Әуе компаниясының айнасы

614

0

Бортсерік – әлемдегі мәртебелі мамандықтардың бірі. Ол ұшақ бортындағы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дүниежүзілік стандарттарға сай үздік қызмет көрсетуге жауапты.

Осы салада 11 жылдан астам қызмет етіп келетін Шиелі ауданы Еңбекші ауылының тумасы Ақбілек Жүсіпова – «Air Astana» компаниясының аға бортсерігі. Ол 2008 жылы Алматыдағы шет тілдер және іскерлік карьера университетіне түседі. Оқуын өте жақсы оқып, туризм мамандығы бойынша қызыл диплом иегері атанды. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, өз саласы бойынша жұмыс жасауды қалайды.  Аз уақыт турагенттікте жұмыс істеп, кейін «Air Astana» бортсерік болғысы келетіндерді іздестіріп жатқанын естиді. Бағын сынап, әуе компаниясының ресми сайтына түйіндеме жібереді.  Небәрі бір аптадан соң хабарласып, ертеңіне сұхбатқа шақырту алады. Бірнеше кезеңнен тұратын әңгімелесуден сәтті өтіп, екі күннен соң жұмысқа қабылданады. 

Бүгінде бортсерік болуды армандайтын жастар көп. Ақбілек бұл мамандыққа бәсекелестік те жоғарылай түскенін айтады.

–    Басты талап – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білу. Қыз балалардың бойы 165 см-ден, ер балалардың бойы 170 см-ден жоғары болуы қажет. ҚР азаматтығы және дененің көрінетін жерінде сурет, үлкен тыртық болмауы тиіс. Сонымен қатар жүзе білуі керек. Жалпы сұхбат бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – қысқа сұхбат. Сізбен танысып, қай жерде оқығаныңызды, жұмыс тәжірибеңізді сұрайды. Екінші кезең – қазақ, ағылшын тілдерінде тест тапсыру. Үшінші – командалық ойын. Алты-жеті үміткер бір топ болып берілген тапсырманы орындап, шешімін табады. Төртінші кезең – рөлдік ойын, ал соңғысы – шешуші сұхбат. Өзіңіз жайлы тереңірек айтып, жеке тәжірибелеріңізді ортаға саласыз. Сұхбат үш тілде болады. Басқа да тілдерді білу артық етпейді. Сәтті өткен соң денсаулығыңызды толықтай тексереді. Кейін екі айлық тренингке жібереді. Оқу барысында жолаушыларды эвакуациялау, алғашқы медициналық көмек беріп, жайлы қызмет көрсетуді үйретеді. Бір аптаға Германияға практикалық емтихан тапсыруға жібереді. Ол жақта бәрін жақсы өтсеңіз, сізге бортсерік деген ресми сертификат береді. Оқу барысында көп ақпаратты есте сақтап, оларды жаттап, аса үлкен  жауапкершілікпен қарау керек. Себебі, бортсерік –  адамның қауіпсіздігіне жауап беретін, қиын жағдайда көмек көрсететін маман, – дейді ол.

Оның әр күні қызықты оқиғаларға толы. Бүгінде тәжірибелі маман атанып,  өзінің біліктілігін дәлелдеген Ақбілек әлемнің түкпір-түкпірін еркін шарлап жүр. ТМД мемлекеттерінің бәрінде болып, Еуропа елдерін таныды. Алыстағы ауылдан шығып, арманына адаспай жеткен қарапайым қазақ қызының бағындырар белесі әлі көп.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА, 

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<