Құстар, құстар сызылтып ән салады…

410

0

сурет ашық дереккөзден

Адамзат баласы табиғатпен тікелей байланыста. Табиғат-ана дейтініміз де содан. Алайда ашкөздігі мен санасын билеген тұрмыстың салдарынан тіршілік иелеріне түрлі зиян келтіретін де – адам. Қоршаған орта мен тіршілік иелерін қорғау – алты жасар баладан алпыстағы қартқа дейін әрбір адамға парыз.

1 сәуір – Халықаралық құстарды қорғау күніне орай өңірдегі құстар жайында сөз өрбітейік.

– Құстардың адам өміріндегі, табиғаттағы ерекшелігі мен қасиеттерін білген адамзат 1868 жылы Австрияның Венасында алғаш рет құстарды қорғау туралы ресми шешім қабылдаған. Халықаралық «Қызыл кітапқа» құстардың 209 түрі мен 83 түр тармағы енсе, елімізде 56 түрі енгізілген.

Сырдың сол жағалауындағы тың жерлердің ауыл шаруашылығына игерілуі, Жаңақорған, Қызылорда, Қазалы массивтерінің пайда болуы көптеген түз жануарының өміріндегі биологиялық ырғақты бұзды. Суды ауыл шаруашылығында есепсіз пайдалану тапшылыққа әкеп тіреді. Көптеген тоғай кесіліп, өртеніп, ондағы құстар, жан-жануарлар мекенін солтүстікке, «Қызылқұмға» қарай жылжытуға мәжбүр болды. Әсіресе, су құстары айдындардың тартылуына байланысты Ақтөбе облысына, Торғай өңіріне қарай қоныстана бастады. Өңірдің жануарлар әлемі жұтаңдап кетті, олардың көбісі қорғауды, көбейтуді қажет етеді. Тіпті біразы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді. Соның ішінде құстардан алакөз сүңгуір, жыланжегіш қыран, дала қыраны, қарақұс, бүркіт, аққұйрықты субүркіт, жорға дуадақ, қарабауыр бұлдырық, ақбауыр бұлдырық, қылқұйрық бұлдырық, қоңыр кептер, үкі, қызғылт бірқазан, бұйра бірқазан, сары құтан, кіші аққұтан, қалбағай, қарабай, қара ләйлек, сұңқылдақ аққу, дуадақ, ителгі, ақтырна, ақбастырна аталған тізімге енген.

1997-2005, 2007-2014 жылдар аралығында жүргізілген бақылау бойынша Сырдарияның жағалауындағы және төменгі ағысындағы су айдындарында бұл өңірде сирек кездесетін құстар тіркелді. Олардың қатарында бірқазан, су құзғыны, құтан (ақ, сары), безгелдек, дуадақ бар. Ал қызғылт бірқазан, кіші аққұтан, сары құтан, мәрмәр шүрегей 80-жылдары ғана Қамыстыбас, Бөген, Телікөл көлдерінде кездескен болса, қазір бұлар туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тарихи күнделікке көз жүгіртсек, жалбағай соңғы рет 1986 жылы «Телікөл-Шиелі» каналдарының бойынан тіркелген. 1982 жылы Сарысу өзенінің төменгі ағысында «Злиха» метостанциясы маңында ләйлек құсы кездескен. Ол  – өңірге таңсық құс, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, географ-эколог ғалым Оразхан Айдаров.

Айта кетейік, облыс аумағында аң-құстың санағын жүргізіп отыратын 11 аңшылық шаруашылық пен 3 қорғалымды аумақ жұмыс істейді. Қанаттылардың қатарында субүркіт те соңғы 20 жыл ішінде сиреп кеткен. Ал дуадақ болса, шөл және шөлейт жердің өте сирек кездесетін құсына жатады. Жорға дуадақ Қаратау мен Сырдария аралығындағы жазықта, Қызылқұмда аздап кездеседі екен. 1989 жылы Қызылқұмда жорға дуадақтың көп екені анықталса, қазір өте сирек. Кейінгі жылдары Аралдың құрғап кетуіне байланысты жануарлар мен құстар мекенін солтүстікке, Торғай даласына қарай өзгертуде.

– Өңірде құстардың түрлері 319-дан 168-ге дейін азайды. Ұялайтын жерлердің азаюына байланысты Сырдария тұсында 38 түрі ғана қалған деген мәлімет те бар. Олардың өзі қорғауды қажет етеді. Көктем – құстардың ұя салып, жұмыртқалайтын кезі. Осы кезде оларды атуға тыйым салынады. Бірақ құсты қорғауда онымен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Олардың тыныштығын бұзбауды да ойластыру қажет. Өйткені күн жылысымен тоғай іші мен дария жағасындағы алқаптарда бау-бақшалыққа жер ашу жұмыстары басталады. Адамдардың іс-әрекетінің салдарынан тоғай ағаштары кесіледі, өрт болады. Міне, осыны қатаң бақылауға алу қажет, – дейді ғалым.

Ата-бабаларымыз ауа райын құстар арқылы ажырата білген. Тіпті табиғат апаттарын алдын ала ескертетін де құстар екен… Мұның сыры, тіршілік иесін қорғау идеяларының туындауы – қазақ халқының әлімсақтан, өте ертеден табиғатпен етене байланысып келуінде. Асан қайғы бабамыз Сыр бойына келгенде «Е, Сыр жағаң жар екен, әр бұтаның түбінде бір асым етің бар екен» деген екен. Сыр бойы тоғайының, өзен-көлінің аң-құсқа бай екенін осы суреттеуден-ақ көруге болады.

Қыста торғайлар ұясына мамық тасыса, күн кенеттен қатты суып кетеді. Қыстыгүні әтеш бір аяғын көтеріп тұрса, аяз басталады. Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса, аяз болады. Аязды күні қанатын желпінсе, аяз басылады, құстардың ерте келгені, көктемнің жылы болғаны, ұясын күн беткейге салса, жаз салқын болады, күзде төмен ұшса, қыс суық, жоғары ұшса, жылы болады. Құр, шіл қардың астына тығылса, ұзамай боран басталады деген болжам бар. Қырғауыл мазасызданып, қатты айқайласа, жер сілкінетін көрінеді. Қыста қаздар қаңқылдаса, күн жылиды, аяғын бауырына тығып жатса, суытады немесе боран ұйтқиды.

– Еліміздің оңтүстік астанасында жер сілкінісінің белгілері байқалғанын білеміз. Осы жер сілкіну нышандарын аң-құстардың мына мінездерінен аңғаруға болады. Жер сілкінетін кезде құстар қым-қиғаш ұшып-қонып, улап-шулап дәйексізденеді. Құмырсқа илеуінен безеді, ит қыңсылап, кейде мезгілсіз ұлып мазасызданады, мысық жер тырналап, мияулап үйден қашып шығуға тырысады. Жылан топтанып өзге жаққа көшеді, кесіртке өз мекенінен жедел қоныс аударады, атжалман мен тышқан інін тастап, топ-топ жиналып әбігерге түседі. Ерсілі-қарсылы жүгіріп, кейде өзара таласады, жылқы оқыранып, сиыр мөңіреп, қой маңырап, шошқа мен үй қояны безек қағып, тыным таппайды. Демек Табиғат-анамен түсінісетін құстардың өз тілі бар, – дейді эколог.

Дина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<