешкім тапсырмаса да, Бану бегімнің Хасанға айтқанындай, уәжін орындауға тырысып келемін. Бұлайша ұстазға қызмет ету құлдық емес, адамдық борышым екенін түсінемін.

Оның ғұмырында шәкірттері тебірене айтатын, жыр ғып төгетін мағыналы, мәнді өмір өткелдері қаншама?! Өзінің ісін білетін, еңбекқор адамның ел сүйіндірер қасиеті – оның азаматтығында, әділдігінде, іскерлігінде. Жақсының қадірін тірісінде бағаламасақ, адамдығын айтып, мақтамасақ, мақтанбасақ адамдықтан не пайда?!

Біздің ұстаздарымыз марқұм Әуелбек Қоңыратбаев, Әли Байжолұлы, Әніс Жақыпұлы, Нұртай Нұржанұлы, Молдаш Дастанұлы, Медеуәлі Себепұлы, Әбжаппар Әблақұлы, Қомшабай Сүйенішұлы, Темірхан Сақаұлы бұл пәниге ұстаз болып келіп, сол атқа лайық болып кеткен жайсаңдар еді. Бұл ардақтылар Ұлекеңнің де ұстаздары болатын. Қатқыл, соқпағы қиын жолда қате баспайтын кездер болмай қоймайды. Жолбарыс та өзінің жемтігіне бірінші секіргенде жетпей, екінші секіргенде асып түсіп, үшінші секіргенде дәл түседі екен. Алабұртқан қайран жастық шақ! Адам білмегендіктен адаспайды, білгішсінемін деп адасады. Кейде текетіресіп, пендешілікпен менбілемге салынып, дауласатын, жөнсіз әрекеттерімізді дұрысқа санап, мінез көрсететін кездер де болып жатты. Ондайда ұстазым ақылға салып, айғайласпай, кектенбей, сенімен болсын ісім дегенге салмай жұмыс барысында кеткен қателіктерімізді кешіре білді. Жақсылығымызды, жетістігімізді ғана көрді.

Үнемі тынымсыз еңбекте, ізденісте, оқуда жүретін адамның өз ортасының деңгейінен биік болатыны анық. Оның жұмыстан басқаны ойлауға уақыты да болмады. Артық дүние жинап, сарсылмады да. Отбасының бақытын, немерелерінің жақсы азамат болуын қалаған Ұлекең қалған уақытын соған арнады. Бойындағы ізгі қасиеттер әкенің қаны, анасының ақ сүтімен келген жақсы мінез-құлық нышандары болса керек.

Ұлжан Нахатқызы қазақ әдебиеттану ғылымында Сыр сүлейлері және Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мұраларын зерттеушілердің алдыңғы қатарында келеді. Тұрмағамбеттануда «Талжібектей таза сөздің тарланы» зерттеу еңбегі, «Т.Ізтілеуовтің әдеби мұрасы» монографиясы, 200-ден астам ғылыми-танымдық мақаласы жарық көрді. Қазіргі күні де ірі ғылыми жобалармен жұмыс атқарып, жемісін көріп келеді.

Бүгінгі жаңарған қоғамға өз бетінше дербес, сыни тұрғыдан ойлайтын, өзекті мәселелерді көтере алатын, кәсіби міндеттерді оңтайлы шеше алатын жаңа тұрпатты ұстаз қажет. Ұлекең Тәуелсіз Қазақстан жастарын тәрбиелеу бағытына көңіл бөліп, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен танылуда. Былтыр профессор Ұ.Жаңбыршиева атындағы кабинет ашылды. Сыртынан қарай қалсаң шәкірттерімен өз бақшасында демалып отырған бағбанға ұқсайды. Бұл да – бір бақыт.

Жетпістің белесін бағындырған ақбұрым жасыңыз құтты болсын! Шығармашылығы кемелденген кезеңде әлі де берері мол ұлағатты ұстазға зор денсаулық, шекіз бақытқа кенеле беруін тілейміз.

Айман АЙТБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры,

 филология ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<