Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қызылорда облысының даму мәселелері қаралды

296

0

Астана қаласында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мұнай-газ саласының дамуы, Байқоңыр қаласы мен су шаруашылығын дамыту, Солтүстік Арал жобасын іске асыру және жаңа Жылу электр орталығының құрылысы жайлы сұрақтар талқыланды.

Отырыста облыс әкімі Қ.Көшербаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Өңірдің өзекті мәселелерін және оларды шешу үшін орталық мемлекеттік органдардың көмегі қажеттігін айтты.

Аймақ басшысы аталған мәселелерді шешу мұнай өндіру көлемінің төмендеуінен болған зардаптарды жеңілдетіп қана қоймай, даму қарқынын арттыруға, яғни облыс халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәселелер 5 бөлімге бөлінді. Бірінші бөлім су шаруашылығы мәселелерін, соның ішінде Солтүстік Арал жобасын қамтиды.

«Жыл сайын Тоқтағұл және Қайраққұм су қоймаларында судың мол қоры болған кезде өңірдегі вегетациялық кезең су тапшылығы жағдайында өтеді. Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттерге тәуелділікті азайту үшін облыста жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарылмайтын 3 және одан да көп млрд.текше метр су тасқынын шоғырландыру көлемі бар 6 жобаны іске асыру жоспарланған», – деді аймақ басшысы.

6 жобаның ішінде ең маңыздысы – шоғырландыру көлемі 600 млн.текше метр «Күміскеткен» су қоймасын және шоғырландыру көлемі 1,5 млрд. текше метр «Қараөзек» ағысында су қоймасын салу болып табылады. Қызылорда су торабын қайта жаңарту және Көкарал бөгетіндегі дамбаны нығайту бойынша жедел шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды.

Екінші және үшінші бөлімдер мұнай – газ саласы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда, жаңа Жылу электр орталығы мен «Қызылорда-Жезқазған» автомагистралінің құрылысы мәселелерінен тұрды. Төртінші бөлім – «Байқоңыр» кешенінің мәселелері.

Қазіргі таңда Байқоңыр қаласының ерекше мәртебесі мен режимділігі жаңа жұмыс орындарын ашуда бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Сонымен қатар, кәсіпкерлік белсенділік коммуналдық қызметтер тарифтерінің жоғары деңгейін, сондай-ақ, қазіргі салық режимін тежейді. Бұл жерде кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасының тиімділігін көрсеткен жұмыс жоқ. Сонымен бірге, Ресей жалға алған кезден бері қалада жаңа тұрғынүй салынбаған, қолданыстағы тұрғынүй қоры, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары және инженерлік коммуникациялар жаңғыртылмаған.

«Осы жағдайда Мемлекет басшысының жалға алу қатынастарынан «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалануға біртіндеп көшу жөніндегі тапсырмасына сәйкес арнайы үкіметаралық комиссия аясында ресейлік әріптестермен ғарыш айлағын және Байқоңыр қаласын дамыту мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылды», – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, Байқоңыр кешенін дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Мысалы, тараптардың ынтымақтастық Тұжырымдамасы қабылданды, үкіметаралық комиссия шеңберінде Үкіметтің қолдауымен проблемаларды шешудің нақты жолдары мен тетіктері анықталды, Төретам мен Ақай аумақтары және Байқоңыр қаласын дамытудың бас жоспары бекітілді, сондай-ақ, қаланы ұзақ мерзімді дамытудың бірлескен бағдарламасы қабылданды.

«Бірақ, белгіленген шараларды жүзеге асыру үшін қаржыландыру көздерін анықтау қажет, ал Қызылорда облысы бюджетінің базалық шығындарында Байқоңырды дамыту шығыны қарастырылмаған», – деді Қ.Көшербаев.

Осыған байланысты облыс басшылығы «Байқоңыр» кешеніндегі ұзақ мерзімді ынтымақтастық тұжырымдамасында, Байқоңыр қаласын дамытудың бас жоспарында, Төретам және Ақай іргелес елдімекендерімен көзделген іс-шараларды іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Атап айтқанда: Байқоңыр қаласын, Төретам және Ақай қаласын дамыту жөніндегі іс-шараларды жыл сайын «Байқоңыр»  ғарыш айлағын жалға алғаны үшін ҚР бюджетіне РФ төлейтін 20% баламалы көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету. Бұдан басқа, «Байқоңыр» кешенінің экономикасын әртараптандыру мен бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру туралы жеке келісімге қол қоюға бастамашылық жасау.

Күн тәртібінің қорытынды бөлімі денсаулық сақтау мәселелеріне арналды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Үкіметі мен облыс әкімдігіне 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік – экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<