АЛА ДОПТЫ ТОРДАН КӨР, ЖЕҢІМПАЗДЫ ТӨРДЕН КӨР

260

0

 Бүгінде төрткүл дүние мұсылманның айт мерекесін күткені сияқты футболдан өтетін Әлем чемпионатының басталуын тағатсыз күтіп, сағат санап отыр.

Бүгін, 14-ші маусымда басталып, шілденің 15-не дейін Ресейде өтетін аладоп додасына әлемнің 32 құрама командасы қатысады.

Чемпион болу былай тұрсын, чем­пионатқа қатысудың өзі үш жыл бойғы тынымсыз өзара текетірестерден кейін ғана қол жететін бедел.  Мысалы, биылғы чемпионатқа Перу құрамасы 36 жыл үзілістен кейін ғана қатысқалы отыр. Сол секілді Египет – 28 жыл, Морокко 20 жыл бойы іріктеу сындарынан сүрініп келген. Египет демекші, биыл чемпионатта алғаш­қылардың бірі болып ойын көрсететін мысырлық құраманың сұрмергені Саллахтың саулығын бүкіл елі тілеп отыр. Соңғы жылдары Египет құрамасын өрге сүйреп келе жатқан Саллах осыдан біраз күн бұрын Чемпиондар лигасы ойынында жарақат алып қалған еді.

Енді чемпионат жайына қайта ауы­сайық. 32 команда әр топта 4 командадан 8 топқа бөлінеді. Топ құрамы жеребе бойынша қарастырылады.

Әр команда өз тобында бір айналымдық 3 ойыннан шығып, соңғы турдың ойындары бір күнде және бір уақытта өткізіледі. Әр жеңісіне команда 3 ұпай олжалайды, тең ойынға 1 ұпай, жеңілістің жағдайы белгілі. Топтың ішінен келесі кезеңге (плей-офф) үздік шыққан 2 команда, барлығы 16 құрама жолдама алады.

Биылғы чемпион команда 50 млн АҚШ долларын қоржынға салады.

Әлем бойынша Бразилия құрамасы осы атақты 5 рет жеңіп алған жалғыз команда. Егер, биыл Томас Мюллері, Морио Гомесі, Морко Ройсы бар Германия құрамасы  2014 жылғы жетістікті қайталап, чемпион болып жатса, онда атағы жөнінен Бразилиямен теңеседі.

Чемпионат Ресейдің 11 қаласында, 12 стадионда өткізгелі отыр. Бұл әлемдік спорт мерекесін ұйымдастыруға ресейліктер 20 млрд рубль ақша жұмсап отыр екен.  Қазіргі деректер бойынша, 1 млн-нан астам билет сатылған.

Жаһанды біріктіріп, жанкүйерге жан ләз­затын сыйлайтын мұндай мерекеден кім ақша аяп қалсын!

Чемпионаттың алғашқы ойыны бүгін Астана уақытымен 21-00-де Ресей мен Сауд Арабиясы командалары арасында өтеді.

Қазақстандықтар Әлем чемпионаты ойын­дарын «Qazaqstan» және «QAZPORT» теле­арналарынан тамашалайтын болады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<