Ауыл шаруашылығы экономиканың драйверіне айналуы тиіс

384

0

Ел экономикасын алға жылжытатын сала ретінде ауыл шаруашылығын әртараптандыруға ерекше назар аударылуда. Бұл салада негізгі кәсіп күрішпен қатар майлы дақылдар егуді көбейту қолға алынды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару көлемі де жыл өткен сайын артып келеді. Осы және Байқоңыр қаласын дамыту бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жыл жоспарын өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі өкілі, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов баяндады.

Кейінгі бірнеше жыл қатарынан күріштен өнім жинауда рекордтық көрсеткішке жеткен Сыр өңірінде мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Аймақта төрт түліктің саны артты. Ендігі мәселе – мал тұқымын асылдандыру. Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары Чехия мемлекетін үлгі етті. Онда малдың 90 проценті асылтұқымды. Өзге елдің тәжірибесіне сүйенген жергі­лікті мамандар бұл бастаманы бізде де жүзеге асыруға мүмкіндік бар дейді. Сондай-ақ, мал бордақылау алаңын дамыту да басты назарда. Қазалы, Сырдария аудандарында мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұрса, Шиелі ауданында құрылысы аяқталуға жақын. Тағы бір атап айтарлығы, ай­мағымызда ірі ет комби­наты биыл пайдалануға беріледі.

Егін шаруашылығы бой­ынша сырбойылықтар  кү­ріш­пен қатар  нарықта сұра­нысқа ие майлы дақыл­дарды егуге баса назар ау­да­руда. Өткен жылы өңір­ден 500 тонна мақсары майы Қытай нарығына шы­ға­рылған. Ауыл шаруашылығы өнім­дерін экс­порттау кө­лемі 27 процентке өсіп, өнім­нің 15 түрі сыртқы нарыққа шыққан.

– Ауыл шаруашылығы саласында мейлінше нарықта сұранысқа ие дақылдарды егуге мән берудеміз. Дегенмен, күріш көлемін азайтпаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұл салада су мәселесі назар аударуды қажет етеді. Осы мақсатта «Күміскеткен» су қоймасын салуға қажетті құжаттар әзірленуде және Қараөзек бойында 3 су тоспасын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, суармалы жер көлемін ұлғайту мәселесі бойынша арнайы жұмысшы тобы жұмыс істеуде.

Балық шаруашылығын дамытуда да нәтижелі жұмыс бар. Өткен жылы Ресейге шығарған балық көлемі  екі есеге өскен. Бұдан 5 жыл бұрын Аралда 4 балық өңдеу зауыты болса, бүгінде облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан астам 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды.

Байқоңырда еркін экономикалық аймақ құру – оң бастаманың бірі. Бұл қадам жұлдызды қалада кәсіпкерліктің дамуына жол ашпақ. Сонымен қатар тұрғын үйлерді жекешелендіру мәсе­лесі де басты назарда тұр.

Брифингте тұрмыстық қалдықтарды игеру, аудандарда кәріз жүйелерін іске қосудың өзекті мәселесі және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану жайы да қамтылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<