Байқоңырдағы балабақша

889

0

Жас ұрпақтың тәрбиесі балабақшадан басталады. Біздің өңірде де баланы жастай жақсыға үйретіп, мектепке дайындайтын орталықтар бар. Солардың бірі – Байқоңыр қаласындағы  «Бал балапан» бөбекжай балабақшасы. Ерте тұрып жұмысына асығатын ата-аналар үшін Байқоңырдағы бөбекжайдың пайдасы орасан болып тұр. Себебі бұл жақта қазақ тілді балабақшаға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді.

Балабақша сенімгерлік басқару негізінде ашылған. О баста мектеп ғимараты болған нысан Ресей үкіметінің баланысында еді,  Қазақстанның меншігіне өткен соң тендерге түседі. Балабақшаның құрылтайшысы Индира Кеңшілікқызы 2018 жылы №277 мектепті өзінің сенімгерлік басқаруына алады. Кәсіпкер ғимаратқа толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балабақша ашуды жөн санайды. Талапқа сай тәрбие, білім беруге жағдай жасалған білім ошағы 280 балаға арналған.

− Мен алған кездегі мектептің жағдайы өте нашар болды. Ресей үкіметінен Қазақстанға өткізгенге дейін 3 жыл тұрып қалған. Бүкіл жылу мен су құбырлары жарылған, қабырға сылағы түскен. Қаражат болмаған соң, үйімді банкке кепілге қойып, несие алып, жұмысшы бригада жалдадым.  Бірінші қабатын түгел күрделі жөндеуден өткіздім. Аулаға балалар ойнайтын алаң, беседкалар жасалды. Қазір 7 топта  150 бала бар, − дейді балабақша құрылтайшысы.

Еңбек жолын мұғалім болудан бастаған Индира Кеңшілікқызы кәсіпкерлік саласына  өзінің жүрек қалауымен келген. Бизнес ашудың оңай емес екенін білсе де, біліктілігі мен білімін бала тәрбиесіне арнауды жөн санайды. Оның айтуынша, кәсіп бастағанда бірден  пайдаға емес  нәтижеге, сапаға жұмыс жасау керек.

− Балабақша ашпас бұрын 3 жыл іздендім. Соның өзінде түрлі қиындықтар болды. Бірақ берілмеуге тырыстым. Өйткені бұл істі жүрегім қалады. Өзімнің бойымдағы Алла берген талантты ел болашағына жұмсағым келді, пайда көру мақсат емес, жұмыс істесем деген құлшыныс болды. Меніңше, жұмыстың тең жартысы осы құлшыныстың арқасында іске асады. Әрине, кемшіліктер, қателіктер болады. Бірақ сол қателіктерден сабақ алып, әрі қарай жылжу қажет, − дейді ол.

Балабақша ашу тек ғимаратты жөндеуден өткізуден ғана тұрмайтынын ескерсек, жаңа ортаға бала, оларға тәлім-тәрбие беретін білікті команда жинақтаудың өзі үлкен еңбекті талап етеді. Бұл тұрғыда  кәсіпкер өзінің тәжірибесі мен сенімділігінің арқасында мықты  ұжым  құрғанын  баса айтады.

−   Бұл бизнестегі басты жетістігім – менің командам. Кадр таңдау жағы қиын болды. Өйткені бала тәрбиесі атүсті қарайтын дүние емес. Әр балаға қазақы тәрбие беріп, оларға мейіріммен қарап, елін, жерін сүюге тәрбиелеу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Оған қоса Байқоңыр Ресей үкіметіне жалға берілгендіктен ресейлік балабақшалармен бәсекелес болу да оңай шаруа болмады. Соған сәйкес нарықты, халықтың әл-ауқатын зерттедім. Бала жинақтау барысында көшелерге жарнамалар жапсырып, әлеуметтік желілерден тараттық. Нәтиже жаман емес. Бізге сеніп ата-аналар балаларын әкелді. Бұл саладағы ең басты жетістік – ата-ана сенімі, − дейді Индира Кеңшілікқызы.

Бүгінде кәсіпкер 30 қызметкерді жұмыспен қамтыған. Мемлекет тарапынан да түрлі қолдау алуда. Мәселен, 2018 жылы 1 млн 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтса, қазіргі уақытта субсидия алып отыр. Балабақша жабдықтармен толық қамтылған. Баланың дамуы үшін логопед, музыка, табиғат, ертегілер елі кабинеттері, спорт, хореография залы жұмыс жасап тұр. Алдағы уақытта ол кәсібін кеңейтіп, өрістетуді жоспарлауда.

−   Қазір Қазақстанда туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан да орталықты кеңейту ойда бар. Бізде екінші қабат бос тұр. Соны күрделі жөндеуден өткізіп, 120 бала қабылдауды ойластырып отырмыз. Қалай десек те ата-аналарға да, балаларға да жақсы әсер қалдыру үшін жұмыс істейміз. Біздің алғашқы тәрбиеленушілеріміздің алды биыл 1-сыныпқа барады. Уақыт не деген жүйрік десеңізші?! Оларға қарап сүйсінемін, − дейді.

Отбасымен қатар шағын орталықтың жұмысын жолға қойған ардақты жанның талпынысы биікке шығарарына сенім мол. «Бақыт балалы үйге қонады» деп білетін кейіпкеріміз осылайша байқоңырлықтардың тек алғысын арқалап жүр.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<